Президент: Алаш арыстары дербес мемлекет құру үшін жанын пида етті
Жарияланған күні:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған салтанатты іс-шарада ел тарихына ерекше тоқталды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Ақорданың Twitter желісіндегі парақшасына сілтеме жасап.
"Біздің мемлекеттілік тарихымыз мыңжылдықтардан бастау алады. Бір кезде бөрілі байрақ көтерген көк түріктер мәңгі ел болуға ұмтылды. Күлтегін мен Білге қаған туралы тастағы жазулар тарихымыздың тереңдігін танытады.
Батыр бабаларымыз бүкіл Еуразияда ат ойнатқан қуатты мемлекеттер құрды. Сайын далада теңдесі жоқ көшпелілер өркениетін қалыптастырды. Алып құрлықтың саяси-экономикалық даму барысына орасан зор ықпалын тигізді. Олар ұрпаққа асқақ рухын және өр намысын мирас етті.
Алтын Орда орта ғасырдағы алып мемлекет ретінде белгілі. Қазақ халқы осы ұлық ұлыстың тікелей мұрагері болып саналады. Одан кейін тарих төріне Қазақ хандығы шықты. Қазіргі таңда Қасым ханның қасқа жолын, Есім ханның ескі жолын, Әз Тәукенің Жеті жарғысын білмейтін қазақ кемде-кем.
Төл тарихымыздағы ең күрделі сәттерде халқымыз жұдырықтай жұмыла білді. Бұланты, Орбұлақ және Аңырақай шайқастары – осының айқын дәлелі.
Қазақтың елдік жолындағы ерлігі отаршылдыққа қарсы ұлт-азаттық қозғалыстарда айқын көрінді.
Алаш арыстары дербес мемлекет құру үшін жанын пида етті. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ел азаматтары майдан даласында ерлікпен шайқасты. Кеңес заманында зиялыларымыз тіліміз бен ділімізді сақтап қалу үшін аянбай еңбек етті", - деді мемлекет басшысы.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1947127-toqaev-alas-arystary-derbes-memleket-quru-usin-zanyn-pida-etti/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.