Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жемқорлыққа қатысты сауал бола ма деп күтіп ем": Қошановтың мәжілістегі алғашқы жұмыс күні қалай өтті

Опубликовано:

Ерлан Қошанов
Ерлан Қошанов. Кадр: Мәжілістің жалпы отырысынан/YouTube

Парламент мәжілісінің күні кеше сайланған төрағасы Ерлан Қошанов бүгін мәжілістің жалпы отырысын өткізді. Алғашқы жұмыс күніндегі жиынды қазақша бастаған Ерлан Жақанұлы отырыста ауылшаруашылық саласындағы жемқорлық мәселесін айналып өткен депутаттарды сынға алды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Мәжіліс спикері ел президентінің "Жаңа Қазақстан" құру идеясын жүзеге асыруда депутаттарға артылар жауапкершіліктің зор екенін еске салды. Ол әріптестерін осы мақсатта бірлесе нәтижелі жұмыс істеуге шақырды.

Одан бөлек, жиында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне асыл тұқымды мал шаруашылығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заң жобасы бойынша ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев баяндама жасады.

Баяндама аяқталған соң, әдеттегідей депутаттар министрге тиісті сұрақтарын қойып, жауап алды. Алайда мәжіліс төрағасы саладағы жемқорлық мәселесіне қатысты сұрақ қоймаған депутаттарды сынға алды.

Ерлан Қошанов өз тарапынан аграрлық саладағы олқылықтарға тосқауыл болу үшін не істеу керектігін заң аясында анықтауды тапсырды.

"Менде аграрлық комитетке бір ұсыныс бар. Кеше ғана президенттің қатысуымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәселелер бойынша үлкен жиын өтті. Соның ішінде агенттік тарапынан да, президент тарапынан да ауылшаруашылық министрлігіне сын айтылды. Бұл жылдар бойы келе жатқан жемқорлық бірінші кезекте субсидияға байланысты. Ол неліктен болды? Ол, біріншіден, жергілікті жерлердегі лауазымды тұлғалардың қолдарының таза еместігінен туындап отыр.

Екіншіден, біздің заңдардың соған тосқауыл бола алмауынан. Мен бүгін соған қатысты сұрақ бола ма деп күтіп ем. Өкінішке қарай, болмады. Сол жағдайлардың қайталанбауы үшін қандай тосқауыл қоямыз заң жағынан? Бұл – менің депутат ретінде ұсынысым комитетке", - деді мәжіліс төрағасы.

Сондай-ақ, ол президенттің қатысуымен өткен жиында айтылған жемқорлық проблемаларын мәжілістің аграрлық мәселелер комитетінің талқыламағанын сынға алды.

"Кешегі президент көтерген, агенттік көтерген мәселені комитет талқылауы керек. Неліктен? Мұндай жағдайды тағы да болдырмас үшін қандай шаралар қолдану керектігін анықтау үшін. Егер елден хабарларыңыз болса, аудандардың барлығында осы мәселе қатты талқылануда. Көптеген, ондаған адам түрмеде отыр осы бойынша.

Министр менің сөзіме дәлел бола алады. Солай ғой? Бұл бұрыннан, қаншама жылдан бері келе жатқан, әбден тамыры тереңге жайылған үрдіс болып кеткен. Бұл менің депутат ретінде комитетке ұсынысым. Министрлікпен бірге жақсылап талқылап, екінші оқылымға дейін осыған тосқауыл болатын ұсыныстар енгізіңіздер", – дейді Ерлан Қошанов.

Жиын кезінде Ерлан Қошанов "Қаңтар оқиғасы" кезінде депутаттарға сын айтылғанын да еске салып, әріптестерін халықпен кері байланыс жасауға шақырды. Ол ең алдымен парламент жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.

"Халық сайлаған депутаттар ең алдымен өз сайлаушыларына жақын болуы қажет. Қоғамның үнін естіп, халықтың тілін түсіну және дер кезінде шаралар қабылдау - кез келген келеңсіздіктің алдын алудың негізгі алғы шарты екені түсінікті.

Сондықтан алдағы уақытта депутаттар корпусының азаматтық сектормен, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен, әсіресе өңірлердегі қоғам белсенділерімен тығыз байланысын одан әрі жандандыратын боламыз.

Бұл – президент бекіткен "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" қағидасын нәтижелі жүзеге асырудың басты ұстанымы", – дейді мәжіліс төрағасы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1954200-zemqorlyqqa-qatysty-saual-bola-ma-dep-kutip-em-qosanovtyn-mazilistegi-algasqy-zumys-kuni-qalai-otti/

pixel