"Горбачевқа ұнай қойған жоқ": Назарбаев Кремльде сөйлеген сөзін еске алды

Опубликовано:

Елбасы
Фото: Ақорда

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев "Тәуелсіздік тағылымы" атты жаңа мақаласында егемендік жолында жүріп өткен жолдарды еске алды. Тұңғыш президент Михаил Горбачевтың "қайта құруы" тоқырауға белшесінен батқан қоғамға серпіліс әкеле алмағанын, керісінше көпсөзділікке, жаппай жарнамалық ұрандарға жол берілгенін айтты. Мақала Елбасы сайтында жарияланды.

Назарбаевтың сөзінше, экономикалық базис жасалмай, асығыс басталған "бетбұрыс" жылдар бойы қордаланған проблемаларды одан әрі өршітіп, шарықтау шегіне жеткізген.

"КСРО-да болған алғашқы демократиялық сайлаудың нәтижесінде іріктелген халық депутаттарының І съезі 1989 жылдың мамыр-маусым айларында өтті. Бұл кезде мен Республика Министрлер Кеңесі төрағасы болатынмын. Алып одақ экономикасында орын алған мүшкіл жағдайды ашық айтуға тура келді.

Кремльдің Съездер сарайының трибунасынан мамырда сөйлеген сөзімді қаз-қалпында келтірер болсақ, онда былай деген екем: "...Қызметтік міндетім бойынша практикалық экономика мәселелерімен айналысып жүрген менің айтарым: біз бүгінде ел экономикасындағы шынайы жағдайды нақты білмейміз. Өздеріңіз ойлап көріңіздер: КСРО Мемлекеттік статистика комитеті деректері бойынша, елдегі азық-түлік өндірісі артқан, бірақ сөрелер бос. Жоспарлар орындалуда, ал экономика ахуалы нашарлап барады. Неге? Мұндай "негелер" тым көбейіп кетті. Түптің түбінде экономикадағы дағдарыстың қаншалықты тереңдеп кеткенін анықтап, оны еңсерудің айқын жолын табуымыз керек-ақ.

Он екінші бесжылдық жоспары тоқыраудың ең тозған дәстүрлері негізінде жасалды".

Әрине, екі күннің бірінде "қайта құру", "бетбұрыс", тіпті "жеделдету" деп ұрандатып жатқан М.Горбачевқа "он екінші бесжылдық тоқыраудың ең нашар дәстүрі негізінде жасалды" деген сөз ұнай қойған жоқ. Тіпті регламентпен шектегісі келгендей сыңай танытты. Бірақ залдың дүркірете қол соққаны оның мені тоқтатуына мүмкіндік бермеді.

"Шешінген судан тайынбас" дегендей, енді тартынып қалуға болмайтынын сезгендіктен, Қазақстанда қалыптасқан ауыр жағдайды да айтуға тура келді: "Ведомстволық өктемдік әлемдік нарықта зор сұранысқа ие шикізат ресурсына бай республикамыздың өз әлеуметтік дамуында ауыр хәлге түсуіне, экологиялық дағдарыс шегіне келіп тірелуіне  әкеп соқтырды.

Ыдыс-аяқ дүкеніне кіріп кеткен пілдің кебін киген министрліктер Аралдың түбіне жетіп тынды. Екібастұз даланы күлге бөктіруде. Мұнай өндіріп жатқандарға оның түк қайыры болмай тұр. Түрлі полигон үшін малшылар өрістерінен айырылды, ал оның өтемі туралы мүлде сөз жоқ".

Сөзімді аяқтап, залға қарасам, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Г.В.Колбиннің өңі сұп-сұр болып кеткен екен. Бірақ ел мүддесі, халық тағдыры талқыға түскен мұндай сәттерде аянып қалуға болмайтын еді.

Одақтың кетеуі кетіп, іргесі сөгіле бастаған кейінгі екі жыл ішінде қалыптасқан нақты жағдай тіпті ушығып кетті.

М.С.Горбачев қаншалықты жанталаса қимылдап, Одақты сақтап қалуға әрекет еткенімен, КСРО-ның одан әрі ыдырауын тоқтату мүмкін емес еді. Келесі 1991 жылдың 18-21 тамызында әйгілі "тамыз бүлігі" болды. Бұл Кеңес Одағы басшылығының дәрменсіздігін күллі әлемге танытты. Соның нәтижесінде 1991 жылдың тамыз-желтоқсан айларында қалған республикалар түгелдей өз тәуелсіздігін жария етті",- деді Елбасы.

Елбасы саясаттың қызуы көтеріліп, Горбачев пен Ельциннің текетіресі шегіне жетіп, бір кездері темірдей тәртіпке негізделген орталықтағы басшылықтан береке кеткен сол тұста Қазақстан тарапынан жіберілген жалғыз қателіктің өзі орны толмас трагедияға әкеп соқтыруы әбден мүмкін болғанын айтады.

"Біз ашуды ақылға, асығыстықты сабырға жеңдіріп, үнемі әліптің артын бағып, аңысын аңдумен болдық. Маған батылырақ қимылдау үшін бүкілхалықтық мандат керек еді. Осылайша 1991 жылдың 1 желтоқсанында ел тарихындағы тұңғыш Президенттік сайлау өткізіліп, онда халықтың 98%-дан астамы қолдау білдірді. Бұл маған қанат бітіріп, еркін қимылдауыма жол ашты",- деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мақаланың толық нұсқасын мына сілтеме арқылы өтіп оқи аласыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1945390-gorbacevqa-unai-qoigan-zoq-nazarbaev-kremlde-soilegen-sozin-eske-aldy/