Сенатор: Қазақстанның сыртқы қарызы 22 трлн теңгеге жетті
Жарияланған күні:
Депутат Нұрлан Бекенов сенат отырысында сыртқы мемлекеттік қарыздардың сомасын атап, оның өсуіне не себеп болғанын айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Бекенов премьер-министр Әлихан Смайыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында мұндай қарыздарды пайдалануда тиімділік деңгейі төмен екенін атап өтті.
"Қаржы министрлігінің ақпаратына сәйкес, 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша мемлекеттік қарыз 22 трлн теңгеге немесе ЖІӨ-нің 27,4 пайызына жетті. Үкіметтің сыртқы борышы, мемлекет пен квазимемлекеттік сектордың кепілдік берген сыртқы борышы 37 млрд АҚШ долларын құрады, бұл Ұлттық қор активтерінің 67 пайызын құрайды және шекті мәнге жақындап келеді. Ұлттық қорды қарыздарды өтеу бойынша кепілдендірілген резерв ретінде ғана қарастыруға болмайды деп ойлаймын", - деді Нұрлан Бекенов.
Сенатор қазіргі таңда жалпы сомасы 12,2 млрд долларды құрайтын мемлекеттік сыртқы 52 қарыз бар екенін атап өтті. Айтуынша, оның 80 пайызы ғана игеріліп отыр.
Депутат еліміздің сыртқы қарызының артуына ықпал ететін негізгі факторлардың қатарында тиімсіз пайдалану, қарыз ақшаға сұраныстың жоқтығы, несиенің бір бөлігін жою, сондай-ақ квазимемлекеттік компаниялардың ақшаны өндірістік емес мақсатқа тартуы бар екенін айтты.
"ҚазМұнайГаз" АҚ еншілес ұйымының өз қаржысы бола тұра 2017 жылы акционерлерге дивиденд түрінде беру мақсатында 300 миллион АҚШ доллары сомасын үш жыл мерзімге қарызға алды. Яғни, бұл қарыз дивидендтер төлеу үшін алынды. Бұл халықаралық қарыздарды жөнсіз жоспарлау мен пайдаланудың жекелеген мысалдары ғана", - дейді депутат.
Сенатор жағдайды жақсарту үшін сыртқы мемлекеттік қарыздардың тиімділігі мәселелері бойынша сенаторлардың мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор өкілдерімен кездесуінде бірқатар жүйелі шара әзірленгенін хабарлады.
Олардың ішінде сатып алу үдерісіне және келісім-шартты басқаруға тұрақты мониторингті жүзеге асыру, одан әрі өзектілігін жою үшін әзірленіп жатқан жобалардың сапасын арттыру шаралары бар.
Сенатор сыртқы қарыздарды қаржыландырудың ағымдағы бағыттарын жіті талдау, жобалық-сметалық құжаттаманың құнын нақты реттеу және экономиканың барлық салаларындағы шығындардың басымдықтарын белгілеу арқылы тарту маңызды деп санайды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1963968-senator-qazaqstannyn-syrtqy-qaryzy-22-trln-tengege-zetti/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.