Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Әлихан Смайылов Жамбыл облысының жаңа әкімін таныстырды (фото)

Опубликовано:

Әлихан Смайылов Жамбыл облыстық мәслихатының кезектен тыс сессиясына қатысуда
Фото: primeminister.kz

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша премьер-министр Әлихан Смайылов пен Президент әкімшілігінің басшысы Мұрат Нұртілеу жұмыс сапарымен Жамбыл облысына барып, облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясына қатысты. Онда үкімет басшысы Жамбыл облысының жаңа әкімін таныстырды, деп хабарлайды primeminister.kz.

Әлихан Смайылов мәслихат депутаттарына Жамбыл облысының әкімі лауазымына Нұржан Нұржігітовті тағайындау туралы президенттің ұсыныс-хатын оқып берді.

Депутаттар ұсынылған кандидатураны бірауыздан мақұлдады.

Облыс активімен өткен кездесуде үкімет басшысы Бердібек Сапарбаевтың облыстың дамуына, ұлтаралық келісімді нығайтуға, халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс сапасын арттыруға қосқан үлесіне тоқталып, өңір басшысы қызметінде атқарған жұмысы үшін алғыс айтты.

"Бердібек Машбекұлы екі жылдан астам уақыт ішінде бірқатар маңызды жобаларды іске асырып, Жамбыл облысы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Бердібек Сапарбаев мемлекетіміздің іргетасын қалаған тұлғалардың бірі. Халыққа қызмет етудің шынайы үлгісін көрсеткен сыйлы азамат. Мемлекет басшысының және жеке өзімнің атымнан сізге көпжылдық қажырлы еңбегіңіз үшін зор алғысымды білдіремін!", - дейді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы Жамбыл облыстық мәслихатының кезектен тыс сессиясына қатысуда
Фото: primeminister.kz

Облыстың жаңа әкімін таныстыру барысында премьер-министр Нұржан Нұржігітовтің жауапты басшылық лауазымдарда атқарған үлкен жұмыс тәжірибесін атап өтті.

Нұржан Нұржігітов
Жамбыл облысының жаңа әкімі Нұржан Нұржігітов. Фото: primeminister.kz

Үкімет басшысы өңір басшылығы алдына Жаңа Қазақстанды құру стратегиясын іске асыру аясындағы міндеттерді белгілеп, халықтың әлеуметтік-экономикалық мәселелерін жедел шешудің маңыздылығына тоқталды.

"Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған жолдауында алға қойылған міндеттерді, әсіресе, ел тұрғындарының әл-ауқатын арттыру бағытын орындау бойынша белсенді жұмыс атқару қажет.

Сонымен қатар облыстың өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салаларын одан әрі дамытып, жаңа жұмыс орындарын құру, шағын және орта бизнесті қолдау, инвестиция тарту бойынша ауқымды жұмыстарды сапалы ұйымдастыру қажет.

Облыста біраз жиналған мәселе барын жақсы білеміз. Жаңа облыс басшылығы үкіметке оларды реттеу бойынша тиісті ұсыныстар енгізуі керек. Нұржан Молдиярұлы өңір алдында тұрған барлық тапсырманы облыс активімен бірлесе отырып, сапалы ақтарады деп сенім білдіреміз", - дейді Әлихан Смайылов.

Еске сала кетейік, бүгін Жамбыл облысын 2020 жылдан бері басқарған Бердібек Сапарбаев қызметінен босатылды.

Жамбыл облысының жаңа басшысы болып бұған дейін облыс әкімінің орынбасары болған Нұржан Нұржігітов тағайындалды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1963934-alixan-smaiylov-zambyl-oblysynyn-zana-akimin-tanystyrdy-foto/

pixel