Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Мемлекет басшысы: Барлық саладағы реформаны жалғастыра береміз

Опубликовано:

Президент
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған салтанатты жиында ел тұрғындарын аянбай еңбек етуге шақырды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Ақорданың Twitter желісіндегі парақшасына сілтеме жасап.

"Тарихи уақыт өлшемімен қарағанда 30 жыл деген – қас-қағым сәт. Ал, өткен оқиғалар тұрғысынан бағаласақ, ғасырларға татитын мерзім. Қазақстан халқы үшін бұл – азаттық жылнамасының тұтас дәуірі. Жарқын болашағымызға жол салған ұлы жетістіктер кезеңі.

Енді Тәуелсіздіктің төртінші онжылдығына қадам басқалы тұрмыз. Бұл кезең бізге жаңа міндеттер жүктейді. Мемлекеттігімізді одан әрі нығайтып, халқымыздың әл-ауқатын арттыра түсуіміз керек. Сондықтан, барлық саладағы реформаны жалғастыра береміз.

Ең бастысы, бейбіт өмірді, тыныштық пен тұрақтылықты сақтай білуіміз қажет. Сонда азаматтарымыз Тәуелсіздіктің игілігін әрдайым сезінетін болады. Біздің мақсатымыз – осы.

Қазіргі ауқымды жұмыстың бәрі жарқын болашақ үшін жасалуда. Егемендік кезеңінде ойы азат, рухы биік Тәуелсіздік перзенттері өсіп-жетілді. Шын мәнінде, олардың әлеуеті өте зор, мүмкіндіктері орасан. Өскелең ұрпақ аға буынның тәжірибесін пайдаланып, үмітін ақтайды деп сенемін.

Тұғыры мызғымас мықты мемлекетіміз бар. Даму жолымызды нақты нұсқап тұрған стратегиялық мақсаттарымыз бар. Еліміз өзінің сара жолынан айнымай, алға қадам баса береді. Біз үшін Тәуелсіздік бәрінен қымбат.

Баға жетпес құндылығымызды қастерлеп, қуатты Қазақстанды дамыту үшін бәріміз жұмылып, бір ел болып аянбай еңбек етейік. Жалпыұлттық мерейтойымыз құтты болсын! Еліміздің абыройы асқақтап, беделі биіктей берсін! Елбасымыз аман болсын! Қазақстанымыз мәңгі болсын!" - деп сөзін қорытындылады мемлекет басшысы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1947139-toqaev-biz-usin-tauelsizdik-barinen-qymbat/

pixel