Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қасым-Жомарт Тоқаев: Алтын Орданың тарихы әлі де терең зерттеуді қажет етеді

Жарияланған күні:

Қасым-Жомарт Тоқаев
Фото: Ақорда

Атырауда "Ұлық Ұлыс – Алтын Орда" тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтуде. Айтулы шара барысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алтын Орданың тарихы әлі де терең зерттеуді қажет ететініне баса назар аударды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Бұл алқалы жиын Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейлі белесіне орай өткізілуде. Алтын Орданың тарихы қазіргі Қазақ мемлекеттігінің жылнамасымен тығыз байланысты. Әйгілі Жошы хан кесенесі мен Сарайшық қаласының Қазақстан аумағында орналасуы және шетел мұрағаттарынан көптеген жазба деректердің табылуы – осының айқын дәлелі.

Шын мәнінде, Алтын Орданың тарихы әлі де терең зерттеуді қажет етеді. Түрлі себептерге байланысты төл шежіреміздің осы бірнеше ғасырлық кезеңі назардан тыс қалды. Еліміз егемендігін алғаннан кейін ғана бұл олқылықтың орнын толтыруға жол ашылды", - деп сөзін бастады президент.

Мемлекет басшысы еліміздің тарихи санасын жаңғыртуға Елбасының бастамасы септік болған алға тартты.

"Елбасының бастамасымен қолға алынған ауқымды бағдарламалар жұртымыздың тарихи санасын жаңғыртуға зор үлес қосты. Санмың жылдық шежіреміздегі сабақтастық жалғасын тауып, ұлттық рухымыз биіктей түсті.

Біз Алтын Орда дәуірінен жеткен құнды жәдігерлерді дүние жүзіне танытып, оны туризм саласын дамыту үшін тиімді пайдалануымыз керек. Жайық жағасындағы және Ұлытау баурайындағы көне ескерткіштер мен заманауи кешендер бұған толық мүмкіндік береді.

Тарихын түгендеп, одан тағылым ала білген елдің тамыры берік болады. Алтын Орда көптеген бауырлас елдердің тағдырында да айрықша із қалдырған. Сондықтан, халықаралық ғылыми қауымдастықтың алдында ортақ шежіремізді бірлесе зерттеу міндеті тұр.

Бүгінгі басқосуда ғалымдарымыз тың деректер мен салмақты ой-пікірлерін ортаға салады деп сенемін", - деп қосты Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырып отырған Атырау облысы әкімдігіне арнайы алғыс айтып, мемлекет басшысымен мақұлданған бастамаларға тоқталып өтті.

"Алтын Орда" тақырыбын насихаттау бойынша бірқатар бастаманы Мемлекет басшысы мақұлдады. Оларды келесі жылдан бастап жүзеге асыруымыз қажет.

  • Бірінші, шетел архивтеріндегі Алтын Ордаға қатысты материалдарды іздеу жұмыстарын күшейту;
  • Екінші, республика аумағындағы Алтын Орда қалаларын қайта қалпына келтіріп, соның негізінде тарихи-материалдық кешен құру бойынша жоспар дайындау;
  • Үшінші, ғылыми монографиялардың шығуын пысықтау. Мысалы, «Жошы», «Берке», «Өзбек» хандар туралы;
  • Төртінші, "Ұлық Ұлыс" энциклопедиясының шығуын пысықтап, Википедиядағы Алтын Орда тақырыбына қатысты қазақ, орыс, ағылшын тіліндегі контентті жаңалау;
  • Бесінші, Ұлық Ұлыстың Жошыдан Кенесарыға дейінгі хандары туралы, Алтын Орданың рухани және материалдық мәдениеті, қалалары мен сауда саясаты жайлы деректі фильмдер сериясын шығару мәселесін пысықтау;
  • Алтыншы, алтынордалық эпостар желісімен балаларға арналған ертегілердің шығуын қамтамасыз ету;
  • Жетінші, Алтын Орда тақырыбы бойынша ашылған тың деректерді ескере отырып, мектеп және жоғарғы оқу орнындағы Қазақстан тарихы пәні бағдарламасының мазмұнын өзектендіру", - деді Дәурен Абаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1939397-qasym-zomart-toqaev-altyn-ordanyn-tarixy-ali-de-teren-zertteudi-qazet-etedi/