Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Көтерілген мәселелер шешіледі": Нұрлан Ноғаев маңғыстаулықтарға тағы да үндеу жасады

Опубликовано:

Нұрлан Ноғаев
Нұрлан Ноғаев. Видеодан кадр: instagram.com/akimat_mangystau

Маңғыстау облысында бірнеше кәсіпорын жұмысын тоқтатқан. Осыған байланысты өңір әкімі Нұрлан Ноғаев маңғыстаулықтарға үндеу жасады.

"Құрметті маңғыстаулықтар! Соңғы күндері Жаңаөзен қаласындағы бірнеше кәсіпорын жұмысын тоқтатты. Жұмысшылардың бір бөлігі жұмыс берушілерге жалақыны көтеру мәселесін қойып отыр. Қазіргі уақытта Жаңаөзен қаласында "Қазмұнайгаз" компаниясының басшысы Алик Айдарбаев жұмыс істеп жатыр. Ол еңбек ұжымдарымен кездесіп, қалыптасқан жағдайды және оларды шешу жөніндегі қолға алынып жатқан шараларды түсіндіруде", - дейді Нұрлан Ноғаев.

Өңір басшысының сөзінше, екінші апта қатарынан облыс әкімінің бірінші орынбасары Абзал Меңдібаев бастаған арнайы комиссия Жаңаөзен қаласында жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналастыру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Ноғаев бұл мәселеде алға ілгерілеушілік бар екенін атап өтті.

"Құрметті жерлестер! Мен барлығын жақсы түсінемін. Проблемалар бар. Оларды шешу үшін біз барлық мүдделі тараптармен жүйелі түрде жұмыс істеуіміз керек. Қанша қаласақ та, өңірдің барлық тұрғынын бір мезетте мұнай-газ саласына жұмысқа орналастыру мүмкін емес.

Бірақ біз шағын және орта бизнес кәсіпорындарында, басқа да мемлекеттік және басқа кәсіпорындарында жаңа жұмыс орындарын құрып, өңір экономикасын әртараптандыруға тиіспіз. Халықтың және елдің амандығы үшін баршаңызды сабыр сақтауға және түсіністік танытуға шақырамын. Көтерілген мәселелер шешіледі. Бірақ бірден емес. Ол үшін уақыт қажет", - дейді облыс әкімі.

Нұрлан Ноғаевтың сөзінше, қысқа уақыт ішінде "Өзенмұнайгаз" АҚ Жаңаөзен қаласының 150 жұмыссыз азаматын жұмысқа орналастыруы қажет. Сондай-ақ, ол тағы 150 тұрғынды сервистік мекемелерге жұмысқа қабылдау жоспарланыпп отырғанын айтты.

"Мен мекеме жұмысшыларын және кәсіподақ ұйымдарын жұмысберушімен конструктивті диалог құруға шақырамын. Еліміздің президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бірнеше рет атап өткендей, бізге қордаланған мәселелерді үстел басында шешу керек", - дейді ол.

Айтуынша, Маңғыстау облысының әкімдігі "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының басшылығымен, басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп, жағдайды ерекше бақылауда ұстап отыр.

Одан бөлек, Жаңаөзендегі шағын және орта бизнес субъектілері қосымша тағы 50 жаңа жұмыс орнын ашады. Осылайша, арнайы әзірленген алгоритм негізінде Жаңаөзен қаласының жұмыссыз азаматтары кезек-кезегімен жұмысқа орналастырылмақ.

"Біз жұмысқа орналастырудың осы алгоритмінің ашықтығы мен адалдығына кепілдік береміз. Жаңаөзен қаласының тұрғындары да комиссия құрамында бар.

Құрметті маңғыстаулықтар! Өңір басшысы ретінде, әрі осы облыстың жанашыр тұрғыны ретінде, арандатушылыққа бой алдырмауды және популистік ұрандар мен бос уәделерге алданып қалмауларыңызды сұраймын. Біз барлық қиындықты бірге жеңеміз! Сіздерді ақылмен шешім қабылдап, әділдік танытады деп сенемін!", - дейді Нұрлан Ноғаев.

Еске сала кетсек, бұған дейін де Нұрлан Ноғаев Маңғыстау тұрғындарына үндеу жасаған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1956251-koterilgen-maseleler-sesiledi-nurlan-nogaev-mangystaulyqtarga-tagy-da-undeu-zasady-video/

pixel