Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

«Оңай кәсіп емес»: Көпшілікке беймәлім флотатор мамандығы жайлы не білеміз

Опубликовано:

Гүлмира Шубаева
Фото: "Казахмыс" корпорациясы

Кен өндіру мен таза металл өндіру арасында маңызды байланыстырушы буын – бұл пайдалы қазбалардан өнеркәсіптік пайдалануға жарамды өнімдер жасайтын байыту фабрикасы. Аталмыш процесте біліктілігі жоғары мамандар – флотаторлар басты рөл атқарады. Бұл қандай мамандық, неліктен оны әйелдер бәрінен жақсы меңгеретіні туралы KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.

Гүлмира Шубаева – Жезқазған байыту фабрикасының флотаторы. Ол өндіріске университетті бітіріп, «Пайдалы қазбаларды байыту» мамандығын меңгергеннен кейін, осыдан 15 жыл бұрын келді. Гүлмираның айтуынша, ол алған білімін іс жүзінде қолданып, дипломын дәлелдеуге асыққан.

«Менің туған қалам – өмір сүру салты өндіріспен тығыз байланысты Жезқазған қаласы. Ата-анам «Қазақмыс» корпорациясында ұзақ жылдар жұмыс істеп, осы жерден зейнеткерлікке шықты. Жас кезімнен-ақ солардың ізін қууға бел будым. Зауытқа жұмысқа кіріскен кездегі алғашқы үш ауысымда қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқаулықтарды оқумен болдым. Біраз уақыттан кейін маған барлығын үйретіп, жұмыс процесіне кірістіріп, құрал-жабдықтармен таныстырып, дағдылануға көмектескен тәлімгер тағайындалды. Бір айдың ішінде емтиханнан өтіп, өздігімнен жұмыс істей бастадым», - дейді маман.

Гүлмира айтып өткендей, флотатор оңай кәсіп емес, сонымен қатар, ол ұқыптылықты, елгезектік пен мұқияттылықты талап ететін қызықты мамандық. Оның айтуынша, бұл жұмысқа әйелдерді жиі қабылдайды, дегенмен, мұнда дене күші де қажет. Бұл тұрғыда да нәзік жандылар ер азаматтардан еш кем түспей, кейбір жағынан тіпті басымдық танытады, дейді ол. Айта кететін жайт, Гүлмираның ұжымында жұмыс істейтіндердің 50%-ы әйелдер. Және олардың барлығы өз жұмысын тамаша орындайды.

«Бізге шахтадан алдымен уақталған кен түседі – минералдардың өсінділерін ашу үшін кеннің кесектері кішірейтіледі. Артынша ұнтақтау процесі жүреді, содан кейін кенді флотациялауға бізге жібереді. Әрі қарай флотатор минералдарды бөліп алу үшін мыс кенін көбікпен флотациялау арқылы байытады», - деп ЖБФ жұмысшысы процесті сипаттайды.
Гүлмира Шубаева
Фото: "Казахмыс" корпорациясы

Флотатор күн ұзаққа аяқтан тік тұрып жұмыс істейді, флотациялық машиналар арасымен қозғалады және байыту процесін реттейді. Маманның негізгі міндеті - жабдықтың жұмысын бақылау.

«Біз флотация қойыртпағына флотациялық реагенттерді қосамыз, бұл ауа көпіршіктерінің минералды металл бөлшектеріне тезірек жабысуына көмектесетін химиялық заттар. Біз минералдардың бетін қалыптастыратын гидрофобты – яғни суланбайтын реагенттерді: ксантат, натрий сульфиді, мотор майы және т.б пайдаланамыз. Дәл осы минералдар ауа көпіршіктеріне жабысып, қойыртпақтың бетіне қалқып шығып, көбік қабатын құрайды, және ол қалақты көбікжойғыш арқылы таратылады», - деп түсіндіреді Гүлмира Шубаева.

15 жыл еңбек еткен уақытында ол осы мамандықты таңдағанына ешқашан өкінген емес. Өндіріс қызметкерлері әулетінің өкілі өз орнын тапқанына жүз пайыз сенімді. Гүлмираның ойынша, жақсы ұжымға қосылу – үлкен сәттілік, себебі бұл кез келген жұмыста басты факторлардың бірі болып табылады.

«Бізде ұжымымыз үлкен – ауысымда 40 шақты адам бар. Бұл тек флотаторлар ғана емес, сонымен қатар, конвейер машинистері, бригадирлер, электриктер, диірменшілер, баптаушылар, кезекші слесарьлар және т.б. Ұжымымыз тату әрі ұйымшыл – бір-бірімізден көмегімізді аямаймыз. Сонымен қатар, біздің кәсіподақ жұмысшы кәсіп өкілдері арасында жарыстар өткізіп тұрады және біздің цех жұмысшылары бірнеше рет жүлделі орындарға ие болды, оның ішінде мен де бармын», - дейді флотатор.

Гүлмира бос уақытында жаттығу залына барады, нан пісіреді, ата-анасымен бірге уақыт өткізгенді, табиғатқа шыққанды ұнатады. Ол өз ісімен шын жүректен мақтанатынын, жас мамандарға жақсы тәлімгер болуды армандайтынын айтады.

«Егер менен кімде-кім фабрикада флотатор болып жұмыс істеу соған тұрарлық па деп сұраса, ойланбастан ең лайықты жұмыс деп жауап берер едім. Болашақта балаларым менің ізімді қуғысы келсе, оларды міндетті түрде қолдаймын. Мен өз еңбегімді лайықты деп санаймын – біз мыс өндіреміз, мыс өндірістің барлық саласында, күнделікті өмірімізде қолданылады. Біз өз еңбегімізбен адамзаттың дамуына үлес қосамыз», - деп түйіндеді Жезқазған байыту комбинатының флотаторы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1942568-onai-kasip-emes-kopsilikke-beimalim-flotator-mamandygy-zaily-ne-bilemiz/

pixel