RU

Қызылорда облысының әкімі президент жолдауы аясында атқарылған жұмыстар жайлы айтты

Гүлшара Әбдіқалықова
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

18 қарашада ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Мемлекет басшысының Жолдауы аясында аймақтың дамуы туралы мәлімдеді.

Аймақ басшысы тәуелсіздік жылдары және Жолдау аясында атқарылған жұмыстарға тоқталып, негізгі тірек салалардағы даму көрсеткіштерді баяндады.

"Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиялық бағыттағы тапсырмаларына сәйкес Тәуелсіздік жылдары өңір экономикасына 4 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды. Жалпы өңірлік өнімдегі өнеркәсіп өндірісінің үлесі 1991 жылғы 11 пайыздан 30 пайызға дейін, ал ауыл шаруашылығының үлесі соңғы 10 жылда 3,9 пайыздан 6,3 пайызға дейін артты. Күріштің өнімділігі мен жалпы алынған өнімі бүгінде 1991 жылғы көрсеткіштерден 1,5 есеге өсті. Өңіріміз жұмыс жасап тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің санының өсу қарқыны бойынша елдегі үздіктердің қатарында. Атап айтқанда, ағымдағы жылдың 9 айында өнеркәсіп өнімі өндірісі 0,5%, оның ішінде өңдеу саласы 12,6%, ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі 2,3% өсті. Жұмыс жасап тұрған шағын және орта бизнес субъектілері саны 6,6%, құрылыс жұмыстары 2,4% өсіп, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі 3,5% артты", - деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Қызылорда облысы
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Биыл 2408 пәтерлік 110 тұрғын үйдің құрылысы жүруде, оның ішінде Байқоңыр қаласында 250 пәтерлік 5 тұрғын үй бар. Жыл аяғына дейін 1608 пәтерлік 94 тұрғын үй пайдалануға берілетін болады.

Аймақ экономикасына, оның ішінде өңдеу өнеркәсібіне тартылған инвестиция көлемі 2,6 есе артқан.

Баспасөз конференциясында облыс әкімі өнеркәсіп саласында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Индустрияландыру бағдарламасының үшінші бесжылдығы аясында биыл құны 45 млрд.теңгені құрайтын, қолданысқа түскенде 500-ге жуық жұмыс орны ашылатын 4 жобаны іске қосу жоспарланған. Олардың қатарында Қызылорда қаласындағы шыны зауыты да бар.

Брифинг
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Сонымен қатар, Жаңақорған ауданы «Шалқия» кен орнында тау-кен байыту комбинатының және Арал ауданында кальцийленген сода зауытының құрылысы басталмақ. Шиелі ауданында «Баласауысқандық» ванадий кен орнында осы жылдың желтоқсан айынан бастап ферромолибден өнімі өндіріледі. Мұнымен қоса, Қызылорда облысының 2023 жылға дейінгі экономикалық даму картасы аясында қой, сиыр және жылқы етінен жасалған консервілер, күріш, қарақұмық ботқасы, жантақ балы, қауыннан жасалған чипсы және тағы басқа азық-түлік өнімдері өндірілуде.

Өңірде ішкі нарықты өз өнімдерімен толықтыру мақсатында 2% несиелеу бағдарламасы іске қосылды. Ол мақсатқа облыстық бюджеттен 400 млн теңге бөлінген.

Гүлшара Әбдіқалықова
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Спикер су деңгейінің тартылуына байланысты суды үнемдеп, тиімді пайдаланудың жолдарын атап өтті.

"Мемлекет басшысының Жолдауына сәйкес жалпы көлемі 775 млн текше метр құрайтын Қараөзек су қоймасын салу басталады. Біздің мақсат суармалы сумен байланысты проблемаларды ескере отырып, ауыл шаруашылығы өндірісін, әсіресе, егіншілікті әртараптандыруды және су ресурстарын тиімді пайдалану", - деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Сондай-ақ, аталмыш Жолдауыға сәйкес 2025 жылға дейін республика бойынша қайта жаңғыртылатын 120 каналдың 21-ін Қызылорда облысы аумағында жүзеге асыру көзделіп отыр.

Құрғақшылық салдарынан Арал ауданында малдың жаппай қырылуы орын алды. Суармалы судың жетіспеуіне байланысты төтенше жағдай жарияланып, жедел шаралар нәтижесінде жағдай тұрақталды. Малшыларға көмек ретінде жем шөппен қамтамасыз етуге, сондай-ақ, суат мәселесін шешуге, жайылымдарды, шабындықтарды суару және көл жүйелерін суландыру мәселелерін шешуге 600 млн теңге бөлінді.

Орын алған төтенше жағдайға байланысты меценат Болат Өтемұратовтың қорынан 280 млн. теңге қаржы бөлініп, аталған қаржыға Қостанай және Ақтөбе облыстарынан қажетті жем қоры тасымалданды. Сонымен қатар, Ақтөбе облысының Ырғыз ауданынан 15 мың гектар жайылымдық жерлерін 5 жылға жалға алу жөнінде келісім жасалып, ағымдағы жылдың 30 қыркүйегінде Арал ауданы мен Ырғыз ауданы әкімдіктері екі жақты меморандумға қол қойды.

Қызылорда облысы
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Аймақта биыл күріш егісі 89 мың гектардан 83 мың гектарға дейін қысқартылған. Су тапшылығына қарамастан өткен жылғы деңгейде 500 мың тонна өнім алынып, орташа өнімділік 59,8 ц/га құрады.

Баспасөз конференцияда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында Тұрақтандыру қорының жұмысы баяндалды. Жыл басынан бері облыстық бюджеттен 3124 тонна өнім сатып алуға 900 млн.теңге бөлінді. Сондай-ақ, айналым схемасы бойынша қарыз қаражаты берілген. Бүгінгі таңда әлеуметтік маңызы бар тауарларға баға индексі орташа республикалық деңгейден аспайды. Жыл бойы тұрақты түрде 36 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізілді.

Өңірде жұмыссыздық деңгейі 4,9% құрайды. Жыл басынан бері 27 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды, оның 14114 тұрақты. Жұмыспен қамту орталықтары арқылы 849 мүмкіндігі шектеулі адам жұмыспен қамтылған.

Гүлшара Әбдіқалықова өңірдегі коронавирустық инфекцияны тежеу бағытындағы тұрғындарға вакцина салу жұмыстарының қарқынын тізбектеді.

"Бүгінгі күні вакцинациялауға жататын облыс тұрғындарының 86,2% вакцинаның бірінші компонентін алса, 72,5% екінші компонентін алды. Жыл басынан бері егу кабинеттерінің саны 34-тен 106-ға дейін артты. Pfizer вакцинасын егуді 15 қарашадан бастадық. Бүгінде 23 400 дозасы өңірге жеткізілді. Талаптарға сәйкес 2 мұздатқыш камера сатып алынды, жақын арада тағы 10 камера мен 20 термоконтейнер жеткізілетін болады. Барлығы 97 мың доза жеткізу көзделіп отыр. Дәрі-дәрмекке қатысты мәселе жоқ", - деді аймақ басшысы.

Қызылорда өңірінде әлеуметтік мәселелер де шешімін тауып келеді. Бүгінде облыс халқының 97% орталықтандырылған сумен, 65% табиғи газбен қамтамасыз етілген. Жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі жыл аяғына 75% дейін жеткізіледі. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы саласында «Халық қатысатын бюджет» жобасы қарқын алуда. Қала аумағын суару және көгалдандыру жобасы жүзеге асырылды, тағы 2 жоба жүзеге асырылады деп күтілуде.

Спикер апатты мектептерді жою мен жаңа нысандарды салу бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Елбасының тапсырмасына сәйкес биыл Қызылордада колледж студенттері үшін 475 орындық 3 жатақханаашылды. Сонымен қатар, 1 қыркүйекке 748 орындық 3 мектеп пайдалануға берілді, оның ішінде 2 жеке меншік мектеп бар. Жыл соңына дейін 900 орындық тағы 2 мектеп тапсырылады деп күтілуде. Оның біреуі апаттық мектептің орнына беріледі. Мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында бұқаралық спортты дамыту мақсатында 7 спорт кешені пайдалануға берілді, 6 спорт кешенінің құрылысы жалғасуда.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыста 2156 баланы қамтитын мемлекеттік спорттық тапсырысты қаржыландыруды 2021 жылғы 212 млн теңгеден келесі жылы 4312 балалар үшін 638 млн теңгеге ұлғайту жоспарлануда.

Сонымен қатар мемлекеттік шығармашылық тапсырыс шеңберінде 1522 баланы қамтитын үйірмелерге биыл облыстық бюджеттен 100,1 млн теңге қаржы бөлінсе, келесі жылы 2150 бала үшін бұл қаржы 301 млн теңгеге ұлғайтылады.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында «Тұғыры биік Тәуелсіздік» атты республикалық ақындар айтысы, Сыр сүлейі Кете Жүсіп Ешниязұлының 150 жылдығына арналған «Жырлансын, Тәуелсіздік жыр бұлағы» атты жыршы-жыраулар байқауы өткізілді.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберіңде Сыр өңірі фольклоры антологиясының І томы «Жанқожа батыр» жарыққа шықты.

Биыл атақты күрішші, «дала академигі» Ыбырай Жахаевтың 130 жылдығы аталып өтіліп, Жалаңтөс Баһадүрдің 445 жылдығы аясында Қазалы ауданында ескерткіш орнатылады. Сонымен қатар, Бәбіш мола, Жанкент және Сығанақ қалашықтарына қазба жұмыстары жалғасуда.

Баспасөз конференциясы соңында Гүлшара Әбдіқалықова журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1943376-qyzylorda-oblysynyn-akimi-prezident-zoldauy-ayasynda-atqarylgan-zumystar-zaily-aitty/