Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бізде 40-50 жылға жететін мұнай бар": Отандық сарапшы Қазақстанның экономикалық ахуалына баға берді

Жарияланған күні:

Мақсат Халық
Экономист Мақсат Халық. Кадр: YouTube/Nartai Aralbaiuly

Отандық экономист Мақсат Халық Қазақстанның сыртқы қарыздары, елдегі мұнай қоры, Қазақстанның экономикалық дамуына қатысты бірқатар жайттардың басын ашты. Ол өзінің маман ретіндегі ойы мен болжамдарын ортаға салды. Сарапшы журналист Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында көпті толғандырып жүрген мәселелерге қатысты ашық жауап берді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Мақсат Халық өз сөзінде Қазақстан мұнай қоры жөнінен әлемдегі үздің 12 мемлекеттің қатарына кіретінін жеткізді. Алайда солай болғанымен де, бізге мұнай өндірісінің 20 пайызы ғана тиесілі дейді ол.

"Мұнайды экономиканың драйвері дейді ғой. Ол жөнінен әлемде мұнайлы елдердің қатарына, яғни үздік 12 елдің ішіне кіреміз. Оны біз жылына қанша мұнай өндіреміз, соған қарап айтуға да болады. Тура қазіргідей өндіріс көлемі сақталатын болса, алдағы 40-50 жылға жететіндей мұнай қоры бізде бар. Келешекте мұнай өндірісінің көлемін арттыру мәселесі де қарастырылуда. Ондай жағдайда ол жылдар қысқаруы мүмкін. Бірақ бір мәселе бар. "Неге біз Сауд Арабиясындағыдай шалқып өмір сүре алмаймыз. Неге мұнайдан түскен қаражат әрбір азаматқа үлестіріліп берілмейді" деген сұрақтар көп келеді.

Қарапайым ғана мысал айтайын, өткен жылы құны 27,7 млрд долларға тең 68,5 млн тонна көлемінде мұнай экспорттадық. Яғни сатып жібердік. Оны халық санына бөле салуға болады. Әрбір адамға бір жылда 1400 доллардан тиісті болады екен. Бірақ мұнайдың барлығы біздің еншімізде емес, 20 пайызы ғана біздің мемлекеттік компанияларға тиесілі. Ал сол 20 пайызды бөлсек, онда 680 доллардан шығады екен әр тұрғынға. Қалғанының барлығы шетелдік компаниялардікі", - дейді ол.

Экономистің айтуынша, кез келген мемлекеттің болашаққа арнап сақтайтын ақша қоры сол елдің Ұлттық қорында сақталады.

Сарапшы еліміздің Ұлттық қорындағы қаражат та жыл сайын азайып келе жатқанын, ал бұл мәселені шешу үшін қордан жыл сайын жұмсалатын шығынның көлемін азайту мәселесін қарастырған жөн екенін баса айтты.

Себебі, Ұлттық қордың "Келешек ұрпақ қоры" деп аталатын бөлігін сақтап қалуға мейлінше күш салу қажет, дейді экономист.

"Негізі мен ойлаймын халықтың жағдайы жақсара бастаған кезде Ұлттық қордан ақша алуды азайту керек. Тым болмағанда 200 млрд долларға жеткізсек, онда бізге 20 млрд доллар жыл сайын келіп тұрар еді. Ал біз сияқты дамушы ел үшін бұл өте жақсы көрсеткіш болар еді. Онда біз ғылымды да, білімді де, денсаулық сақтау жүйесін жақсартуды жүзеге асыра алатын едік.

Ал біз пандемиямен күрес барысында 2020 жылы 4,7 трлн теңге, былтыр 3 трлн теңге, биыл да осы көлемде ақша алдық. Бұл сома жыл сайын қысқарып отырады. Дегенмен, бұл көп. Есеп комитеті биыл бұл мәселені ерекше атап өтті. Егер Ұлттық қордың көлемі жалпы ішкі өнімнің 30 пайызы ғана болып қалса, онда ол қауіпті, яғни жоғалуы мүмкін дейді олар. Қазірде бұл бізде 33 пайыз болып тұр. Аз қалды. 30 пайызға түсіп қалсақ, Қазақстандағы Ұлттық қор өспей қалуы мүмкін", - деді ол.

Сонымен бірге, экономист сұхбат барысында көптің көкейінде жүрген "Неге мұнай өндірісін толықтай өзіміз қолға алмаймыз?" деген сұраққа да жауап бере кетті.

"Біз 90-жылдары мұнайдың біраз үлес салмағын беруге мәжбүрлі болдық. Себебі бізде мұнай саласын өндіруге қатысты технологиялар да, арнайы қондырғылар да болған жоқ. Компаниялар келіп, өндірісін жүзеге асыру үшін келісім-шартқа отырды", - дейді ол.

Бұл ретте, Мақсат Халық қазіргі таңда Қазақстан өзінің инвестициялық тартымдылығынан айырылып қалуы мүмкін деген болжам айтты. Ал қаңтардың басындағы тәртіпсіздіктер бұған себеп болуы мүмкін. Себебі, инвесторлар бір мемлекетке қаражат салмас бұрын, ондағы саяси ахуалға да мән береді, деп түсіндірді маман.

Сарапшының айтуынша, бүгінгі күні инвесторлар Қазақстаннан гөрі Өзбекстанға қаражат салуға көбірек көңіл бөліп отыр. Ол "Өзбекстандағы инвестициялық ахуалдың динамикасы артқаны байқалатынын" жеткізді.

Сұхбат кезінде маман Қазақстанның сыртқы қарызына қатысты да пікір білдірді. Ол "Қазақстанның сыртқы елдерге қарызы әр тұрғынға шаққанда 7-8 мың доллардан келеді" деген ел арасында таралған қауесеттердің де басын ашты.

"Бірден айтайын, бұны депутаттардың арасында да шығып, жөргектегі балаға дейін 9 мың доллардан қарыз деп айтқандар болды. Бұл енді өтірік. Дұрыс есептелмеген. Сыртқы қарызды алды да 19 млн халыққа бөле салды, сосын осылай көрсетті. Сыртқы қарыз дегенде, оның ішінде тікелей елге тартылған инвестиция бар.

Ол инвесторлар сырттан келіп, осы жерде ірі компаниялары болса, еншілес компаниялар құрып, жаңа технологияларын алып келеді. Халыққа жұмыс береді. Ол жақсы тенденция. Ол керек. Оның өзіндік пайдасы бар. Одан қорықпауымыз керек. Сыртқы қарыздың ең үлкен бөлігі - 100 млрд доллардан астамы соларға тиесілі", - деген ол сыртқы қарыздың бұл бөлігінен айтарлықтай қауіп жоқ екенін айтты.

Десе де, тікелей үкіметке, Ұлттық банкке, сонымен бірге квазимемлекеттік секторға жататын түрлі ұлттық компанияларға тиесілі қарыз көлемі ашық деректерге сәйкес шамамен 40 млрд долларды құрайды, дейді Мақсат Халық. "Бұл үкіметтің жауапкершілігі бар, қауіпті, тәуекелі бар қарыздар" екенін атап өтті экономист.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1952277-otandyq-sarapsy-qazaqstannyn-ekonomikalyq-axualyna-baga-berdi/