Энергетика министрлігі: Қазақстанда АЭС салу мәселесі 2022 жылы шешімін табады
Жарияланған күні:
Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов Сенат отырысынан кейін Қазақстанда АЭС салу туралы шешім қашан қабылданатынын айтты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Жандос Нұрмағанбетовтың айтуынша, АЭС салу мәселе әлі қарастырылуда.
"Атом электр станциясын салатын алаң таңдап алынған жоқ. Салу мәселесі қаралып жатыр. Жүргізілген есептер Қазақстанның экологиялық кодексте қойылған міндеттерге қол жетікізуі үшін сыртқа қалдық тастамайтын жаңа генерация салу қажеттігін көрсетті.
Көмірсутексіз генерацияға осы атом станциясы жатады. Сондықтан атом станциясын салу мәселесі қаралып отыр. Бірақ алаң мен көлемі, мөлшері әлі анықталмады. Бұл туралы шешім 2022 жылы белгілі болады деп ойлаймын", - деді ол.
Сондай-ақ, вице-министр атом станциясын салуға бірнеше алаң қарастырылып жатқанын жеткізді.
"Кеңес дәуірінде бұл мәселе Үлкенде, Курчатовта, Батыс Қазақстанда да қаралды. Айтпақшы, Батыс Қазақстанда атом станциясы болды", - деп түйіндеді сөзін спикер.
Еске салсақ, елімізде атом электр станциясын салу қажеттігі туралы мәселені мемлекет басшысы көтерген болатын. Президент таза атом энергиясынсыз инвестицияны айтпағанда, бүкіл экономикамыздан, аймақтық көшбасшылықтан айырыламыз деген еді.
Одан бөлек, энергетика министрі Болат Ақшолақов АЭС салу мәселесі ұзақ мерзімді екенін, оған бірнеше жыл кетуі мүмкін екендігін айтқан болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1956577-energetika-ministrligi-qazaqstanda-aes-salu-maselesi-2022-zyly-sesimin-tabady/