Мемлекет басшысы Қаңтар трагедиясы жайлы: Жағдай мүлдем басқа арнаға бұрылып кетті
Жарияланған күні:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Qazaqstan" ұлттық телеарнасына берген сұхбатында "Қасіретті қаңтар" оқиғасына тоқталып өтті. Президент бейбіт шерулердің соңына қарай алаңға нағыз лаңкестер шығып, бүлікшілер мыңдаған қару-жарақты ұрлап кеткенін мәлімдеді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Жыл басындағы қанды оқиға, өкінішке қарай, көп адамның өмірін жалмады. Митингіге шыққандардың бәрі лаңкес пе? Негізі, адамдар басында бейбіт шеруге шықты емес пе?", - деп сұрады журналист Жайна Сламбек президенттен.
"Әрине, бастапқыда бейбіт шерулер болды. Мұны бәріміз көрдік. Еліміздің әр аймағында азаматтар алаңға жиналып, өз талаптарын айтты, тіпті, наразылықтарын білдірді. Шынын айтсақ, әуелде ешқандай қирату, қылмыстық әрекеттер болған жоқ.
Бірақ, жағдай кейін мүлдем басқа арнаға бұрылып кетті. Арандатушылар мен қарақшылар пайда болды. Олардың шынайы мақсаты бейбіт митингіге қатысу емес, билікке шабуыл жасау болды.
Бір сөзбен айтқанда, соңына қарай алаңға нағыз лаңкестер шықты. Бүлікшілер мыңдаған қару-жарақты ұрлап кетті.
Қазіргі уақытта полиция оларды іздеп жатыр. Әзірге түгелдей табылған жоқ. Бұзақылар сол қарудан тағы да адам атуы әбден мүмкін. Сонда мұны кім істеді деген сұрақ?", - деп жауап берді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1956660-zagdai-muldem-basqa-arnaga-burylyp-ketti-toqaev-qantar-tragediyasy-zaily-soz-qozgady/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.