Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Белгілі депутат балабақшаларға қаражат неге жетпей жатқанын айтты

Опубликовано:

Көрнекі
Көрнекі фото: pixabay.com

Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл балабақшаларға қаражат неге жетпей жатқанын айтты, деп хабарлайды Қазақпарат.

Оның сөзінше, депутаттық сауал мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру әдістемесіне қатысты болмақ.

Бақытбек Смағұл бұл мәселеде үлкен проблема бар екенін өңірлерге барғанда танысып білген.

"2017 жылы білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен білім беру мекемелерін жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру әдістемесі бекітілген, оның ішінде мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдары да қамтылған. Бұл әдістеме 2020 жылы Қызылорда қаласында, ал 2021 жылдан бастап облыс бойынша қолданыла бастады.

Осы кездегі тәжірибе әдістемеде ескерілмеген бірқатар жәйттарды көрсетті. Жобалық қуаты төмен балабақшаларға осы әдістемемен есептелген қаржы жеткіліксіз. Нәтижесінде, балабақшаларда еңбекақы мен коммуналдық қызметтерге берешектер қалыптасып, қызметкерлердің заңды ренішін тудыруда", - деді халық қалаулысы білім және ғылым министрлігіне жолдаған сауалында.

Депутаттың сөзінше, балабақшалардағы штат құрылымы үкіметтің 2008 жылғы 30 қаңтардағы 77 қаулысына сәйкес болуы тиіс. Алайда, әдістемемен есептелген қаржы жеткіліксіз болғандықтан, нақты штат саны көптеген жағдайда қажеттілікке сәйкес емес.

"Министрліктің бұйрығымен бекітілген әдістеме үкімет қаулысын орындамауына әкелуде. Қызметкерлер толық штаттың орнына 0,5-0,75 штат бірлігімен жұмыс істеп, олардың еңбек құқықтары бұзылып жатыр. Бұдан бөлек, бір Қазалы ауданы бойынша бүгінгі таңда 17 бала-бақшаға жабылу қауіпі төніп тұр. Сонымен қатар, дәл осындай жағдай Түркістан облысында да орын алуда", - деді Бақытбек Смағұл.

Айта кетейік, Бюджет кодексінің 42-бабының 7-тармағы бойынша, министрліктің қабылданған бұйрығы жергілікті бюджет шығыстарының ұлғаюына әкелуіне байланысты жетіспейтін қаржы республикалық бюджет есебінен өтелуі тиіс.

"Алдағы уақытта мұндай жағдай орын алмау үшін әдістемеде жобалық қуаты төмен бала-бақшалардың нормативіне жоғарылату коэффициенті қолданылуы керек және жылуға қажетті қаржы әдістемеден тыс бөлек есептеліп қаралуы тиіс", - деді халық қалаулысы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1959910-belgili-deputat-balabaqsalarga-qarazat-nege-zetpei-zatqanyn-aitty/

pixel