Қазақстанда президенттің жақын туыстары қандай лауазымдарды иелене алмайды
Жарияланған күні:
Әділет министрі орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте президенттің жақын туыстарына мемлекеттік және квазимемлекеттік құрылымдарда басшылық лауазымдарын атқаруға конституциялық деңгейде тыйым салынғанын түсіндірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Қанат Мусиннің сөзінше, Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің соңғы жолдауында президентке жақын адамдарды кадрлық іріктеу мәселесін бөлек атап өтті.
"Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет басшысының жақын туыстарының мемлекеттік және квазимемлекеттік құрылымдарда басшы лауазымдарға орналасуына Конституциялық деңгейде тыйым салу жөнінде ұсыныс жариялады", - деді ол.
Әділет министрі осы орайда заңнамаға сәйкес президенттің жақын туыстарының қатарына кімдер кіретіні және олардың қандай лауазымдарды атқара алмайтыны туралы сұрақтарға толығырақ тоқталды.
"Заңнамада жақын туыстарға ата-аналар, балалар, асырап алушылар, асырап алынғандар, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілері, атасы, әжесі, немерелері жатады. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама да жекжаттар, яғни ерлі-зайыптылардың жақын туыстары үшін шектеулер белгілейді. Өз кезегінде, мемлекет басшысының жарлығымен саяси және әкімшілік мемлекеттік қызметшілер лауазымдарының тізілімі айқындалып, оларға министрлер, олардың орынбасарлары, әкімдер, мемлекеттік органдардың басшылары және басқалар жатқызылған", - деді Қанат Мусин.
Әділет министрі квазимемлекеттік секторға мемлекет қатысушы болып есептелетін ұйымдар жататынын алға тартты.
Осылайша, заңнамалық деңгейде тиісті тыйымдар белгіленгеннен кейін, мәселен, президенттің ағасы, әпкесі, балалары "Самұрық-Қазына" немесе "Бәйтерек" сияқты ұлттық компанияларда басшылық қызметке орналаса алмайды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1965533-qazaqstanda-prezidenttin-zaqyn-tuystary-qandai-lauazymdardy-atqara-almaidy/
Жарияланымға реакцияңыз?
Пікірлер жүктелуде