Қырғызстанның экс-президенті Асқар Ақаевқа қатысты қылмыстық іс тоқтатылды

Опубликовано:

Асқар Ақаев
Фото: Sputnik / Руслан Кривобок

Қылмыс құрамы болмауына байланысты Қырғызстанның экс-президенті Асқар Ақаевқа қарсы айыптаулар алынып, қылмыстық іс тоқтатылды, деп хабарлайды 24kg.

Тергеудің анықтауынша, Асқар Ақаев пен оның жақындары "Құмтор" жобасынан ақша алмаған. Қырғызстанның бұрынғы басшысы қазіргі таңда Мәскеуге ұшып кеткен. Бұл туралы оның серіктесі Бекболот Талгарбеков хабарлады.

"Асқар Ақаевтың Centerra Gold Inc-та бірде бір акциясы жоқ. 2003 жылы үкімет Centerra құру туралы шешім қабылдады. Келісімді мемлекеттік комиссия дайындады. Оның құрамына "Қырғызалтын", үкімет пен парламент өкілдері, сондай-ақ Ақылбек Жапаров та кірді. Келісімді үкімет бекітті", - деді Талгарбеков.

Ол мұның алдында Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюта қорының сарапшылары келісімге оң баға бергенін атап өтті.

Айта кетсек, бұған дейін Асқар Ақаев қырғыз халқынан кешірім сұрап, мемлекеттік комиссияны тексермегенін өз тарапынан кеткен қателік деп мәлімдеді.

Талгарбековтың айтуынша, егер Қырғызстанның бұрынғы президентіне қатысты сауалдар туындаса, ол қайтадан тергеуге шақырылады.

Еске сала кетсек, Асқар Ақаев 14 желтоқсанда туған еліне келген болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1947530-qyrgyzstannyn-eks-prezidenti-asqar-aqaevqa-qatysty-qylmystyq-is-toqtatyldy/