Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Сыртқы істер министрі Қазақстанның Украинадағы ахуалға қатысты ұстанымын айтты

Жарияланған күні:

Мұхтар Тілеуберді
Мұхтар Тілеуберді. Фото: primeminister.kz

Еліміздің Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мәжіліс кулуарында Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Тимур Сүлейменовтің ЛХР мен ДХР-ды мойындау бойынша Қазақстан ұстанымын нақтылған сұхбатына қатысты пікір білдірді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

БАҚ өкілдері министрден "Тимур Сүлейменовтің аталған сұхбаты келісілген бе, әлде бұл оның жеке ойы ма?" деп сұрады.

"Біріншіден, ол ресми тұлға. Әлбетте (келісілді - ред.), ол сұхбатты шетелдік басылым журналистерінің өтініші бойынша берді", - деді Тілеуберді.

Министр сондай-ақ Ресейге қарсы санкцияларға қатысты сауалдарға да жауап берді.

"Біз қазіргі уақытта Луганск халық республикасын да, Донецк халық республикасын да мойындамаймыз", - деді ол.

Одан бөлек, Тілеуберді АҚШ пен Еуропалық одақ енгізген санкциялардың барлығы Ресейге қарсы бағытталғанын атап өтті.

"Біз бұл санкцияларға қосылмаймыз, бірақ біз үшін екі сәт өте маңызды. Біріншіден, бұл санкциялардың Қазақстан экономикасының дамуына кері әсері болмас үшін. Екіншіден, біздің аумақ бұл санкцияларды айналып өтуге пайдаланылмауы үшін", - деді Мұхтар Тілеуберді.

Айта кетсек, бұған дейін Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Тимур Сүлейменов EURACTIV еуропалық басылымына берген сұхбатында "Қазақстан АҚШ пен Еуропалық одақтың Ресейге қарсы санкцияларын айналып өту құралы болмайды" деп мәлімдеген еді.

Сондай-ақ Сүлйменов Қазақстанда Украинадағы ахуалды қалай атайды деген сауалға да жауап берді. Себебі ресейлік БАҚ "соғыс" сөзін қолданбайды, болып жатқан жайттарды "арнайы операция" деп атайды.

"Бізде әр нәрсені өз атымен атауға қатысты мәселе жоқ. Ресей "соғыс" сөзіне тыйым салатын заң енгізу туралы шешім қабылдады. Олар мұны арнайы әскери операция деп атайды. Бірақ өкінішке қарай, біз Қазақстанда оны қалай бар солай атаймыз", - деп келтіреді басылым Сүлейменовтің сөзін.

Одан бөлек, Сүлейменов Қазақстан ЛХР мен ДХР тәуелсіздігін мойындамайтынын атап өткен.

"Әрине, Ресей біздің олардың жағында болғанымызды қалады. Бірақ Қазақстан Украинаның аумақтық тұтастығын құрметтейді. Біз Қырымдағы жағдайды да, Донбасстағы жағдайды да мойындаған жоқпыз және мойындамаймыз. Өйткені оны БҰҰ мойындаған жоқ. Біз БҰҰ деңгейінде қабылданған шешімдерді ғана құрметтейміз", - деді Президент әкімшілігі басшысының орынбасары.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1963574-syrtqy-ister-ministri-qazaqstannyn-ukrainadagy-axualga-qatysty-ustanymyn-aitty/