Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тәуелсіздік алған күннен бастап еліміздің нарыққа көшу үрдісі қалай жүзеге асты

Опубликовано:

Сыр бойы
Фото: syrboyi.kz

Тәуелсіздік алған күннен бастап еліміздің нарыққа көшу үрдісінде қандай маңызды оқиғалар болғанын отандық журналист Жолдасбек Ақсақалов ой елегінен өткізді, деп хабарлайды syrboyi.kz.

Енді бір-екі айдан кейін Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойын атап өтеміз. Біз үшін тарихи оқиға, үлкен мереке. Тарихқа үңілсек, болмыста тұрлаулы ештеңе жоқ, жаңа көнереді, көктеп- көгерген, әлемді сұсты айбарымен бағындырған талай империялар кезегі келгенде құрдымға кеткен. Ежелгі Рим, Византия империялары, тағысын-тағылар дегендей, бұл тізімді созуға бола береді.

Жастық шағымдағы оқиғалар еске түседі. Жетпіс жыл бойы әлемді күш-айбатымен сескендірген Кеңес Одағының шаңырағы шайқалып, босағасы сөгілгенінің куәсі болдық. Сәуегейлік айтушылар көп еді. Бірақ өз басым сол жүйенің әп-сәтте құлайтынын болжамағанымды жоққа шығарғым келмейді. Асқар Сүлейменов сол сәтте: «Базбіреулер СССР құлады деп қуанса, мен қайтып орала ма деп қорқамын» деген екен.

Біз жас едік. Романтизмге берілген жастарды Кеңес одағындағы қайта құру идеялары жігерлендірді. Өткен ғасырдың 80-жылдардың ортасында осындай дүрбелең болды. Бүгінгі тілмен айтқанда, кеңестік жүйенің жаңадан сайланған Бас хатшысы, кейін президенті болған Михаил Горбачев кісі санасына кірмейтін саяси реформаларды өмірге енгізді. Таптаурын болған идеология, ілгері басқан қадамы кері кеткен экономика үшін шын мәнінде бұл реформа қажет еді. Өкінішке қарай, сол реформаның жолы болмады. Ақыры 1991 жылы Кеңес Одағы тарих сахнасынан сырғып кете берді.

Жан беру оңай ма, жүйені сақтап қалу жөніндегі талпыныстар аз болған жоқ. Елді демократияландыру тәсілімен жаңартамын деген реформа тұйыққа тірелді. Неліктен? Біздің пайымдауымызша, жылдар бойы қалыптасқан идеология мен оған бағынышты болған экономика бірінің басқан қадамын кері тартты. Осы мақаланы жазу барысында менің қолыма Н.Назарбаевтың 1989 жылдың 30 мамырында Мәскеуде Кеңес Одағының халықтар съезінде депутат, сол кезде Қазақ КСР Министрлер кеңесінің төрағасы ретінде сөйлеген сөзі түскен еді. Бұл сол кездегі оқиғалардың барысынан хабардар етеді.

Назарбаев Кеңес Одағында белгілі реформалардан кейін экономиканың тұйыққа тірелгенін, дүкен сөрелерінің тауарлардан бос қалғанын, қайта құру идеяларының құр сөзге айналғанын сынайды. Қазақстан Министрлер кеңесінің төрағасы осы орайда статистикалық мәліметтердегі экономиканың өсімі туралы деректердің нақты жағдаймен үйлеспейтінін, жағдайдың күн санап күрделі сипат алып бара жатқанын айтқан еді. Ол сондай-ақ экономикадағы тауар тапшылығын сынға ала отырып, оның өсімі үшін қажетті алғышарттар қалыптаспағанын, еңбек өнімділігі деген ұғымдардың мүлдем теріс сипат туғызып, нарықта миллиондаған, миллардтаған рубльдің тауарлармен қамтамасыз етілмеген ақшасы пайда болғанын мәлімдеді. Иә, Кеңес Одағы құлар алдындағы нарықтағы ушыққан жағдай тап осындай еді.

Реформалар неліктен тұйыққа тірелді? Шынын айтуымыз керек, жылдар бойы әлеуметтік әділеттілікке сүйенген жоспарлы экономика жағдайында өмір сүрдік. Аталған жүйеде тауар бағасын нарық белгілемейді, оны мемлекеттік жоспарлау комитеті тағайындайды. Бағаны бұзу – қылмыс. Қылмыс жасағандар, әлбетте, жазаланады. Жай сөзбен айтқанда, халықта жақсы өмірге, сапалы тауар өндіруге деген қызығушылық жоқ. Барлығы жұмысқа барып, азғантай ғана кепілді жалақысын алып, сауық-сайранмен өмір сүргенге қанағаттанды. Алайда, экономика ынталандырылмаған жерде көлеңкелі бизнестің өрістейтіні, сөрелерде тапшы тауарларды жасырын жолдармен қамтамасыз ету заңдылыққа айналатыны белгілі еді. Кеңес Одағы құлағанға дейінгі соңғы 20 жыл ішінде экономикада осынау келеңсіз құбылыстар үйреншікті дағдыға айналды. Жүйеде ұзақ жыл қалыптасқан мұндай тенденцияны әп-сәтте жою мүмкін емес еді.

Биліктен айырылуға жақындаған М.Горбачев соңғы сағаттарға дейін жаңа одақты қалыптастыру идеясын ұсынып бақты. Оған қарсылық білдірген коммунистердің соңғы тобы ГКЧП бүлігін ұйымдастырды. Шіруге айналған жүйе өзін сақтап қалу жолында жанкештілік таныта алмады. Билік қолдан кетті. Жағдайды пайдаланған Ресей, Украина, Беларусь президенттері Беловеж тоғайында Кеңес Одағының тарқағанын мәлімдеді.

Қазақстан, басқа да одақтас республикалар тәуелсіздігін жариялады. Ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойы армандаған ізгі мақсаты осылайша жүзеге асты. Бірақ сол жылдардың оқиғалары тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қаншама ауыр болғанын айқын дәлелдеп берді. Империялық көзқарастан арылмаған Ресейден бойымызды аулақ ұстап, өз валютамызды ендіру өте құпия жағдайда жүргізілді. Шындығын айту керек, осынау ұлы қадамның соншалықты жасырын түрде жүргізілгенін жақсы білеміз. 1993 жылдың 15 қарашасы күні облыс әкімінің бірінші орынбасары Нәжмадин Мұсабаев бастаған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлерінен, журналистерден құралған шағын топ «Сыр бойы» газетінде Үкіметтен арнайы келген жасырын пакетті ашып, ондағы материалдарды газетке жариялаған едік. Төл теңге осылайша дүниеге келді. Бұл бақытты күн еді.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары оңайға соқпады. Алдымен тауарлар жетіспеді. Ресей рублі айына емес, күніне құнсызданды. Әлі есімде, оның құнсыздану көлемі жылына 800-1000 процентке жетті. Кейін теңге тап осылай құнсызданды. Жалақы ай сайын, тоқсан сайын өсті. Әсіресе, ауылдағы ағайынға тым қиын соқты. Жалпы халықтың 40 проценті ауыл тұрғындары екенін ескерсек, құлдыраудың еселеп көрініс табуы елді мекендерге барынша тән болды. Қоғамдық мал жекеменшікке көшті. Осының барлығын қысқа уақытта жүзеге асырудың машақаты тым ауыр болғанын атап өткім келеді.

Жалпы тұтыну нарығында жаппай қымбатшылық орын алды. Халықтың тұрмысы барынша жүдеу тартты. Неліктен осылай болды? Нарық көшіне ілесу үшін бізге осындай жылдамдық қажет пе еді? Бүгінде сол кездердің оқиғаларына байланысты осы сипаттағы сауалдар жиі қойылады? Әлбетте, сұрақ қою оңай, оның оңтайлы жауабын табудың қиындығы және бар.

Өкінішке қарай, сол жылдары тәуелсіздік алған бүкіл посткеңестік республикаларды халықаралық валюта қорының қыспаққа алғанын екінің бірі біле бермейді. 1993 жылы облыстық қаржы бөлімінің меңгерушісі Камал Шөкенов ағамыздың шетелдіктердің қарызға ақша беріп жатқанын там-тұмдап жеткізгенін естігенім бар. Табиғатынан артық-ауыз сөзге жоқ кеңестік жүйенің үлкен шенеунігі осы жағдайды қинала айтқаны есімде қалыпты. Қысқасы, бүкіл Батыс жүйесі, оның қаржылық құрылымдары осылайша қысымға алды. Қарыз жүрген жерде өктемдік жүреді. Жоспарлы жүйеден нарыққа көшкен елде осындай-осындай қайшылықтар орын алатыны заңдылық болатын.

Жалпы, Кеңес Одағы құрамындағы республикалардың барлығы да нарыққа ауыр жағдайда көшті. Себебі бізде бұрын мұндай тәжірибе болған емес. Жетпіс жыл бойы идеология жағынан өктемдік жүргізген жүйенің таптаурын әдісін ондаған жылдардың бедерінде жеңу оңай емес еді. Атап айтқанда, сталиндік, хрущевтік, брежневтік жоспарлы экономиканы нарыққа бейімдеу мүлдем қиын еді. Ол тым икемсіз болатын.

Тарихқа жүгінсек, біз өмір сүрген жүйеде адамдардың нарыққа немесе оған жақындау экономикалық қатынастарға бейімделуге деген талпыныс жасаған сәттер көп болды. Айталық, жетпіс жылдан астам тарихы бар Кеңес Одағының шежіресі оқиғалардың саяси өрбуі жағынан шиеленістерге толы болғаны соншалық, оларға бір сәттік өлшеммен баға беру күрделі. Әлбетте, сол саяси оқиғалардың бастауында тұрған басшылық элита туралы да біржақты баға беру қиын. Олардың өмірі, карьерасы көп жағдайда тағдырдың маңдайына жазған жазуымен өлшеніп-пішілді деуге болады.

Бірқатары қамалып, ұзақ мерзімге сотталып, атылып жатса, кейбіреулеріне тағдыр ұзақ ғұмыр сыйлады. Солардың бірі Сталиннің шәкірті, көсем өлгеннен кейін Кеңес Одағының Министрлер кеңесін басқарған Георгий Маленков еді. Ол тарихта ашаршылықтан, репрессиядан, ұжымдастырудан зардап шегіп, әбден титықтаған кеңес шаруаларына қатысты сәтті реформалар жасап, оны өмірге енгізген үлкен шенеунік ретінде қалды. Соғыстан кейін Кеңес Одағының ауыл шаруашылығы үлкен күйзеліске ұшыраған еді. Астық жетіспеді. Мемлекет шаруаны бұрынғыша қаланы, өнеркәсіптің асыраушысы деп түсінгенімен, оларға қатысты ынталандыру тетіктері жасалмады.

Барлық астық, мал өнімдері түгелімен мемлекетке сыпырып алынды. Ауылдағы өмірдің ауыртпалығы соншалық, 1949-1953 жылдары елде жұмысқа қабілетті адамдар саны 3,3 млн-ға кеміді. Олар жаппай қалаға көшті. Елдегі жағдайдың ауырлығынан 1952 жылы енгізілген қосымша салық қабылданбады.

Георгий Маленков батыл реформаларды қолға алды. Бұл нарықтың бастамасы еді. 1953 жылы ауылшаруашылық өнімдерін мемлекеттік сатып алу бағасы өсті. Нақты айтқанда, астықты сатып алу бағасы 7,4 есе, етті сатып алу бағасы 5,8 есе көтерілді. Колхоздардың өздерінде қалатын өнімдер көлемі ұлғайды. Шаруаларға ақы төлеу өсті. 1953-1955 жылдары ынталандыру шаралары жемісін беріп, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі анағұрлым көбейді, халықтың елде тұрақтану үдерісі жеделдеді.

Мамандардың пікірінше, ауыл шаруашылығындағы тұрақты жағдай билікке толығымен Хрущев келгенше сақталды. 1954-1958 жылдар кеңес деревнясы үшін оның тарихындағы ең сәтті жылдар болды. Бұл жылдары ауыл шаруашылығының ішкі жалпы өнімі 35 процентке өсті. Реформаны мамандар Владимир Лениннің НЭП саясатының баламасы деп бағалады. Өкінішке қарай, реформа ұзаққа бармады. 1965 жылдары Кеңес Одағының премьері Николай Косыгин реформа жасамақшы болды. Бірақ ол қолдау таппады.

Жалпы жоспарлы экономика сипаты қызық. Өзіндік құн, рентабельділік жоғарыдан бекітіледі. Мұндағылардың тіршілігі мұңсыз, бар болғаны бұйрыққа бағыну ғана. Алып Кеңес Одағы өндірісінің бірінің шығынын екіншісі жабады. Барлығын бір-біріне бағындырып, қиюластырып, ажырамастай етіп, желімдеп тастаған. Айталық, Қызылорданың целлюлоза өндірісі осындай еді. Жоспарлы шығынмен жұмыс істейтін ірі кәсіпорын кеңестік салт-дәстүр бойынша сырнайлатып, кернейлетіп дегендей өмір жүріп жатты. Сібірден вагон-вагон ағаш келеді. Оларды ЦКЗ-ның өңдеу қондырғылары есепсіз жұтып жатыр.

Осыдан бірнеше жыл бұрын осы зауыттың цех бастығы болған Серікбай Қылышбаевпен жүздесудің сәті түсті. Ол – нағыз қағаз өндірісінің маманы, Ленинградтың ағаш өңдеу институтының түлегі еді. Біз білетін Сәкең – сонау партия дәуірінің өзінде біліктілігімен ЦКЗ-ның негізгі цехын басқарып, абырой мен беделді адал еңбегімен жинаған азамат. Кеңес дәуірінде «ұлтшыл» деген атақты да иемденген.

Ол кездің бұзыла қоймайтын бір қағидасы – қазақ ұлтының өнеркәсіпті басқаруға қабілеті жетпейді дегенді алға тартушылар көп болатын. Қылышбаевтың мінезінің «шатақтығынан» қызмет баспалдағынан өсу орнына алдынан үнемі кедергілер шығатын да тұратын. Алысып-жұлысып жүріп бедел жинау да қайдан оңай соқсын. Гофро цех – ЦКЗ-ның басты буыны. Сәкең осы цехты 30 жыл басқарды. Тұтыну бұйымдарына арналған қораптар осында шығарылды. ЦКЗ-ға күн сайын ағылып келіп жатқан Сібір ағашының тасқыны бір толастамайды. Гүрілдеп тұрған бір дәуір еді. Біз Қылышбаевпен қайтыс болатынынан едәуір уақыт бұрын жүздескен едік.

"Қызғылықты жайттан хабар бергім келеді", – деген еді цех бастығы сол жолы менің бір мәселеге ынтызарлығымды сезіп.

Сексенінші жылдардың соңында Қазақстанның қағазға деген сұранысын қанағаттандыру мақсатында Сыр күрішінің сабанын пайдаланып, ЦКЗ-ны қайта құру туралы әңгіме гу-гу шыға бастаған уақыт еді. Колбин кетіп, бірінші хатшылыққа Нұрсұлтан Әбішұлының сайланған кезі. Аяқ астынан қайдан түлен түрткені белгісіз, Одақтың Целлюлоза қағаз және ағаш өңдеу министрінің бірінші орынбасары Чуйко Қызылордаға келу ниетін білдірді.

Өз басым ондаған жыл қызмет істегелі одақтық деңгейдегі осындай басшылардың ат басын бізге бұрмағанын анық білемін. Есесіне Қонаев та, Әшімов те талай рет алып өндірістің цехтарын аралап, жұмысшы қызметкерлермен емен-жарқын жүздесіп, шаруа жайына қанықты. Кейін білдік, бұл сапар тегіннен-тегін болмағанға ұқсайды. Алматыдан Нұрекең, Мәскеуден министрдің бірінші орынбасары Қызылордада жолығып, қағаз мәселесін шешуді ұйғарған.

Басшылықтың бәрі мәскеуліктің алдында құрдай жорғалап жүр. ЦКЗ қақпасының алдында күтпеген жағдай болды. Жалпы, топтан жеке-дара бөлініп шыққан Нұрекең (сірә, алдын ала жергілікті мамандар туралы дерекке қаныққан болуы керек) менімен оңаша жүздесіп, тәжірибеме, қандай оқуды тәмамдап, осында қашан келгеніме, отбасыма дейін барлығын сұрап алып, кенеттен: «Шыныңды айтшы, осы өндірістен қағаз шығаруға бола ма?» демесі бар ма?! Аузыма қалай түскенін белмеймін, «Бұл бекершілік» деппін сонда. «Сонда мыналарың не деп тұр?» деді бірінші хатшы қатқылдау үнмен. «Жаны ашымағасын айта береді ғой» дедім. Айтуын айтсам да, «Бірдеңені бүлдіріп алған жоқпын ба?» дегендей көңіл-күйім бұзылып сала берді. Сол-ақ екен Нұрсұлтан Әбішұлы: «Әкел қолыңды, айтқаның болады» дегендей қолымды қысты. Өрекпіген жүрек дүрсілі сап тыйылды. Көңілім орнына түсті.

Одақтық министрдің орынбасары апақ-сапақ уақытты пайдаланып, ЦКЗ-ны жекешелендіру арқылы мемлекет қазынасын пайдаланып, жеке мүддесіне коррупциялық сипаттағы әрекет жасауды көздеген. Ал ақшаны Қазақстан Совмині бөлу керек. Гәп қайда жатыр? Бұл өкінішке қарай, сол уақыттың жиіркенішті көрінісі болатын.

Өмір болмысы таңғажайып. Оны түсінуге кейде санасы құрғыр қабілетсіз. Қытайлықтар ұнамаған адамдарын «Өтпелі шақта туғыр» деп қарғайды екен. Әлгі оқиғаның өткеніне қазір 30 жылдан астам уақыт болды. Қазақстан қиын-қиын асуларды еңсерді. Өнеркәсіп, яғни, бизнес бүгінгі нарықтық қатынастарға бетбұрыс жасады. Нарықтық жобалардың барлығы қаншалықты сәтті өтіп жатыр, бұл сауалға жауап беру, меніңше, әлі күрделі. Бірақ біз басты нәрсені – әлемдік өркениетке жақын тұрған, ынталандыруға, еңбек етуге қызығушылық, мүдделілік танытатын нарық қатынастарын құрып жатырмыз.

Басты жетістігіміз – осы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1942868-tauelsizdik-algan-kunnen-bastap-elimizdin-naryqqa-kosu-urdisi-qalai-zuzege-asty/

pixel