Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Nur Otan партиясының жанынан құрылған қоғамдық қабылдау бөлмесі тұрғындарға қандай көмек көрсетеді

Опубликовано:

Ләйлә Төрешова
Фото: syrboyi.kz

Nur Otan партиясының негізгі мақсаттарының бірі – халық мүддесін қорғау болса, партия жанынан құрылған қоғамдық қабылдау бөлмесі осы орайда үлкен рөл атқарады. Партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ләйлә Төрешовамен сұхбатта осы бағыттағы ілкімді істер жайлы әңгіме өрбіткен едік, деп хабарлайды syrboyi.kz.

– Ләйлә Бегалықызы, қоғамдық қабылдау – партия айнасы десек болады. Себебі көкейіндегі мәселенің күрмеуін шешуге көмек сұрап келген азамат бірінші қоғамдық қабылдау бөліміне келеді. Бұл жерге көмек сұрап қанша азамат жүгінді? Олардың арыз-шағымдарының шешілуі қандай деңгейде?

– Партия басшылығы алғашқы күннен халықтың көкейіндегі проблемаларды шешудің тиімді жүйесін жасауды, қоғамдық қабылдау жұмысын күшейтуді жауапты міндет етіп қойды. Соның ең негізгісі – азаматтардың өтініш-тілектерін сапалы қарау. Бүгінде партияның аймақтық және аумақтық филиалдарының қоғамдық қабылдау бөлмелерінде азаматтарды жеке қабылдаулар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Ол үшін арнайы қабылдау кестесі дайындалып, тұрғындарға қабылдау өткізушінің лауазымы, аты-жөні, күні мен уақыты көрсетілген хабарландыру жарияланып отыр. Бекітілген кестеге сәйкес облыс, қала, аудан әкімдері мен олардың орынбасарлары, басқармалар мен бөлімдер басшылары, облыстық, аудандық депутаттық фракция мүшелері, филиал төрағаларының орынбасарлары азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап келеді. Сонымен қатар облыс, қала, аудан прокурорлары, әділет департаменті басшылығы және т.б. құқық қорғау органдары жетекшілері де азаматтарды тұрақты түрде қабылдау жүргізуде.

Қоғамдық қабылдауды бастауыш партия ұйымдарында да өткізу қолға алынып жатыр. Ең бастысы, бірде-бір өтініш қараусыз қалмайды. Қазіргі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, қабылдау онлайн  форматында да жүргізілуде, яғни, ZOOM платформасы арқылы тиісті республикалық деңгейдегі басшылармен де байланыстырып, мәселесін жеткізуге жағдай жасалып отыр.

Сонымен қатар, партияның облыстық филиалының қоғамдық қабылдауында көтерілген өзекті мәселелер, олардың шешілу нәтижесіне тұрақты талдау мен мониторинг  жүргізіледі.  Жыл басынан  азаматтардан 3107 өтініш түсіп, олардың 1686-сы оң шешімін тапқан. Бұл жалпы түскен өтініштердің 54%-ын құрайды. Келушілердің жас айырмашылығына талдау жасасақ, 16,2 %-ы – 18-29 жас аралығындағылар, 44,7%-ы 30-44 жас, 28,5%-ы – 45-60 жас, 10,4%-ы –  61 және одан жоғары жастағылар. Көпбалалы және толық емес отбасылардан түскен өтініш-арыздар 20,3%-ды, зейнеткерлер мен мүгедектер және оларға теңестірілгендер – 13,9%-ын құрайды.

– Партияның «Халыққа көмек» жобасы бар. Бұл аты айтып тұрғандай қоғамдық қабылдауға жақын жоба секілді.

– Дұрыс айтасыз, халықпен, әлеуметтік топтармен нақты жұмыс істеу қағидатын енгізу бойынша 2019 жылдан бастап өңірде «Халыққа көмек» бірыңғай әлеуметтік терезе акциясы қоғамдық қабылдау бөлмелері жанында қызмет жасауда. Мемлекеттік органдар, басқа да мемлекеттік құрылымдар өкілдерінен мобильдік жұмысшы топтары құрылып, аз қамтылған азаматтарға, көпбалалы, жалғызбасты аналарға, мүгедектерге тиісті көмек, мәселелерінің шешілуіне бағытталған кеңес, заңгерлік көмек берілуде. Өткен 9 айда «Заңгерлік көмек» бағыты бойынша заңгерлер мен адвокаттар 16 қабылдау өткізіп, 43 азамат кеңес алды. Олардың 51%-ы – халықтың әлеуметтік осал топтарына жататындар. Қорытындысында 32 азаматқа ауызша заң кеңесі берілді, 11 азаматтың сот-талап құжаттары жасалды.

– Тұрғындар көбіне қандай мәселелермен жүгінеді. Оларды салалары бойынша жіктеп  айтып берсеңіз.

– Көбісі – әлеуметтік көмек, баспана, тұрғын үй-коммуналдық мәселелер  және денсаулық сақтау саласы бойынша өтініштер. Тек қыркүйек айында әлеуметтік көмек, мүгедектікті тану және сол сынды мәселелер бойынша  136, жұмыспен қамту бойынша 96, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бойынша 80, жер және тұрғын үй бөлу бойынша 19, денсаулық сақтау саласы бойынша 16, кәсіпкерлікті дамыту және агроөнеркәсіп саласы бойынша 14, білім беру саласы бойынша 8, екінші деңгейлі банктер және микронесиелік ұйымдармен келісім-шарттардың тиімсіздігі жайында 6, халықты құжаттандыру бойынша 3, сот саласы бойынша 2 өтініш тіркелген. Сонымен қатар, тұрғындар тарапынан 11 ұсыныс, мемлекеттік органдар мен жеке сот орындаушыларға қатысты  3 шағым тіркелді.  Түскен  394 өтініштің 288-і оң шешімін тапса,  92-не заң тұрғысынан түсіндірме берілді. Қалған өтініштер қаралу үстінде.

– Қабылдауда жеке бастың ғана емес, елдік мәселелерді көтеретіндер бар ма?

– Әрине, ондай азаматтар бар. Тұрғындарды толғандырған өзекті мәселелерді партия алаңында жауапты орган басшылары талқылап, зерттеп өз кезегімен шешімін табуда. Мәселен, Қосшыңырау ауылдық округін газдандыру, «Сабалақ» елді мекенінің ауызсу, ПМК-29 саяжайының жол, жүргіншілер тасымалдау мәселесін көтеріп тұрғындар келді. Партияның араласуымен Қосшыңырау ауылдық округін «көгілдір отынмен» қамтамасыз ету мақсатында жоба-сметалық құжаттар әзірлеп, мемлекеттік сараптама қорытындысын алуға облыстық бюджеттен 11 млн 688 мың теңге қаржы қаралды. Мемлекеттік сатып алу қорытындысымен мердігер мекеме «Строй-Проект-Инвентаризация» ЖШС жеңімпаз деп танылып, жоба-сметалық құжаттар әзірлеу басталды. «Сабалақ» саяжайы ауызсуының жоба-сметалық құжаттарын әзірлеуге қаржы бөлініп, жеңімпаз мердігер жұмыс жүргізуде. ПМК-29 саяжайының мәселесін партиялық бақылау комиссиясының мүшелері арнайы барып, зерделеді. Бұл да партияның араласуымен  демеушілер арқылы шешімін таппақ.

– Қабылдауда қаншама тұрғынға көмек көрсетіліп жатқанынан хабардармыз. Алайда әлеуметтік желілерден, кейбір онлайн басылымдардан  «қабылдауға бардық, мәселеміз шешілмеді» деген жарияланымдар көреміз. Тұрғындар мәселесі қаралмайтын кездер  бола ма? Әлде осылайша көпшілік назарын аударту үрдіске айналды ма?

– Партия қабылдауына келген өтініштің ешқайсысы қараусыз қалмайды. Ресми парақшадағы өтініштерге де жауап берілуде. Алайда, кейбір мәселе дереу сол сәтте шешілмейтіні белгілі. Уақытты, қаржыны немесе заң ережелерін талап ететін кездер болады. Кейбір азаматтар бір өтінішпен, әсіресе қаржылық қолдау бойынша бірнеше басшының немесе депутаттың қабылдауына келіп жатады. Кейде демеушілер ұсынған азық-түлікті қайтарып, қаржылай көмек сұрайтын, алса да алмадым деп айтатын жағдайлар да кездеседі. Бұл тұрғыда азаматтар партия тарапынан жасалып жатқан қолдауға түсіністікпен қарап, өзіндік жауапкершілік таныту қажет деп есептеймін.

Автор: Гүлжазира Жалғасова.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1942876-nur-otan-partiyasynyn-zanynan-qurylgan-qogamdyq-qabyldau-bolmesi-turgyndarga-qandai-komek-korsetedi/

pixel