"Министрмен таңғы ас": Өскенбаев "7-20-25" бағдарламасы, жол сапасы және тұрғын үй бағасы туралы ағынан жарылды
Жарияланған күні:
Қазақстанда неліктен әлі күнге дейін сапалы асфальт ойлап табылған жоқ, ел қашан өз өндірісін жолға қояды, "7-20-25" бағдарламасы Қазақстанда ұзартыла ма? Осы және өзге де сұрақтарға Қазақстанның Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев "Министрмен таңғы ас" жобасы аясында NUR.KZ тілшісіне берген сұхбатында айтып өтті. Сұхбаттың толық нұсқасын YouTube арнамыздан көре аласыздар.
– Қайырбек Айтбайұлы, қызметке келгеніңізге 3 ай болды, өміріңіздің қалай өзгергенін айтып өтсеңіз? Достарыңыз бен туыстарыңыздың сізге деген көзқарасы өзгерді ме?
- Барлығы жылдамырақ бола бастады, таң атса, кеш батады. Министр болдым деген масаттану жоқ. Үлкен жауапкершiлiктiң жүгін және жұмыс iстеу керектігін сезінемін. Бұл жағдайда жалғыз кемшілік – отбасым мен достарыма көңіл аз бөлінетін сияқты. Бірде досыммен осы мәселеде сөйлесіп отырмыз, ол менен: "Сонда, саған отбасыңмен сөйлесуге жарты сағат қана уақытың қала ма? – деді. "Мүмкін, солай шығар" дедім.
- Үйдегілер мұны қалай қабылдайды?
– Түсіністікпен қарайды, өйткені біз мемлекеттік қызметкерміз. Бұл бүгінгі ғана жұмыс тәртібім емес, отбасын құрған алғашқы күндерден бастап қалыптасқан дағды, сондықтан жұбайым үйреніп қалған. Қазір бәлкім Астана осы жаққа көшкен кездегіден қарағанда біршама жеңілдеу болса керек. Ол уақытта күнделікті 3-4 сағат қана ұйықтайтын едік. Мүмкін жастық шақтың әсері болар, өзімізге аса қатты сезіле қоймады ол кезде.
– Саясаткерлеріміздің жеке өмірі туралы көп мәлімет жоқ, бірақ қазір мүмкіндікті пайдалана отырып, сізден жұбайыңыз бен балаларыңыздың немен айналысатынын сұрасам деп едім, өмірлік жарыңызбен қалай таныстыңыз?
– Кеңес заманында ешкім ешқайда елден жырақ шықпағаны анық. Немерелерім менен қайда танысқанымызды сұраса, Парижде, Эйфель мұнарасының жанында деп қалжыңдаймын, өйткені біз шетелді былай қойғанда, Алматыдан ары шығуды армандаған жоқпыз. Мәскеуге ұшу біз үшін мереке еді ғой. Сондықтан әйелім екеуміз үйленген кезде қыдырып Алматыға бару ғана қолымыздан келді. Бұл ұмытылмас сапар болды, әлі есімізде, жас едік. Ал танысқан жеріміз осында, бәріміз осы қаланың жергілікті тұрғындарымыз. Ұлым мен қызым өсіп кетті, қазір немерелерімнің қызықтарына көбірек мән беремін. Солардың жағдайын сұраймын. Себебі, балалар есейген соң, өз өмірлері өздерінде, олар да ата-ана қазір. Кейде олардың бала тәрбиесіндегі тәсілдерімен келісе бермейтінім бар, немерелеріме өте қатал қарайтындай көрінеді. Сондықтан үнемі айтамын: "Менің көзімше ұрыспаңдар, мен кеткеннен кейін қалағаныңды айт" - деймін.
– Айтыңызшы, жұмысқа жаяу келетініңіз рас па? Неліктен мысалы, велосипедпен, автобуспен немесе қызметтік көлікпен емес?
– Бұл өмір салтым бұрыннан қалыптасқан. Бірінші, екінші тіпті бесінші жыл емес. Жұмысқа жаяу барып келетінімді осыған дейін бірге қызмет істеген әріптестерімнің бәрі біледі. Уақытты есептесем біздің кептелістермен, қызметтік көлікпен жүргенде ұзап кетсе жарты сағат ұтамын. Жарты сағатқа бола, жұмысқа 30 минут ерте барып келу үшін спортпен айналысу сияқты ғанибеттен айырылғым келмейді.
- Жұмысқа дейін қанша қадам басып жүресіз?
– Мен алыстау тұрамын, оң жағалауда – жұмысқа 7,5 шақырым, қайтарда 7,5 шақырым. Кейде үйге қайтқанда сәл ұзағырақ жолды таңдаймын. Күнделікті сағат 6-да тұрамын, 6-20-да шығамын, 8-ге қарай жұмысқа жетемін, душқа түсіп, киім ауыстырып, жұмысқа кірісемін. Жұмыстан кешке 9, 9-30 шамасында шығып, 11-де үйге барамын.
- Сіз оң жағалауда тұрасыз ба? Сіз, бәлкім, қазір барлық жоғары лауазымды шенеуніктер сол жағалауда тұрады деген таптаурын түсінікті бұзған сияқтысыз.
– Білмеймін, ескі қаланы жақсы көремін. Ол жерде бәрі жаныма жақын. Өз қаламның көшелерінде серуендегенді ұнатамын. Мен үшін ол жер туған өлкем.
– Сіз бұл қызметке қаралы қаңтар оқиғасынан кейін тағайындалдыңыз. Президент көптеген міндет қойды, әрине, бұл сіздің қызмет саласына, соның ішінде көлік, тұрғын үй, құрылыс, өнеркәсіп салаларына да қатысты. Сіздің министрлік 100 күн ішінде қандай мәселелерді шеше алды деп ойлайсыз?
– Негізгі бағыттардың бірі – халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтарын қолдау. Қасым-Жомарт Кемелұлы адамдардың үй кезегін күту кезінде лайықты өмір сүруіне мүмкіндік жасау үшін баспананы жалға беруді субсидиялау тетігін енгізуді ұйғарды. Бүгінде барлық қажетті цифрлық платформалар әзірленіп, өңделуде. 27-28 сәуірде "Отбасы банкі" өтінімдерді қабылдауды бастайды, ал мамырда бұл жоба жүзеге асырылады.
Сондай-ақ жайлы өмір сүрудің жаңа стандарттарын әзірлеу тапсырылды, бұл жұмыстар да атқарылуда. 1 шілдеге дейін біз бұл стандарттарды бекітеміз.
Мемлекет басшысы халықты жұмыспен қамтуға аса мән беріп отыр. Бұл ең маңызды жоба болса керек, мен уақытымның елу пайызын өңдеу өнеркәсібін дамытуға арнаймын десем артық айтқандығым емес. Бұл жаңа кәсіпорындарды құру. Біз іске асыруға дайын жобалар пулын жасадық, оның 150-ге жуығын биыл аяқтағымыз келеді.
Кәсіпшілік кооперациясы өте маңызды. Көпшілік "Алғашқы бағдарламалар мемлекеттен болды, мысалы, біз оны неге көрмейміз?" деп шағымданады. Біздің стратегиялық қателігіміз, зауыттар көптеп салынып жатқанымен, олар қолда бар шикізатты өңдеу деңгейінде жұмыс істеп жатқаны шамалы. Кәсіпкерлерге үнемі айтамын: "Бірлесіп жұмыс істеңіздер. Бәлкім супертоңазытқыш жасай алатын талантты шығарсыз, бірақ бәрі дүкенге кіргенде бірінші Samsung немесе LG көреді, брендті алатыны анық. Сіздерге бұл кәсіпорындармен бірлесу қажет - тіпті сол кезде олардан мықты екеніңізді дәлелдейсіз, ал бұл өте қиын, ұзақ және қымбат жол. Мысалы: "Тоңазытқышты бөлшектеп, Қазақстанда қажетті бөлшектерді өндірейік, бірлесіп сатылымға қояйық" деп, Самсунгпен келісуіміз керек.
Өйткені, қазір КАМАЗ бойынша бірнеше жобаны бірлесіп жүзеге асырып жатырмыз. Қосалқы бөлшектер шығаратын зауыттар келер жылда салынып болады. Өнімді біз КамАЗға жеткіземіз, ал Ресейде шығарылған КАМАЗ көліктері 11 пайыз қазақстандық құрамға ие болады. Міне бұл – кәсіптік кооперация, біз соған ұмтылудамыз. Сосын өзіміздің КАМАЗдар, Самсунгтар пайда болады.
– Ең өзекті мәселелердің бірі, әсіресе өңірлерде бұл өте маңызды – қазақстандық жолдардың сапасы туралы сұрағым келеді. ИИДМ басқармасында ғылыми-зерттеу институты бар, онда ғалымдар бар ма, олар не істейді? Осы жоғары сапалы асфальтты ойлап табу үшін олар қандай да бір әдістемелерді ұсынуы керек емес пе?
– Қалалар мен елді мекендердегі жергілікті маңызы бар жолдар бойынша біз заңға өзгертулер енгіздік, ол қазір Мәжілісте, қабылданғаннан кейін (депутаттар қолдайды деп сенемін) әкімдерді, жергілікті атқарушы органдарды да тексеріп, жолдардың сапасын зертханалық қадағалау жүргізуге міндеттейміз. Сондай-ақ, жолды сапасыз салғаны үшін барлық қатысушыларды әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тарту қарастырылған.
Бұл технологияларды енгізбес бұрын біз стандарттарды сәйкестендіруіміз керек. Жол құрылысын реттейтін мыңнан астам нормативтік-құқықтық актілер мен стандарттар бар. Сіз айтып отырған институт қазір осы жұмыстарды атқарып жатыр. Жобалаушы мен құрылысшыдан бірдеңе талап етпес бұрын, біз оған жолдың қандай болуы керектігін көрсетуіміз керек. Осы жылдың аяғына дейін, 2023 жылдың басына дейін біз осы стандарттар мен нормативтік-құқықтық актілерді пысықтап, жүзеге асырамыз, содан кейін «Жолдар осындай болуы керек» деп айта аламыз.
– Ол аймақтарда шамамен қашан жұмыс істейді, қанша уақытқа созылады?
– Қазірдің өзінде бұған ешкім тыйым салмайды. Әкімнің өкілеттігі жеткілікті, өйткені ол тапсырыс беруші. Егер мен ақша төлесем, мердігерге кез келген талап қоя аламын. Жаңа заң қолдау тапса, біз "Өтінеміз, сапасын қадағалаңыз" - деп ешкімге жалынып жүрмейміз, жоғарыдан төмен қарай түгел тексеріп өтеміз.
– Жолдардан көліктерге көшейік. Қазір отандық көліктердің жетіспеушілігі де өзекті мәселе болып тұр. Сіз жақында жағдайға түсініктеме беріп, мәселені қарауға уәде еттіңіз. Оң өгерістер бар ма?
– Қазіргі жағдайда әлемде белгілі чиптер мен басқа да бөлшектерді шығаруда аздаған ақаулар орын алуда, сондықтан кәсіпорындармен жұмыс істеп, оларға көмек көрсетіп жатырмыз. Жақын арада халық зарығып күтпейтіндей тәртіп орантамыз деп ойлаймын. Иә, бәлкім, мысалы біреу белгілі бір түсті көлікті қаласа, қиындықтар туындауы мүмкін, десе де, жалпы алғанда, біз осы мәселені тезірек шешуге тырысамыз.
– Қазір "7-20-25" бағдарламасына қатысты сұрақтар өте көп, адамдар осы уақыт ішінде үйреніп қалды, көбі бұл бағдарламаны сәтті қолданды. Әрине, бәрі бағдарлама жабылып қала ма деп алаңдайды. ИИДМ бағдарламаны ұзартуды ұсынды. Бұның жүзеге аспай қалу қаупі бар ма және ол қандай факторларға байланысты екенін айтып өтсеңіз.
– Ұлттық банк екінші деңгейлі банктердің қатысуын ынталандыруы керек. Мемлекет мұндай бағдарламаларға қатысқанда, қалай да бизнесті жүргізуге және макроэкономикалық көрсеткіштерді жақсартуға септігін тигізеді. Бізде мемлекеттік бағытта "Отбасы банкі" бар, ол жақта 2 пайызбен де, 5 пайызбен де, 7 пайыздық алдын ала несие бойынша да бағдарламалар жұмыс істеуін жалғастырады. Біз бұл жерге "7-20-25" және "Баспана хит" бағдарламалары болып қосымша кіріп алдықта, екінші деңгейлі банктерге мүмкіндік қалдырмадық. Бұл дұрыс емес. Біз жағдай жасап, мүмкіндігінше ЕДБ-ден ақша тартуымыз керек, бірақ оның халыққа қолжетімді болуын қадағалауымыз қажет. Сондықтан бұл бағдарламаны жалпыға ортақ жүйемен жүзеге асырудың бір тетігін табуға тиістіміз.
Заңнама аясында баспалдақ ұсындық – біз бүкіл Қазақстанды шартты түрде белгілі бір санаттарға бөлдік. "Отбасы банкін" бастапқы баспана берудің толыққанды орталығы ретінде көргіміз келеді. Яғни, кез келген Қазақстан азаматы банкке барғанда біз оған қажетті мүмкіндік беруіміз керек. "Сіздің табысыңызға қарай біз осындай механизмді ұсынамыз" деп айта алуымыз қажет.
Біз осындай бағалау жүргізіп отырмыз, егер Мәжілістегі әріптестерімізді көндіре алсақ, 600 мың адамның мәселесін шешу жеңілірек болар еді. Онда әркім өз орнын табады, мысалы қай санаттағы адамдар "7-20-25" талап етеді, қай санатқа 2%, 5% бойынша сұраныс бар және әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған топтарға арналған баспаналар кімдерге қажет бәрін нақты біліп отыратын едік.
– Айтыңызшы, Сіз қандай Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі ретінде есте қалғыңыз келеді?
- Бұл туралы аз ойлаймын. Жаһандық міндет – елімізде мыңдаған жаңа зауыттар ашылуы үшін өңдеу өнеркәсібін дамыту. Және бұл игі істің шарапаты тізбек бойынша әр адамға жетуге тиіс. Міне, біз осыны жүзеге асырғанда, мен өз миссиямды орындадым деп есептеймін.
– Сұхбатыңызға рахмет, жұмысыңызға табыс тілеймін!
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1966316-ministrmen-tangy-as-oskenbaev-7-20-25-bagdarlamasy-zol-sapasy-zane-turgyn-ui-bagasy-turaly-agynan-zaryldy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.