Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Атауын "бюджетті халықтан қорғау министрлігі" деп өзгерту қажет": Депутат жәрдемақыға қатысты министрлік жұмысын сынға алды

Опубликовано:

Депутат Ерлан Смаилов
Депутат Ерлан Смаилов. Кадр: parlam.kz

Қазақстан Халық партиясының депутаттары мүгедектігі бар адамдарға, бала тууына байланысты демалыста отырған аналарға, көпбалалы отбасыларға төленетін жәрдемақы мен ең төменгі зейнетақы мөлшерін ұлғайту бастамасын көтерді, деп хабарлайды партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Мәжілістің жалпы отырысында сөйлеген сөзінде Қазақстан халық партиясының депутаты Ерлан Смайылов ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ең төменгі жалақыны 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап қазіргі 42 500 теңгеден 60 мың теңгеге немесе 41%-ға өсіруді тапсырғанын атап өтті.

"Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүгедектігі бар адамдардың, бір жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты үйінде отырған аналардың, көпбалалы отбасылардың жәрдемақысын, сонымен қатар ең төменгі зейнетақыны ұлғайтуды жоспарлап отырған жоқ.

2022-2024 жылдарға арналған бюджет жобасында министрлік әлеуметтік жәрдемақының барлық түрін 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап 5%-ға арттыруды жоспарлап отыр. Бірақ бұл көлем инфляцияның статистикалық өсімі түгілі, азық-түлік пен киімнің, түрлі қызметтер мен тариф бағасының шығынын жаппайды", – деді депутат.

Оның сөзінше, жәрдемақы мен зейнетақының мөлшері ел азаматтарының нақты қажеттілігіне сай емес және сапалы өмір сүру деңгейін қамтамасыз ете алмайды.

"Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қазақстандықтардың мүддесіне сай келмейтін ұстанымда болуы алаңдатады. Халықты қорғап, үкімет пен Ұлттық экономика және қаржы министрліктерінің алдына мәселе қоюдың орнына министрлік бюджет қаражатының тапшылығына сілтеме жасайды. Салалық министрлік халықты қорғау жолындағы өз миссиясының идеологиясы мен түсінігін әлдеқашан жоғалтқан республикалық ұйымға айналды. Оның атауын "бюджетті халықтан қорғау министрлігі" деп өзгерту қажет деп санаймыз", – деді Ерлан Смайлов.

Мәжілісменнің мәлімдеуінше, жыл сайын Есеп комитеті жүздеген миллиард қаражат тиімсіз жоспарланатыны және пайдаланылатыны туралы қорытынды береді. 2020 жылы мұндай қаржының көлемі 570 млрд теңгені құрады.

"Үкіметтің іс-қимыл парадигмасын әлеуметтік төлемге басымдық беруден адам капиталына инвестиция салу тұжырымдамасына көшіру қажет. Бұл үкімет пен мемлекет жұмысының идеологиясы мен стратегиялық басымдығына айналуға тиіс. Мысалы "Ана мен баланы дамытуға инвестиция" ұлттық жобасы. Баласы бар барлық отбасы осы жобаның игілігін көруге тиіс. Бұл бастама "Қазақстан-2050" стратегиясының мақсатына қол жеткізуге ықпал етеді. Үкімет ел экономикасын дамытып, бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін ел азаматтарына инвестиция салуға тиіс. Өкінішке қарай Үкімет те, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі де бұл бастаманы іс жүзінде түсінуге және жүзеге асыруға қабілетті емес. Бұл болашақта елдің бәсекеге қабілеттілігіне тәуекел туғызады", – деді парламент мүшесі.

Депутат ең төменгі жалақы мөлшерінің өсуіне байланысты 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық мемлекеттік арнайы жәрдемақылар көлемін де сәйкесінше ұлғайтуды ұсынып отыр. Бұдан бөлек, әр баланың шынайы қажеттіліктерін өтеуге мүмкіндік беретін балаларға арналған тұтынушы себеттері мен мемлекеттік органдардың қызметін бағалаудың нәтиже беретін индикаторларын енгізуді сұрады. Осылайша, министрлік қызметін қатаң сынға алған депутат ведомство өкілдеріне ел тұрындарының әлеуметтік және еңбек саласындағы проблемалық мәселелерін шешуде белсенділік танытуға шақырды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1943692-atauyn-byudzetti-xalyqtan-qorgau-ministrligi-dep-ozgertu-qazet-deputat-zardemaqyga-qatysty-ministrlik-zumysyn-synga-aldy/

pixel