Тәуелсіздік алғалы бері Қызылорда облысы қандай ірі жетістіктерге жетті

Опубликовано:

Тәуелсіздік Сыр өңірін түлетті
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Соңғы 30 жылда Сыр өңірінде 400-ден аса шағын және орта өнеркәсіптік кәсіпорын құрылып, облыстың жалпыөңірлік өнімінде облыстың өнеркәсіптік өндірісінің үлесі 11 пайыздан 38 пайызға дейін өскен. Индустрияландыру бағдарламасы бойынша бірінші 5 жылдық қорытындысында өңірде құны 82 млрд теңгені құрайтын 17 жоба іске асырылып, 12 өнім түрі шығарылыпты, деп хабарлайды aikyn.kz.

Тәуелсіздік жылдарындағы Қызыл­орда облысының ірі жетістіктеріне тоқ­талар болсақ, ең алдымен 2010 жылы іске қосылған «Қазгермұнай» біріккен кәсіп­орнын айтуға болады. Қуаттылығы жы­лы­на 300 млн текше метр болатын газ өңдеу зауыты өңдеу өнеркәсібін дамытуға, Қызылорда қаласы мен қала кәсіпорын­дарын арзан бағадағы көгілдір отынмен қамтамасыз ету­ге және шағын және орта бизнестің да­муына ықпал жасады.

Сон­дай-ақ ілес­пе газды өңдеу арқылы қор­ша­ған ортаның ластануын төмендетіп, өңір­дің эко­логиялық жағдайына оң әсер етті.

Бұдан бөлек, Ақшабұлақ кен орнын­дағы ілеспе газды толыққанды игеру мақ­сатында «Кристалл менеджмент» се­рік­тестігінің ірі инновациялық сипаттағы қуаттылығы 87 мВт-тық электрстансасы іске қосылды.

Сонымен қатар ірі мұнай компания­лары («ПетроКазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ, «Торғай Петролеум» АҚ) қуаттылығы 50 мВт-тық газтурбиналық стансаны іске қосып, кәсіпорын қажеттілігін 40%-дан 100% толық жауып, облыстың энергия тапшылығын төмендетуге әсер етті.

Бүгінде Қызылорда облысындағы «РЗА» АҚ сапалы азық-түлік өнімдерін өн­діретін ірі құрылымдардың бірі ретінде елімізге танылды. Кәсіпорын сүт өнім­де­рін «Дәмді» сауда маркасымен облыс ау­ма­ғында және көршілес өңірлерге ұсынады.

Туризм саласында 2013 жылы Қорқыт Ата зиярат ету орталығы қайта жаңғыр­ты­лып, «EXPO-2017» туристерін қабылдады.

Жалпы алғанда, 2010 жылы қабыл­дан­ған облысты Индустрияландыру бағдар­ламасының алғашқы 5 жылдығында мұ­най-газ, электроэнергия өндіру, ауыл ша­руашылығы саласындағы облыстың ірі жобалары бірінші 5 жылдық аясында іске асырылып, облыс экономикасына айтар­лықтай үлес қосты.

Индустрияландыру бағдарламасының екінші 5 жылдығында да еңсерілген жұ­мыстар аз болған жоқ. Құны 67 млрд тең­гені құрайтын 9 жоба іске қосылып, өнер­кәсіп бағыты 4 жаңа өніммен толықты­рылды. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі саласында табысты жұмыс істеп тұрған, тұз нарығында 90 жылдан астам еңбек тәжірибесі бар, ірі қала құрушы «Арал тұз» АҚ. Индустрияландыру бағдарламасы аясында компания тұз өндіретін екі испан цехын іске қосты. Бұл өз кезегінде еңбек өнімділігін екі есеге арттыруға, 1 200-ден астам адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтуға мүмкіндік берді. Өндірілген өнім мен сатылған өнім көлемі 3 есеге артып, экспорттық өнім үлесі 75%-ды құрады. Осыған байланысты өндіріс орны биыл қуаты жылына 180 мың тонна құрайтын тұз өндіретін ІІІ испан цехын іске қосуды жоспарлаған.

Аймақта өндірілген өнім көлемі жай­лы сөз қозғайтын болсақ, облыста жо­ға­рыда аталған бағдарламаның бірінші және екінші бесжылдықтары аясында құны 150 млрд теңгені құрайтын, 26 жоба жүзеге асырылып, 1,7 мың жұмыс орны ашылды.

Британдық компаниямен (Ferro-Alloy Resources Ltd) бірлесіп Баласауысқандық ванадий кен орнында тәжірибелік-өнер­кәсіптік игеру аяқталды. 2020 жылы кә­сіпорын аммоний метаванадатын Ұлы­британия мен Ресейге 464 тоннадан астам экспорттады.

Сондай-ақ 2018 жылы облыстағы ірі жобалардың бірі тампонаждық цемент за­уыты пайдалануға берілді. Жоба қы­тай­лық «Гежуба групп цемент» трансұлттық компаниясымен бірлесіп жүзеге асы­рыл­ды. Іске қосылған уақыттан бері 6 түрі це­менттің 1,5 мың тоннасы шығарылды, оның 333 мың тоннасы Өзбекстан Рес­публикасына шығарылды.

Облыс экономикасын әртараптандыру мақсатында 2021 жылы Арал қаласында кальцийленген сода өндіру зауытының және Шалқия кен орнында тау-кен ба­йыту комбинатының құрылысын бастай­мыз. Осы жобаларды іске асыру шеңбе­рінде 2 200 жұмыс орны құрылады.

Бүгінде Индустрияландыру бағдарла­масының үшінші 5 жылдығы аясында құ­ны 543 млрд теңгені құрайтын, іске қо­сыл­ғанда 7,4 мың адамды жұмыспен қам­титын 41 жоба жүзеге асырылып жатыр.

Өткен жылы 2020 жылы бағдарлама аясында 2020 жылы құны 1,9 млрд теңгені құрайтын, толық қуаттылыққа шаққанда 220 адамды жұмыспен қамтитын Арал ау­данында орналасқан 5 жоба іске қосылды.

Ал биылғы жылдың соңына дейін құны Индустрияландыру бағдарламасы аясында құны 48,5 млрд теңгені құрайтын, толық қуаттылыққа шыққанда 506 адамды жұмыспен қамтитын 4 жобаның іске қосылуы жоспарланған.

Еліміз егемендік алған тұста, яғни 1993 жылы негізгі капиталға салынған инвес­тиция көлемі 310,0 млн теңгені құраса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 292,3 млрд теңгеге дейін жетті. Ал өңдеу өнеркәсібіне тартылған инвестиция көлемі 378 млн теңгеден 18,0 млрд теңгеге артқан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1943735-tauelsizdik-algaly-beri-qyzylorda-oblysy-qandai-iri-zetistikterge-zetti/