Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Отандық журналист 1993-1994 жылдары елде болған тарихи оқиғаларды еске алды

Опубликовано:

Сыр бойы
Фото: syrboyi.kz

1993-1994 жылдары елде болған тарихи оқиғаларды еске алған отандық журналист Жолдасбек Ақсақаловтың мақаласын syrboyi.kz сайты жария етті.

Өткен ғасырдың 80-жылдарының орта шенінде әлем тарихында күтпеген сілкіністерге толы оқиғалар болды. Кеңес империясында М.Горбачев бастаған саяси-экономикалық реформалардан демократияның жылы лебі ескенімен, оның соңы тұтас мемлекеттің іргесі сөгіліп, шаңырағы шайқалып, ақырында құлауына әкеп соқты.

Саяси бастамалар тығырыққа тірелді. Экономикада берекесіздік орнады. Дүкен сөрелері қаңырап бос қалды. Одақтас республикаларда ұлтаралық жанжал өрістеді. Кеңес халқы осындай сын сағаттың өзінде, яғни, 1991 жылдың наурыз айында жаңа тұрпаттағы одақты сақтап қалу жөнінде өткізілген референдумда оңды дауыс берді. Халықтың 70 проценті мемлекетті сақтап қалуды қолдады. Бірақ соңғы мүмкіндіктерін сарқа пайдаланған кеңестік элитаның консервативтік бағыттағы шағын тобы бұған қанағаттанбай, ГКЧП бүлігін ұйымдастырды. Бүлік жеңіліс тапты. Демократия үстемдік құрды. Осы оқиға Кеңес Одағының тарқау үдерісін барынша жылдамдатты.

Біз сол кездегі «Ленин жолының» жас буыны барлық әріптестеріміз секілді ғажайып оқиғалардың куәсі болдық. Тарих сахнасынан күллі әлемге өктемдігін жүргізген тұтас мемлекет сырғып кетті. Шын мәнінде, бұл тарихи оқиға еді.

Әлбетте, осының барлығы біз үшін эмоциялық сипаттағы қуаныш болғанын кейін түсіндік. Ешкім ешнәрсенің байыбына бара алмады. Сондықтан 70 жыл бойы кеңестік-лениндік-большевиктік идеологияның таптаурын саясатымен жүргізілген насихат құралдары ә дегеннен өзінің мазмұн-сипатын өзгерте алмады. Іштей қарсылық болды.

Әлі есімде, 1991 жылдың қараша айында орталық «Известия» газетінде «Жаңа жылдан  Ресей федерациясы (ол кезде кеңестік республика деп аталатын) нарыққа көшеді» деген шағын мақала жарияланды. Азды-көпті түсінігіміз бар, экономиканың бұл атауы капиталистік қоғамға ғана тән болатынын білетінмін. Бірақ қалың жұртшылық санасы оны қабылдамады. Бір қоғамның екінші қоғамға алмасуы ауыртпалықтарды, қиыншылықтарды, қарама-қайшылықтарды ала келетінін түсіндірудің қиындығын айтсаңызшы.

Жуырда сол жылдардың газет сандарын парақтадым. Сол кездің заман оқиғаларын көз алдыңа әкеледі. Нарықтың алғашқы жылы, әсіресе, ауыл шаруашылығына ауыр соққы тиді. Салаға еркін бағаның енгізілуін қалың жұртшылық қабылдай алмады. Бірақ осының барлығы қабылдамауға болмайтын өзгерістердің алғашқы белгілері еді.

1992 жылдың қаңтар айында газет тілшісі облыстық агроөнеркәсіп бірлестігінің төрағасы Мақсұт Әбдіразақовпен сұхбат жариялады. Сол сұхбатта бірлестік төрағасы Қызылорданың ет комбинатында 700 тонна ет қорданалып қалғанын, оның сұраныс таппай жатқанын мәлімдеді. Неліктен осылай болды? Осыдан бар болғаны алты ай бұрын дүкен сөрелерінен табылмайтын өнім енді тұтынушысын таппай жатыр. Бұл сауалдың астарын алыстан іздеудің қажеті жоқ. Уақыт өзгерді. Енді бұрын мемлекеттің шектеулі бағасымен сатылып келген ет тұтынушыға еркін, яғни, нарықтық бағамен сатылады.

Төраға жағдайдың ушығып тұрғанын былайша сипаттайды. Етті комбинатта осы бағамен ұстап тұру тиімсіз. Өйткені бағаны сұраныс пен ұсыныс реттейтін болғандықтан, оны біршама төмендету қажет сияқты. Алайда төраға тағы бір қиындықтың ұштығын сездірді. Қымбатқа түскен өнімді арзан бағаға берген жағдайда сала кәсіпорны шығынға отырады. Шығынды бюджет жабуы керек.

Осы сұхбаттан ұққанымыз, сол Кеңес Одағы тараған 1992 жылы тұтыну нарығында өте қауырт жағдай қалыптасты. Жылдар бойы ет комбинатына малын сойысқа өткізіп келген шаруашылықтар жаңа жылдан бастап еркін баға ұсынды. Бірақ сол еркін бағамен өнімді сатып алуға халық дайын болмай шықты. Қарама-қайшылықтың сыры мынада еді. Шектеулі мемлекет бағасына үйренген халықтың қолында еркін бағамен өнім сатып алатындай жағдай болған жоқ. Дұрысы, олардың қалтасы көтермейтін.

Агроөнеркәсіп саласының төрағасы сұхбатта базардағы нарық біздің сатып алу қабілетімізді айқындайтынын, ал оны сұраныс пен ұсыныс реттейтінін айтты. Сол заманның ерекшелігі, бағаның неден, қалай қалыптасатыны әлі де беймәлім. Тілші төрағаға «халыққа сатылатын еттің бағасы неліктен 50 рубль, бұл баға қайдан шыққан, неге негізделген?» деген сауал тастайды.

Төраға шаруашылықтан сатып алынатын сиыр етінің әрбір кезеңі бойынша бағасы өзгеріп, оның соңғы құны қалыптасатынын айтады. Бірінен біріне өткен тізбек бойынша баға көтеріле береді. Ет комбинатынан «мясомолторгке» дейін, одан әрі сауда бірлестігіне, кейін дүкен сөресіне, осылайша тұтынушыға жеткенше қолдан- қолға өтеді. Баға өсудің сыры осында. Ал осындай тізбекті қысқартуға бола ма? Сол кездің мазмұн-сипатынан болар, сауалдың жауабы күрделі. Қысқасы, ешкім дайын несібеден айырылғысы келмейді. Әлгі өндірістік-технологиялық тізбекті қысқарту – жұмыссыздықты туғызады. Ал бұл – әлеуметтік сипаттағы мемлекет үшін апат!

Сұхбат барысында біз сол уақыттың ауыр сипатын көз алдымызға әкелгендей болдық. Бұл жалғыз Қазақстандағы ғана емес, бүкіл ТМД елдерінде ортақ жағдай болатын. Сол жылы Қазақстан президенті өнеркәсіп пен ауылшаруашылық кәсіпорындарының рентабельділігін барлығына ортақ – 50 процент деңгейінен асырмау жөнінде ұсыныс айтты. Себебі сол уақытта ауыл шаруашылығы өндірісінің  техника бағасы мен мал өнімдері бағасының арасында жер мен көктей айырмашылық қалыптасқан еді. Біз сұхбат алған уақытта облыста ірі қара өсіретін 88 шаруашылықтың 47-сі, қой шаруашылығымен айналысатын 67 шаруашылықтың жартысынан астамы шығынмен жұмыс істейді екен. Тілші «біз ендігі жерде нарыққа бет бұрдық, алдағы ахуалымыз қандай болады?» деген сауалды алға тартады.

Ұзақ жылдар бойы шаруашылық басқарған маман бұл сауалға барлығы жалқаулықтың, немкеттіліктің салдары деп жауап берді. Оған қымқырып, жымқырып кетуге дайын тұратын зиянды психологияны қосыңыз. Әйтпесе, картоп тұқымының әрбір келісін 2 рубльден сатып алып, сол өнімді ала алмауымыз неліктен?

Екінші мәселе. Бізде ауыл шаруашылығындағы жұмыстың дені қолмен атқарылады. Бұл – өзіндік құнның қымбат болуының екінші себебі. Ауыл шаруашылығын жекешелендіру барысында әр әкім өз жауапкершілігін арттырады деген сенімдемін. Өзін-өзі алдап, өз өнімін өзі жымқырып жатса, не болғаны? Нарық оған жол бермейді.

Иә, жоспарлы экономикадан нарыққа өткен ауыр жылы ел осындай қиындыққа душар болды. Көптеген шаруашылықтар тарады. Жекешелендірілді. Міне, солардың ауыр бастамасы 1993 жылдан басталғанын атап өткіміз келеді. Газет сол уақытта қиын заманның өтпелі кезеңін жиі жазды. Бірақ мақалалардың көпшілігінде нарық заманының күрделілігін сипаттау кемшін болғанын атап өткіміз келеді.

Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген экономист, соғыс және еңбек ардагері Бименді Баймаханов редакцияға жиі келуші еді. Бір келісінде «Бюджет қалай қалыптасуда?» деген мақаласын әкеліп тапсырды. Өткір сынға құрылған мақаланы 1992 жылғы 14 наурызда жариялауға тура келді. «Абылайдан бастап аруақ жағалап, еске алып жатқан ата-бабадан бізге артылғаны – жер. Бұл – аса байлық. Сол ата-бабалардың қанымен қорғалған байлықты аздырмай-тоздырмай келешек ұрпаққа жеткізу – қазіргі қазақ ұлтының парызы. Осыны аздырып-тоздырып, тапқан пайда, жинаған абырой – келешек ұрпаққа қиянат әрі қорлау болмақ» дейді қаржыгер-ардагер.  30 жыл өтсе де, бұл мәселе әлі өзегін жоймапты. Шындыққа жақын жүретін ардагер одан әрі «ондаған жылдар бойы орталық наныңды, етің мен майыңды тегін жеп, сені дотацияға арқандап, өзіңді мәңгүрт етіп, жеріңді, суыңды ластады» деп налиды.

Қаржыгер маман сол жылдардағы бюджеттің жағдайынан мәлімет береді. «Салықтың түрін көбейткенше халыққа шындықты ашық айтып, 95 млрд (республиканың 1992 жылғы бюджеті) сомдық бюджетті 50-60 млрд сомға дейін қысқартудың шараларын неге белгілемейміз? Ол үшін өнімсіз шығынға, ысырапқа қатаң тосқауыл қойып, қаржы тәртібін нығайту керек. Өндіріс, сауда орындарының шамадан тыс баға өсіруіне қатаң тыйым салып, сауданы, бағаны бетімен жіберуді тез арада тоқтату керек. Өндіріс, сауда, т.б орындар түгелдей мемлекеттік меншікте тұрғанда, бұл тек қана бағаны бетімен жіберу емес, бұл – бүкіл елді, нақтырақ айтсақ, мемлекетті бетімен жіберу деген сөз» дейді ол.

«Шикізатты, етті, майды, астықты бұрынғы Одақ тегін алып келді деп, қақсағанымызға бірнеше жыл болды. Байлық жеткілікті. Бұрынғы Одақ халқы санының 6 процентін құрайтын Қазақстан – хромиттің 90, барлық түсті металдардың 50 процентін, ауылшаруашылық өнімдерінің төрттен бірін бере отырып, шет елдермен (ТМД-ны қосқанда) сауда-саттық көлемі қазіргі ағаш ақшаның өзімен неге теріс баланс (6 млрд сом) береді? Бұрын айтылып жүргеніндей, Қазақстан өзі дүниежүзілік бағамен түсті металды сатса, 40-50 млрд доллар, мұнай, көмір, темірден 20 млрд доллар, ауыл шаруашылығы өнімдерінен 5-10 млрд доллар табар еді дегеннің бәрі бос сөз болғаны ма?», - дейді автор тағы да.

Шындығында, ақсақал сөз етіп отырған 1992 жыл ауыр кезең еді. Бірақ жоспарлы жүйенің шекпенінен шығып, әлеуметтік ортада тәрбиеленген кеңестік психология олардың төзімін тауысты. Қолдарына қалам алғызып, батыл ой айтуға итермеледі. Бірақ ескінің жаңамен күресі қай дәуірде оңай болыпты?! Менің пайымдауымша, осы қарсыласу кейінгі 15-20 жылға дейін созылды.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында сол уақыттың сипатына тән төтенше оқиғалар болды. Солардың бірі Сексеуіл локомотив депосына қатысты жағдай еді. Пикеттер ұйымдастырды. Теміржол қозғалысын тоқтатамыз деген талаптары болды. 1993 жылдың 21 қыркүйегінде газетте жарияланған «Сексеуілде не болды?» атты мақалада егжей-тегжейлі баяндалды. Осындай оқиғалар сол уақыттың сипатына тән болатын. Сонымен бірге Қызылорда қаласындағы такси паркінде болған ұжымдық текетірес газет назарынан тыс қалмады. Жалпы алғанда, 1992-1993 жылдардағы кезеңде осы тақылеттес оқиғалар жиі орын алды.

1993 жылдың 15 қарашасында Қазақстан Президентінің жарлығымен Қазақстанның ұлттық валютасы – теңге өмірге енді. Осыған орай, үкімет өз қаулысымен тұтыну тауарлары мен халыққа көрсетілетін қызмет түрлерінің бағалары мен тарифтеріне шектеу енгізді.

Теңгенің енгізілуі Қазақстан тәуелсіздігінің айшықты символына айналды. Еліміз саяси жағынан тұғырын бекемдеп алды. Алайда 1993 жыл біз үшін алаңдаушылығы басым, сындарлы сәтінен күдігі мол кезең ретінде есте қалды.

Автор: Жолдасбек Ақсақалов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1942861-otandyq-zurnalist-1993-1994-zyldary-elde-bolgan-tarixi-oqigalardy-eske-aldy/

pixel