Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"79 пайызы комиссия мүшелерінің жалақысы ретінде төленеді": Референдумға бөлінген 16,4 млрд теңге қалай жұмсалмақ

Жарияланған күні:

Теңге
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Орталық референдум комиссиясы Қазақстанда референдумға бөлінген 16,4 млрд теңгенің қалай жұмсалатынын айтты. Бұл соманың 70 пайыздан астамы комиссия мүшелерінің еңбекақысы ретінде төленетіні белгілі болды, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

ОРК мүшесі Сәбила Мұстафинаның мәліметінше, 16,4 млрд теңге төмендегідей мақсатта жұмсалады:

  • Қаржының 21 пайызы сайлау учаскелерін материалдық-техникалық жабдықтауға, референдум комиссияларының жұмыс жағдайын қамтамасыз етуге, баспа өнімдерін шығаруға, ақпараттық қамтамасыз етуге, билбордтарға, Орталық референдум комиссиясының жұмысына бағытталады. Шығындардың басым бөлігін баспа өнімдері, соның ішінде бюллетеньдер, сондай-ақ нашар көретін және зағип жандарға арналған трафареттер құрайды;
  • 79 пайызы комиссия мүшелеріне еңбекақы төлеуге жұмсалады, олардың саны 71 мың адамды құрайды.

"Еңбекақы президент, мәжіліс сайлауы сияқты ірі масштабтағы науқандарды өткізу кездегідей деңгейде. Қаражаттың 79 пайызы - учаскелік және аумақтық комиссиялардың 71 мыңға жуық мүшесін жалақымен қамтамасыз етуге жұмсалады.

Жалақы елдегі орташа айлық жалақының көрсеткішіне сай белгіленеді, өйткені "Референдум туралы" Конституциялық заңның нормасы айына кемінде 3 ең төменгі жалақыны белгілейтін "Сайлау туралы" Конституция нормасынан ерекшеленеді", - дейді Сәбила Мұстафина.

Оның айтуынша, еңбекақы нақты жұмыс уақытына қарай төленетін болады – комиссия мүшелері бірдей жұмыс істемейді, көпшілігі кесте бойынша жұмыс істейді. Есептеу үшін орташа жалақы Ұлттық статистика бюросының 1 сәуірдегі мәліметінен алынды – ол 275 438 теңгені құрайды.

Айта кетейік, республикалық референдум елімізде 5 маусымда өтеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1969730-79-paiyzy-komissiya-muselerine-tolenedi-referendumga-bolingen-164-mlrd-tenge-qalai-zumsalmaq/