Қымбат көліктер мен элиталық пәтерлер: Мәсімов ісі бойынша тергеудің кей нәтижелері жария болды (фото)
Жарияланған күні:
Ұлттық қауіпсіздік комитеті мемлекетке опасыздық жасау, билікті күшпен басып алу және лауазымдық міндеттерін асыра пайдалану күдігі бойынша Кәрім Мәсімов пен басқа да адамдарға қатысты қылмыстық істі жалғастырып жатыр, деп хабарлайды комитет сайты.
Сонымен қатар, тергеу барысында Кәрім Мәсімовтің іс-әрекетінде көптеген сыбайлас жемқорлық белгілері анықталды.
Отандық бизнес қауымдастықтары мен шетелдік субъект өкілдерінен жылжымайтын мүлік, қымбат сыйлықтар, соның ішінде мәдени құндылықтар, елеулі мөлшерде ақшалай қаражат алу фактілері әшкере болып отыр.
Атап айтқанда, Мәсімовтің ҰҚК төрағасы қызметін атқарып жүргенде жабық келісімшарттардың бірімен шетелдік мемлекет өкілдерінен 2 млн АҚШ доллары сомасында пара алу фактісі бойынша тергеу жүргізілуде.
Осы қаражатты Гонконгтан Қазақстан Ұлттық банкіне қайтару қамтамасыз етілді.
Сонымен қатар, Мәсімовтің премьер-министр қызметін атқарып жүргенде бизнес-құрылымның бірінен астанадан құны 2,5 млрд теңге элиталық тұрғын үй мен жер телімін алу фактісі бойынша тергеу жүргізілуде.
2022 жылғы қаңтарда Мәсімовті ұстағаннан кейін осы тұрғын үйде 17,2 млн АҚШ доллары мөлшерінде қолма-қол ақша, сондай-ақ көптеген құнды зат – элиталық сағаттар, алтын кесектері, антиквариат және басқалары тәркіленді.
Бұдан басқа, бизнес санаттағы 11 қымбат көлік тәркіленді.
Мүліктеріне – Нұр-Сұлтан қаласындағы екі элиталық пәтер, Алматы қаласынан 2 пәтер мен дербес сарай, сондай-ақ Щучье-Бурабай шипажайы аймағы көлінің жағасындағы аумағы 1 га жер теліміне тыйым салынды.
Сондай-ақ, Мәсімовпен жақын байланыста болған адамдардан 5,1 млн АҚШ доллары тәркіленген.
Сондай-ақ Кәрім Мәсімов пен оның айналасындағылар шетел банктеріне заңсыз шығарған аса ірі мөлшердегі ақшалай қаражатты іздестіру, бұғаттау және Қазақстанға қайтару бойынша жұмыс ұйымдастырылды.
Барлық көрсетілген факті бойынша қарқынды жедел-тергеу іс-шаралары жүргізілуде.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1960061-uqk-masimov-toraga-bolgan-uaqytta-2-mln-dollar-somasynda-para-algan/