Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Үнемі президент араласып, тапсырма беруі қажет пе": Үкімет басшысы БҚО әкімінің жұмысын сынға алды

Опубликовано:

Әлихан Смайылов
Әлихан Смайылов. Фото: Үкіметтің Telegram-арнасынан алынды

Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында үкімет басшысы Әлихан Смайылов өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Кеңесті ашқан премьер-министр бірінші кезекте облыстың шешілмеген басты мәселелерінің біріне тоқталды, деп хабарлайды үкіметтің баспасөз қызметі Telegram-дағы ресми арнасында.

"Кеше ғана президент Egemen Qazaqstan газетіндегі Батыс Қазақстан облысының жолдарының жағдайына арналған "Күре жолдағы күрсініс" мақаласын оқып, маған және облыс басшылығына барлық қажетті шараны тез арада қабылдауды тапсырғанын білесіздер.

Ғали Нәжімеденұлы, осыдан тура бір жыл бұрын дәл осы салаға жауапты орынбасарыңыз президенттің тапсырмасымен қызметінен босатылған еді. Бір жыл өтсе де, проблема әлі шешілмеген. Өңірдің проблемалары тез әрі тиімді шешілуі үшін үнемі президент араласып, тапсырма беруі қажет пе?", - деді Әлихан Смайылов.

Өз кезегінде облыс әкімі Ғали Есқалиев жолдардың нашар жай-күйінің негізгі себебі қаржыландырудың жеткіліксіздігімен және пандемияның әсерімен байланысты екенін атап өтті.

Оның сөзінше, өткен жылы жергілікті маңызы бар 330 шақырым жол жөнделген. Облыс орталығын Казталов, Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарымен байланыстыратын автожолды жөндеу жұмыстары жалғасуда. Биыл бұл мақсатқа 15 млрд теңге қарастырылған.

Әлихан Смайылов өңір әкімі мен индустрия және инфрақұрылымдық даму министріне мемлекет басшысының тапсырмасын сапалы әрі уақытылы орындауды қамтамасыз етуді тапсырды.

Сонымен қатар үкімет басшысы орталық мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырма берді:

  • Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне әкімдікпен бірлесіп, жыл соңына дейін жергілікті жолдардың нормативтік жағдайын қазіргі 39%-дан 46%-ға дейін көтеру;
  • Энергетика министрлігіне: Батыс Қазақстан облысын тұрғындар үшін қолайлы бағадағы тауарлық газдың қосымша көлемімен қамтамасыз ету мүмкіндігін қарастыру;
  • Орал жылу электр орталығын реконструкциялау үшін республикалық бюджеттен қаржы бөлу мәселесін пысықтау;
  • 1 шілдеге дейін облыс аумағында газ-химия кешенін құру және оны шикізатпен қамтамасыз ету мәселесін пысықтау.

Сондай-ақ Қаржы, Ұлттық экономика министрліктеріне әкімдікпен бірлесіп, өңірдегі тозығы жеткен электр желілерін азайту мәселесін пысықтауды тапсырды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1966390-unemi-prezident-aralasyp-tapsyrma-berui-qazet-pe-ukimet-bassysy-bqo-akiminin-zumysyn-synga-aldy/

pixel