Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Назарбаев: Қаңтар оқиғасы бәрімізге сабақ болды

Опубликовано:

Қаңтар оқиғасы
Қаңтар оқиғасы. Фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев саясаттанушы Данияр Әшімбаевқа берген сұхбатында елімізде қаңтарда болған оқиғаға жөнінде сөз қозғады. Елбасының сөзінше, бұл трагедия бәрімізге сабақ болды, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшсі.

"Қаңтар оқиғасы бүкіл Қазақстанды дүр сілкіндірді. Бұған дейін атап өткенімдей, Қазақстанға қарсы ұйымдастырылған бұл тәртіпсіздіктер мен шабуылдардың мақсаты – елдің тыныштығын кетіріп, мемлекеттің тұтастығын бұзу болды.

Бұл трагедия бәрімізге сабақ болды. Сол кездегі қиратулар мен кісі өлтірулердің барлығын кім ұйымдастырғанын анықтау маңызды. Тергеу бұл сұраққа жауап беретініне сенімдімін.

Бүкіл ел бойынша тәртіпсіздікке дайындық жүріп жатқанын тиісті құқық қорғау органдарының неге білмегенін немесе білгісі келмегенін анықтау керек.

Ол кезде мен үшін президентімізге жан-жақты қолдау көрсету, түрлі қауесет пен болжамға үн қатпау маңызды болды. Оған еліміздің Қауіпсіздік кеңесі төрағасы өкілеттігін бердім. Президенттің батыл әрекеттерінің арқасында оқиғаның ең қорқынышты нұсқада өрбуіне жол берілмеді", - деді Елбасы.

Осы орайда Нұрсұлтан Назарбаев "Еліміздегі барлық саяси реформа мен қайта құрудан кейін не істейсіз, алдағы жоспарларыңыз қандай?" деген сауалға жауап берді.

"Жалпы, саясаткер отставкаға кеткеннен кейін не істейтіні маңызды емес деп ойлаймын. Саясаткерлер келеді, кетеді, бірақ халық пен мемлекет қалады. Ең бастысы, еліміздің одан әрі қалай дамитыны және алда бізді қандай өзгерістер күтіп тұрғаны.

Президенттік қызметімде біз барлық жақын көршімізбен, Батыс әлемінің елдерімен сенімді қарым-қатынас орнаттық...

Қазақстандықтар демалысқа немесе іссапарға шетелге еркін шығады. Оларға әрқашан құрметпен қарайды. Қазақстандықтар шетелге жұмыс іздеп кетпейді.

Отставкаға кеткенімнен кейін менімен істес болған көптеген мемлекет басшылары хабарласып, мені өз елдеріне келуге шақырды. Мен олардың барлығына ризамын. Олардың кейбірімен байланыс үзген емеспін.

Менің тікелей қатысуыммен құрылған Еуразиялық экономикалық одақ пен Түркі мемлекеттері ұйымы мені осы ұйымдардың құрметті төрағасы етіп сайлады. Менің қорымның жұмысы да назар аударуды қажет етеді.

Жаһандық ядролық қауіпсіздік мәселелеріне уақыт бөлуді жалғастырып келемін. Менің жарлығыммен Семей полигоны жабылғаннан кейін, біз ядролық арсеналдан бас тартқаннан кейін Қазақстан ядролық қарусызданудың көшбасшысы ретінде танылды.

Сонымен қатар өмірім мен жұмысымнан қалған естеліктермен айналысудамын.

Менің бүгінгі ойым, тілегім, дұғаларым Қазақстанның амандығы, тұрақтылығы мен гүлденуіне бағытталған. Ұрпақтарымыз бізден де көп жасасын. Мен оларға бұл жолда шын жүректен табыс тілеймін", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1971603-barimizge-sabaq-boldy-nazarbaev-qantar-oqigasyna-qatysty-ne-deidi/

pixel