Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Нұрсұлтан Назарбаев: Әлем ядролық соғыстың алдында тұр

Опубликовано:

Нұрсұлтан Назарбаев
Видеодан кадр: Qazaqstan телеарнасы

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев "Астана Клуб 2021" отырысына қатысып, қазіргі заманның сын-қатерлері туралы айтты, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Нұрсұлтан Назарбаев соңғы жылдары әлемде жағдайдың күрт нашарлап бара жатқанын айтты. Оның сөзінше, басты қатер - коронавирус пандемиясы.

"Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, қазіргі таңда әлемде ауру жұқтырған адамдар саны 250 миллионнан асты, 5 млн астам адамнан айырылдық. Жаһандық қоғамдастық әзірше вирустың таралуын тізгіндей алмай отыр", - деді Елбасы.

Оның сөзінше, ірі әлемдік державалардың текетіресі де теріс фактор болып отыр. Ол әсіресе АҚШ пен Қытай күштік құрылымдарын көбейтіп отырған Тайвань төңірегіндегі ахуалға, Ресей мен Еуропа елдері арасындағы геосаяси шиеленіс пен Украина төңірегіндегі қақтығыстардың жалғасуына алаңдаушылық білдірді.

"Ядролық стратегиялық тұрақтылық аймағындағы жағдай өте қиын күйінде қалып отыр. Ядролық қаруды бақылаудың жаһандық жүйесі күйреді. Осы жылдың басында "ақырзаман сағаты" деп аталатын уақыт түн ортасына жүз секунд қалғанда орнатылған болатын. Бұл, шын мәнінде, әлем қазірдің өзінде ядролық соғыстың алдында тұрғанын білдіреді", - деді Назарбаев.

Сондай-ақ ол Ауғанстандағы ахуал да көпті алаңдататынын атап өтті. Елбасының сөзінше, Ауғанстан келешекте ауқымды гуманитарлық апатпен бетпе-бет келуі мүмкін.

БҰҰ мәліметінше, 23 млн адам немесе ауған халқының жартысынан көбі азық-түлік жетіспеушілігінің зардабын тартуы ықтимал. Бұл босқындардың жаңа толқынына түрткі болмақ.

Қазақстанның Тұңғыш президенті әлемдегі қазіргі дағдарыстық жағдай Еуразия кеңістігіндегі ынтымақтастықтың жаңа тәсілдерін әзірлеуді талап ететінін мәлімдеді. Атап айтқанда, ол Үлкен Еуразияда диалог пен сенім институтын нығайту қажет екенін айтты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1942665-nursultan-nazarbaev-alem-yadrolyq-sogystyn-aldynda-tur/

pixel