Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Берік Асылов президентке қаңтар оқиғасын тергеп-тексеру жұмыстарының барысы туралы баяндады

Опубликовано:

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Берік Асылов
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Берік Асылов. Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің Бас прокуроры Берік Асыловты қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.

Кездесу барысында Бас прокурор президентке қаңтар оқиғасын тергеп-тексеру жұмыстарының барысы туралы баяндады.

Сонымен қатар ол мемлекет басшысына шетелден активтерді қайтару ісі бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы мәлімет берді.

Айтуынша, резонанс тудырған қылмыстық істер бойынша фигуранттардың қылмыстық жолмен жинаған капиталының шығып кетуін анықтау мақсатында олардың шетелге жылыстатылуына талдау жасалуда.

Берік Асылов Қасым-Жомарт Тоқаевқа жуырдағы Қазақстан халқына жолдауында берген тапсырмаларының жүзеге асырылу барысы туралы да айтты.

Атап айтқанда, Бас прокурордың Конституциялық сотқа жүгіну құқығы туралы Конституцияның 83-бабына енгізілетін түзетулер дайындалуда, сондай-ақ "Прокуратура туралы" жаңа Конституциялық заң әзірлеу басталған. Салалық заңның басты басымдығы – азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау.

Заң жобасына Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен, құқық қорғаушылармен және азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл жасау, прокурорлардың дербестігі мен жауапкершілігін арттыру тетігі туралы ережелерді енгізу жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек Берік Асылов президентке азаптауларды тергеп-тексеру бойынша прокурорларға өкілеттік беруге, отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылықтар үшін жауапкершілікті күшейтуге қатысты тапсырмалардың орындалу барысы туралы да айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев қадағалау органының халықпен өзара ықпалдастығын жандандырудың маңызды екенін атап өтіп, Бас прокурорға бірқатар тапсырма берді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1963785-berik-asylov-prezidentke-qantar-oqigasyn-tergep-tekseru-zumystarynyn-barysy-turaly-bayandady/

pixel