Қазақстанның болашағы қандай болады: Мемлекет басшысы жауап берді
Жарияланған күні:
Президент Қaсым-Жомарт Тоқаев "Qazaqstan" ұлттық арнасына берген сұхбатында Қазақстанның болашағына қатысты өз ойын білдірді.
– Сіздің пікіріңізше, Қазақстанның болашағы қалай болады? Кешегі оқиғалардан кейін көпшілігімізге "Егемендігімізді сақтап қала аламыз ба?" деген ой келгені рас...
– Біздің халқымыз талай "тар жол, тайғақ кешуді", қилы заманды басынан өткерген. Қиындықтың бәрін жеңген. Кешегі қасіретті оқиға кезінде халқымыз бірлігін көрсетті. Осы құндылықты келешек ұрпаққа аманат етуіміз керек.
Қазақстанның болашағы жарқын болатыны сөзсіз. Мен бұған кәміл сенемін. Біздің бір ғана Отанымыз бар. Басқа Отанымыз жоқ. Болмайды да. Еліміздің тәуелсіздігі бәрінен қымбат. Бұл – аксиома, ақиқат. Оны көздің қарашығындай сақтау – ортақ парызымыз.
Ал, егемен ел дегеніміз қандай ел? Бұл – әлемдік үдеріске бейімделген біртұтас халық. Дербестігін жалаң сөзбен, немесе ұранмен емес, нақты іспен дәлелдей білген ел.
Демек, "Егемендікті сақтап қаламыз ба?" деген күмәнді ой ешкімде болмауы керек. Ол қисынсыз тұжырым, қисынсыз сөз. Керісінше, әрқайсымыз "Тәуелсіздігімізді қалай бекем ұстап қаламыз?" деп ойлануға тиіспіз.
Тілімізге келсек, оны да сақтап қаламыз. Басқаша болмайды, себебі, тарихымыздағы ең күрделі кезеңдерде тіліміз көзі ашық ағаларымыздың, қарапайым халқымыздың арқасында аман қалды.
Дегенмен тіл реформасын жасауымыз керек. Мәселе латын графикасына жедел түрде көшу емес. Бұл мәселеге байыппен қараған жөн. Сараптама жасалуға тиіс.
Қисынсыз нәрсенің пайдасы жоқ. Әсіресе тілге келгенде, асығыстық танытуға болмайды. Себебі бұл өте нәзік дүние.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1956675-qazaqstannyn-bolasagy-qandai-bolady-memleket-bassysy-zauap-berdi/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.