Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тоқаев қаңтар оқиғасы жайлы: Құрбан болғандардың саны өте көп, бұл менің де жаныма батады

Опубликовано:

Тоқаев және Путин11
Фото: Ақорда

Мәскеуге жұмыс сапарымен барған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинмен келіссөз жүргізді. Одан бөлек, кездесу барысында мемлекет басшылары Қазақстанда болған қаңтардағы қайғылы оқиғаларға қатысты пікір білдірді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап хабарлайды.

Өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуге сапармен келуге шақырғаны және дәстүрлі түрде қонақжайлық көрсеткені үшін Ресей көшбасшысына ризашылығын білдірді және елімізде болған қаңтардағы қайғылы оқиғалар жайлы сөз қозғады.

"Владимир Владимирович, ең алдымен, Мәскеуге сапармен келуге шақырғаныңыз үшін алғыс айтамын. Шын мәнінде, бұл Жаңа жылдан кейінгі, өкінішке қарай, елімізде болған қаңтардағы қайғылы оқиғалардан кейінгі алғашқы сапарым. Бұл еліміздің конституциялық құрылысына нұқсан келтіріп, мемлекеттік төңкеріс жасау мақсатымен Қазақстанға шабуыл жасаған халықаралық лаңкестер мен бұзақылардың мұқият дайындаған операциясы болды.

Қазір тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алғашқы нәтижелері де бар. Өкінішке қарай, құрбан болғандардың саны өте көп. Бұл менің де жаныма батады. Қаза болғандардың жақындары мен туыстарына көңіл айттым. Әрбір жағдай жіті тексеріледі. Кінәлілер анықталып, жауапқа тартылады.

Елімізге бітімгерлік күштерін жіберу жөніндегі Қазақстанның үндеуіне жылы әрі іскерлікпен қарағаныңыз үшін Сізге тағы да ризашылығымды білдіремін. Бітімгерлік контингент стратегиялық нысандарды күзету тұрғысынан өте маңызды рөл атқарды", – деді мемлекет басшысы.

Владимир Путин де қаңтардағы қайғылы оқиғаларға қатысты өзінің пікірін білдірді.

"Қазақстанды ел ішіндегі күрделі жағдайды пайдаланған қандай да бір халықаралық бүлікшілердің құрбаны болды десек, артық айтқандық емес. Ресей Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттің бірі ретінде Шарттың 4-бабына сәйкес Қазақстанға көмек қолын созды.

Дегенмен, Қазақстан басшылығы негізгі рөл атқарды, сондай-ақ өздерінің ісіне, антына және халқына адал құқық қорғау органдары мен қарулы күштер өздеріне жүктелген міндетті орындады. Осы оқиғалар кезінде қираған нысандарды қалпына келтіру үшін көп күш жұмсау қажет екенін де білемін. Бірақ Қазақстан Сіздің табандылығыңыздың арқасында нық тұр және Сіздің басшылығыңызбен белсенді дамуда", – деді Ресей президенті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1955594-toqaev-pen-putin-qantardagy-qaigyly-oqigalar-zaily-soz-qozgady/

pixel