Президент: "Nur Otan" партиясына төрағалық ету – аса жауапты жұмыс
Жарияланған күні:
"Nur Otan" партиясының кезектен тыс съезінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға үндеу жасады, деп хабарлайды Ақорданың Twitter әлеуметтік желісіндегі парақшасы.
Алдымен президент "Nur Otan" партиясының төрағасы болып сайлануына байланысты өз ойын жеткізді.
"Nur Otan" партиясына төрағалық ету – аса жауапты жұмыс. Осы міндетті атқаруды маған ұсынып, қолдау көрсеткендеріңіз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар, мемлекет басшысы еліміздегі жаппай тәртіпсіздіктер туралы айтып өтті.
"Өздеріңізге мәлім, қаңтар айының басында халқымыз қайғылы оқиғаларды бастан өткерді. Өкінішке қарай, бейбіт митингілерді радикалды күштер өз мақсатына пайдаланып кетті. Лаңкестер мемлекетімізге шабуыл жасап, ел тыныштығын бұзды. Олар билікті басып алуға тырысты.
Біз шұғыл шаралар қабылдап, лаңкестерге, қарақшыларға тойтарыс бердік. Заңдылық пен қоғамдық тәртіпті қалпына келтірдік. Мемлекетіміздің тұтастығын сақтап қалдық", - деді ол.
Президенттің сөзінше, құзырлы органдар кінәлі адамдарды анықтап, жауапқа тарту үшін тергеу жүргізуде.
"Бұл жұмыс тек заң аясында жүзеге асырылатынына күмән болмауға тиіс. Бәрі Бас прокуратураның және менің жеке бақылауымда болады. Адам құқығын міндетті түрде сақтаймыз", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы орайда мемлекет басшысы еліміз бірліктің арқасында сын-қатерге төтеп бергенін алға тартты.
"Бұдан былай мұндай қасіретке жол бермейміз. Халқымыз бірлігінің арқасында осы сын-қатерге төтеп берді. Қазір алдымызда барлық саланы қайта жаңғырту міндеті тұр. Бұл – мемлекеттік аппаратты ғана жаңарту деген сөз емес", - деді президент.
Айта кетейік, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Nur Otan" партиясының Төрағасы болып сайланғанын жазған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1953534-prezident-nur-otan-partiyasyna-toragalyq-etu-asa-zauapty-zumys/