Ералы Тоғжанов үкіметтік комиссияның төрт шешімін жариялады

Опубликовано:

Ералы Тоғжанов
Ералы Тоғжанов. Фото: primeminister.kz

Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Маңғыстау халқына үндеу жолдап, үкіметтік комиссияның төрт шешімін жариялады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Құрметті маңғыстаулықтар, ардақты ағайын! Киелі Маңғыстау мекенінің мен үшін орны ерекше екені белгілі. Екі жылдан аса осы өңірде өздеріңізбен қоян-қолтық қызмет ету бақыты бұйырды. Аймақ жұртшылығының еңбекқорлығына, ыстық ықыласы мен дархан пейіліне мен өзім куәмін. Өздеріңізге белгілі, Қазақстан Республикасы президентінің тікелей тапсырмасына сәйкес құрылған Үкіметтік комиссия бүгін бірқатар нақты шешімдер қабылдады және шұғыл түрде жүзеге асырылуда", - делінген Тоғжановтың жолдаған бейнеүндеуінде.

Оның сөзінше, облыс аумағында газ құнының мөлшерін саралау "ҚазМұнайГаз" акционерлік қоғамының есебінен жүзеге асырылмақ.

"Біріншіден, сұйытылған газдың бір литрі үшін баға 50 теңге болып бекітілді. Облыстың қалалары мен аудандарында газ құнының мөлшерін саралау "ҚазМұнайГаз" акционерлік қоғамының есебінен жүзеге асырылатын болады.

Екіншіден, қазіргі уақытта біздің берген уәдемізге сәйкес, интернет ресрустары іске қосылды.

Үшіншіден, құқық қорғау органдарының наразылық акцияларына қатысушыларды қудаламауы туралы сол жерде әңгіме болды. Ол және нақты қабылданған шешімге байланысты жүзеге асып жатыр.

Төртіншіден, Қаражамбас кен қорының вахта жұмысшыларын Ақтау қаласына тасымалдау туралы осы комиссияға қатысқан азаматтардың нақты ұсыныстары болған. Ол да бүгінде нақты шешімін тапты. Сонымен қатар, өзге де әлеуметтік сұрақтар алдағы уақытта міндетті түрде қаралады. Ол мәселелердің шешімі мемлекет басшысының тікелей қадағалауында", - деді премьер-министрдің орынбасары.

Сондай-ақ, ол наразы халықты сабырға шақырды.

"Қадірлі бауырлар, сіздерді әр түрлі арандатуға және соның салдарынан болатын тәртіп бұзушылықтарға жол бермеуге шақырамын. Сабыр сақтап, тек қана ресми ақпараттарға сенулеріңізді сұраймын. Елдің бірлігі мен амандығы - біздің басты құндылығымыз екенін естеріңізге салғым келеді", - деді Ералы Тоғжанов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1949754-premer-ministrdin-orynbasary-eraly-togzanov-qazaqstandyqtarga-undeu-zasady/

jitsu gif