Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бірғаным Әйтімова парламенттен кеткен соң немен айналысып жүргенін айтты (видео)

Опубликовано:

Әйтімова
Видеодан кадр: Youtube/Қазақстан Қоғам

Ұзақ жылдар еліміздің үкіметі, парламенті мен шетелдердегі елшіліктерінде қызмет еткен Бірғаным Әйтімова "Әйел әлемі" бағдарламасының кейіпкері болды. "Qazaqstan Qogam / Қазақстан Қоғам" атты YouTube арнасына берген сұхбатында ол жеке өмірі мен қызығушылықтары жайлы сөз қозғады, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Бірғаным Әйтімовамен сұхбат астанадағы пәтерінде жазылған. Бағдарлама кейіпкерінің үйі отандық суретшілердің қылқаламынан шыққан картиналарға толы. Балаларының сөзінше, анасының үйі пәтер емес - мұражай.

Бағдарлама барысында Бірғаным Әйтімова өзінің жеке қызығушылықтары жөнінде де әңгімеледі. Ол 100-ден астам сәнді түйрегіштерін көрсетіп, кейбірінің тарихынан сыр шертті.

"Израильдің бұрынғы президенті Герцогтың жолдасы қайтыс болғанда мен сол елде елші болып істедім. Жерлеу рәсімінде мені алдыңғы қатарға отырғызды. Белгілі зергерден сатып алған түйрегішімді тағып барған едім, онда зәйтүн жапырағы бейнеленген. Бір кезде сол уақыттағы АҚШ президентінің жұбайы Хиллари Клинтон кіріп келді. Қарасам, қара костюмінің өңмеңінде тап сондай түйрегіш екен. Содан мен өз түйрегішімді ағытып алып, жан қалтама салып қойдым. Ана кісі көріп қалса ыңғайсызданбасын деген оймен", - дейді экс-сенатор сондай бір қызық оқиғаны есіне алып.

Сондай-ақ, оның коллекциясында БҰҰ-ның бұрынғы бас хатшысы Пан Ги Мунның жұбайы сыйға тартқан, Фариза Оңғарсынованың көзі тірісінде таққан, ақын қайтыс болған соң балалары сыйлаған сәнді түйрегіштері бар.

Бұрынғы үкімет мүшесі елорда төрінде орналасқан үйінің терезесінен күнделікті таңертең Елбасына, мемлекет басшысына, парламент палаталарының төрағалары мен үкімет басшысына алыстан сәлем беріп тұратынын жасырмады.

"Парламенттен кеткен соң, осы терезеде тұрып, елмен амандасуды әдетке айналдырдым. Президент мырза, сәлеметсіз бе, премьер мырза сәлеметсіз бе, Елбасы сәлеметсіз бе, астанам амансың ба деп күнде таңертең шығам", - дейді Бірғаным Әйтімова.

Бірғаным Сарықызы қандай қызметті атқарып келсе де, ешқайсысында ұялатын қылық танытпағанын алға тартады.

"Мен мемлекеттік, саяси жұмыстан кеткен кезде де айтқанмын. Әріптестеріммен қоштасқанда да айттым. Қандай жауапты жұмыс істесем де, бір күніме ұялмаймын. Мен бәріне ашық қарай аламын. Ешкімге де жамандық жасаған жоқпын. Бірақ тағы да жақсылықтар жасауға, нәтижелі жұмыстар жасауға болар еді", - дейді ол.

Бірғаным Әйтімова үлкен саясаттан кетсе де, қоғамдық жұмыстан қол үзбеген. Қазір ол сенат жанынан құрылған Сенаторлар кеңесінің төраға орынбасары.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1939880-birganym-aitimova-parlamentten-ketken-son-nemen-ainalysyp-zurgenin-aitty-video/