Ольга Перепечина сенат төрағасының орынбасары болып сайланды
Жарияланған күні:
Парламент сенаты төрағасының орынбасары болып Ольга Перепечина сайланды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Айта кетейік, бұған дейін аталған қызметті Орталық сайлау комиссиясына төраға болып тағайындалған Нұрлан Әбдіров атқарған еді.
Ал Ольга Перепечина сенаттың Қаржы және бюджет комитетін басқарған болатын.
"Ол өз ісінің нағыз шебері, тәжірибелі сенатор. Ольга Валентиновна (Перепечина - ред.) Солтүстік Қазақстан облысы атынан екі рет сенат депутаты болып сайланды. Сенатор ретінде белсенді жұмыс істеді, соңғы төрт жылда Қаржы және бюджет комитетін басқарды.
Комитет төрағасы ретінде қашанда табандылық танытып, мемлекет мүддесін бәрінен жоғары қойып, қаржы саласындағы заңдарды қабылдауға тікелей атсалысты", - дейді сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.
Ольга Перепечина 1967 жылы 23 тамызда туған. Қорған ауылшаруашылық институтын бітірген. Мамандығы – экономист.
Еңбек жолын 1989-1992 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы Бескөл ауданы Новокаменка ауылында "Новокаменский" совхозының экономисі ретінде бастаған.
Әр жылдары ол СҚО қаржы басқармасының бастығы, СҚО статистика департаменті директорының орынбасары, директоры болған.
2014 жылғы 17 қазаннан бастап Солтүстік Қазақстан облысынан VI шақырылған парламенті сенатының депутаты атанып, 2017 жылы Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы лауазымына келді.
Одан бөлек, Ольга Перепечина бірнеше медаль және грамоталармен марапатталған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1953212-olga-perepecina-senaty-toragasynyn-orynbasary-bolyp-sailandy/