Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қошанов: Президенттің «Жаңа Қазақстан» туралы көзқарасы Абай философиясымен үндеседі

Опубликовано:

Ерлан Қошанов
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов референдумның мән-маңызын түсіндіру үшін жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысына барды. Алдымен Семей қаласында болып, өңір жұртшылығымен кездесті.

Ерлан Қошанов жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қазір елімізде ауқымды өзгерістер болып жатқанын айтып, өңір халқын Абай облысының құрылуымен құттықтады.

"Семей – Алаш арыстарының басын қосқан қазақ руханиятының қара шаңырағы. Сондықтан тарихи тұрғыдан қарайтын болсақ, аумақтық жағынан, халық саны жағынан алсақ та, әділ шешім болды деп ойлаймын. Ендеше, сіздерді сол тарихи әділеттіліктің орнауымен шын жүректен құттықтаймын", – деді палата спикері.

Мәжіліс төрағасының айтуынша, Президенттің Абай облысын құру туралы шешімі аймақтың одан әрі өркендеуіне тың серпін береді.

"Абай өңірі, Семей жері тарихтың жаңа парағын ашты. Біз Абай облысының шаңырағын халқымызбен, Президентімізбен бірге көтереміз. Осы істе Парламент Мәжілісі, AMANAT партиясы да сіздермен бірге болады", – деді Мәжіліс спикері.
Ерлан Қошанов
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Ерлан Қошанов ел тағдырын айқындайтын үлкен мақсат-міндеттерге тоқталып, ол жалпыхалықтық референдумнан басталатынын атап өтті.

"Жаңа Қазақстан дегеніміз не? Қазір ең жиі қойылатын сұрақ осы. Президент жуырда бұған нақты жауап берді. «Ол – Әділетті Қазақстан» деп дөп басып айтты. Ал «жаңа қазақстандық» қандай болуы қажет? Мұны осы топырақта туған ұлы Абай 1 жарым ғасыр бұрын айтып кеткен. Ол – бес нәрседен қашық боп, бес нәрсеге асық болуы керек. Қарап отырсаңыздар, Абай философиясы Президентіміздің «Жаңа Қазақстан» туралы көзқарасымен толық үндесіп тұр. Сондықтан жастарды білімге, еңбекке баулу, осы бес қасиетті бойына сіңіру маңызды", – деді палата спикері.

Ерлан Қошанов Президент реформаларының жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын айтып, алдағы уақытта Парламенттің рөлі күшейетініне, еліміздің сайлау жүйесіне де бірқатар өзгерістер болатынына мән берді.

"Әкімдер сайлауы ел арасында жиі айтылып жүр. Біз оған кезең-кезеңмен келе жатырмыз. Былтыр елімізде 1 мыңға жуық ауыл әкімін халықтың өзі сайлады. Келер жылы аудан әкімдерін сайлауға кірісеміз. Облыс басшыларын тағайындау мәселесіне келер болсақ, бұрын Президент ұсынған жалғыз кандидат 20-30 облыстық мәслихат депутатымен келісілетін. Енді Мемлекет басшысы тарапынан кем дегенде екі үміткер ұсынылады. Оны барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары таңдайтын болады", – деді Мәжіліс төрағасы.
Ерлан Қошанов
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Ерлан Қошанов Абай ауданындағы Қарауыл ауылына барып, жұртшылықпен кездесті. Онда Президент бастамаларының мән-маңыздылығын түсіндіріп, ауыл зиялылары мен тұрғындарының пікірін тыңдады.

"Елімізде Қарауылды білмейтін қазақ жоқ шығар. Бұл – адамзатқа ғұлама Абайды сыйлаған қасиетті топырақ. Осында сіздермен жүздескеніме қуаныштымын. «Жаңа Қазақстан» құруға бағытталған Мемлекет басшысының саяси реформалары төңірегінде өздеріңізбен әңгімелесу үшін арнайы келдім. Президент ел тағдырын – қалың жұрттың өзі шешкенін қалап отыр. Осынау жауапты кезеңде халық пен билік біртұтас болуымыз керек. Осы жолды Мемлекет басшысына қолдау білдіріп, референдумға бір кісідей атсалысуға, тарихи таңдау жасауға шақырамын", – деді палата төрағасы.
Мәжіліс
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Зиялы қауым өкілдері Абай ауданы жұртшылығының реформаларды жақсы қабылдап жатқанын және алдағы референдумға атсалысатындарын айтты.

"Бұл реформалардың бәрі халықтың көкейінде жүрген сұрақтарға жауап береді. Біз оны жақсы түсінеміз. Елдің иесі, жердің иесі – халық деген сөз жүрегімізге жақын тиді. Президентіміз жұмысқа кіріскен күннен бастап осы демократиялық процестердің жүзеге асуын сөз етіп жүр. Біз оны толық қолдаймыз", – деді Абай ауданының құрметті азаматы Амантай Мұқатаев.
Ерлан Қошанов
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Кездесу соңында жиналғандар Президентке Абай облысының құруға ұйтқы болғаны үшін күллі аудан атынан шынайы алғыс айтты.

"Облысымыз құрылып жатыр. Зор мақтанышпен, үлкен үмітпен қарап отырмыз. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлына біздің сәлемімізді жеткізіңіз. Абайлықтар мен Абай ұрпақтары шексіз алғысын білдіреді. Өңіріміздің гүлденуіне бәріміз атсалысамыз", – деді Абай ауданының құрметті азаматы Төлеген Жанғалиев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1970051-qosanov-prezidenttin-zana-qazaqstan-turaly-kozqarasy-abai-filosofiyasymen-undesedi/

pixel