Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

1993-1994 жылдары елдегі әлеуметтік жағдай қандай болды

Опубликовано:

Сыр бойы
Фото: syrboyi.kz

1993-1994 жылдардағы елдегі әлеуметтік жағдай, сол кезеңдердегі саяси-экономикалық тұрғыдағы шешімдер, әсіресе, елдің негізгі тіршілік тынысы – ауыл шаруашылығы саласы бойынша қабылданған алғашқы қадамдар жайлы сол жылдары «Сыр бойы» газетінде көтерілген тақырыптарға шолуды отандық журналист Ғазиза Әбілда syrboyi.kz сайтында назарға ұсынды.

1993 жылдың 2 қазанындағы газетте облыс әкімі С.Шаухамановтың «Облыс өнеркәсібінің жайы және оны дамытудың болашағы туралы»  баяндамасы жарияланған.

«Нарық экономикасына көшу барысында облыс индустриясын жоғары қарқынмен дамытудың біртұтас ұзақмерзімдік бағдарламасын қолға алуға міндеттіміз. Біз үшін бұдан өзге жол да, басқа амал-әдіс те жоқ», - деп келтіреді баяндамада.

Сонымен қатар, облыс әкімі болашаққа бағытталған толассыз жұмыстарды тоқыратып алмай, уақыт сынына төтеп беріп,  қалыптасқан ахуалға бейімделудің маңызды екенін алға тартқан. Себебі, тауар көлемі өткен (1992) жылмен салыстырғанда 5 процентке азайып, кәсіпорындар 60 процент артта қалушылыққа жол берген. Халық тұтынатын тауарлар өндірісі анағұрлым қысқарып, тұтастай алғанда 14 процентті құраған. Баяндамада айтылғандай, бұл көрсеткішке республиканың құлдырау қарқынынан әлдеқайда төмен деп баға берілген.

Бұл мәліметті қарай отырып, облыс басшысының нақты қалыптасып отырған жағдайды жасырмай, ілгері басқан істермен қатар кемшіліктерді де атап көрсеткеніне көз жеткіздік. Себебі, оны жасырып қалу мәселені одан бетер ушықтыра түскен болар еді. Баяндаманың түйіні: нарықтың көшіне ілесу үшін, ең алдымен, ойлау жүйемізді уақыт талабына сай өзгертіп, әлемдік тәжірибелерден сабақ ала отырып, жұмысты ширата түсу міндетін қояды.

Осы жылғы облыстық қаржы басқармасының басшысы К.Шөкеновтің есепті баяндамасында:

«Биылғы жылы күшіне енетін қымбаттаушылық факторлары: өнімдердің бағасының өсуі, халық шаруашылығының барлық салаларының қызметкерлері үшін бірыңғай тарифтік торын енгізуге байланысты ең аз еңбекақының айына 2500 сомға дейін, стипендия, жәрдемақы мөлшерінің ұлғайтылуы ескерілді», - деп жазылған.

Жалпы облыс бюджеті (республикалық бюджеттен алынатан субвенцияны есептемегенде) 11998,5 млн сом болады деп жоспарланған.

Қоғамда, елімізде, өңірімізде орын алып жатқан өзгерістер мен нарықтық экономикаға көшудегі көптеген күрмеулі мәселелер туралы облыстық басылым өз оқырмандарын тұрақты хабардар етіп отырған. Оқырман демекші, сол 1993-1994 жылдары «Сыр бойы» газетінің таралымы 46231 дана екен. Газет редакторы – Әскербек Рахымбекұлы.

1993 жылы газеттің №139 санында «Ұлттық теңгеміз енгізілді немесе кейбір жайттарға түсініктеме» тақырыбында әріптесіміз Жолдасбек Ақсақалұлы төл теңгеміздің айналымға енгізілуімен қатар нарық экономикасының заңдылығы  бойынша  бағалардың шектеулі деңгейін ұстап тұру үкімет үшін оңайға соқпайтынын тарқатып түсіндірген. Осы мақалада айтылғандай, 1993 жылы үкіметтің арнайы қаулысына сәйкес халық үшін маңызды деген тауарлар мен қызмет түрлерінің бағалары және тарифтің шектеулі мөлшері бекітілген. Дәлірек айтқанда, үкімет негізгі азық-түлік және тұтыну тауарларының бағасын шектей отырып, халықтың тұрмыс деңгейінің тым құлдырап кетуінен сақтап қалу үшін осындай шара қабылдаған. Ал белгіленген бағаны өзгертуге ешкімнің құқы жоқ болатын. Оған жол берілген жағдайда қатаң шаралар қолданылатын.

Арал теңізінің тағдыры – тек Сыр өңірінің емес, әлем назарын бұрған проблема. Сол жылдары облыстық басылым бетінде жазушы Сайлаубай Жұбатырұлының «Тығырықтан шығар бір жол бар» тақырыбында көлемді мақаласы жарияланыпты. Онда автор сол жылдары жағалауынан алыстап кеткен теңізді құтқару үшін «Кіші Арал» жобасын жедел қолға алу жайында дабыл қағады.

«Сырдария тағы таси ма?» атты мақаланы көзіміз шалғанда көңілімізді мұң торлады. Иә, расында таяу жылдарға дейін көктем сайын «Сырдария тасиды» деп дүрлігетінбіз. Енді сол 1993 жылдың маусым айындағы өзен суының мөлшері жайлы мәліметке назар аударсақ, наурыз айының басында «Шардара» су қоймасынан төмен қарай секундына 650 текшеметр су жіберіліп, бұл жағдай Сырдария өзенінде сең жүру мерзіміне ұштасып, ауыл шаруашылығы жерлеріне айтарлықтай қауіп тудырғаны айтылады.

«Қазіргі таңда яғни, маусым айының 21 жұлдызында «Шардара» су қоймасына жоғарғы жақтан секундына 1000 текше метр су келіп, төмен қарай секундына 1100 текше метр су жіберіліп тұр. Төмен қарай жіберілген судың секундына 490 текше метрі «Қызылорда»  су торабына дейін егіндіктерге алынып, аталған су торабынан төмен қарай секундына 480 текше метр су ағып жатыр», - деп мәлімет берілген.

1993-1994 жылдар ел тәуелсіздігінің алғашқы бесжылдық кезеңін қамтиды. Осы кезеңде мемлекет тарапынан, ең алдымен, елдегі саяси-экономикалық жағдайды тұрақтандыру шаралары қабылданғаны белгілі. Дегенмен, іле-шала идеологиялық бағытымызды айқындау мәселесі күн тәртібіне шықты. Міне, осындай жауапты шақта облыстық басылымның көтерген жүгі мен атқарған қызметі орасан зор. Сөзімізді дәлелдеу үшін басылымның сарғайған беттерін одан әрі парақтайық.

Кеңес одағы тұсында тыйым салынған ұлтымыздың ұлық мерекесі – Наурыз тойы 90-жылдарға таяу ауыл-ауылдарда тойлана бастаған еді. Ал тәуелсіздік алғаннан кейін елімізде жыл сайын дәстүрлі түрде тойланатын мемлекеттік мерекеге айналып, халықпен қайта қауышты. Осы орайда басылымда жарияланған «Наурыз қандай мейрам?» атты мақала ұлттық мейрамның түпкі тарихынан қызықты әрі маңызды деректерді оқырман назарына ұсынады. Айталық, «Біздің елімізде Наурыз мейрамы 1926 жылға дейін аталып келді. Халқымыздың игі жақсылары Наурыз мейрамына ұлттық мереке ретінде мән беріп, кезінде құттықтау сөздерін арнап отырған. 1917 жылдың 22 наурызында Ахмет Байтұрсыновтың «Наурыз құтты болсын» деген мақаласы «Қазақ» газетінде жарияланған. Ал 1926 жылы «Жаңа мектеп» журналына Мағжан Жұмабаевтың «Наурыз», сондай-ақ, Орынбордан шығатын «Еңбекші қазақ» газетіне Сұлтанбек Қожановтың «Наурыз туралы» деген тақырыпта мақалалары берілген» деп жазады Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Сағат Боқанов.

«Туысқан түрік елінен қандастарымыз келіп жатыр. Ұлы көш басталды» деген мақала тәуелсіздіктің жемісін әйгілейді. Онда Нәби Тоқа және Рамазан Торбай есімді азаматтар атажұртқа жеткеніне тәубе деп, бауырластарына алғысын жаудырған.

Ұлттық құндылығымыздың бірі – айтыс өнері. Кешегі кеңестік кезеңде ақындар айтысы да халықтың санасынан алыстай бастаған еді. Егемендік алған соң құндылықтарымызды түгендеуге ешкім бөгет болмай, толғақты тақырыптар еркін жазыла бастады. Облыстық газет тілшісі, белгілі қаламгер Қази Данабаевтың «Хал қалай, айтыс ақындары?» деген тақырыпта «дөңгелек үстел» аясында жүргізген сұхбаты айтыстың  сыр-сипатынан хабардар етеді.

Сұхбатта М.Тұрсанов, З.Ибадуллаев, Н.Раманқұлов, С.Ыдырысов, Е.Әбдіхалықова сынды айтыс ақындары ұлттық өнердің туын, абыройын көтеріп жүрген айтыскерлердің әлеуметтік жағдайы назардан тыс қалмауын айтқан екен. Ал бүгінде айтыс аламаны сара жолын тауып, ел ішінен кешегі Сүйінбай, Жамбыл аталарымыздың ізін жалғаған мықты ақындарды әйгілеп шығарды. Соның бір ғана көрінісі – Сыр перзенті, айтулы ақын Мұхтар Ниязов «Айтыстың ақтаңгері» атанып, үш мәрте «Алтын домбыра» жүлдесін иеленді.

Одан бөлек, күнделікті өмір талабымен ұштасып жатқан ауылдың жайы, егін және мал шаруашылығы, жол-көлік мәселесі, білім, денсаулық, өзге де салалар жайлы басылым бетінде жарық көрген дүниелер сол кезеңнің көш қозғалысын еске салады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1942857-1993-1994-zyldary-eldegi-aleumettik-zagdai-qandai-boldy/

pixel