Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қазақавтожол" басшысы отандық жолдардың мәселелері мен оларды пайдаланудың қыр-сырына тоқталды

Опубликовано:

Арман Жусупов
Фото: Қазақавтожол

"Қазақавтожол" ЖШС бас директоры Арман Жүсіпов республикалық маңызы бар жолдарды күтіп-ұстау бойынша атқарылып жатқан жұмыстар және қалааралық бағыттардағы адамдардың жауапкершілігі туралы айтып берді.

- Арман Амантайұлы, алдымен өзіңіз басқарып отырған мекеме немен айналысатынына тоқталып өтсеңіз? Көпшілік «Қазақавтожол» ЖШС-і мен «ҚазАвтоЖол» АҚ ҰК-сын шатастырып жатады. Екі ұйымның арасында қандай айырмашылық бар?

- ҚазАвтоЖол – республикалық жолдарды дамыту саласындағы бірыңғай ұлттық оператор. Ол республикалық маңызы бар жолдарды салу, қайта жөндеу, жөндеу және оларға қызмет көрсетуге қатысты жұмыстарды орындау бойынша тапсырыс беруші болып табылады.

Ал «Қазақавтожол» ЖШС – республикалық маңызы бар жолдарды күтіп ұстау және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүзеге асыратын, "ҚазАвтоЖол" ҰК АҚ-ның мердігерлік ұйымы болып табылатын мемлекеттік компания. Басқаша айтқанда, біз жолды сақтап қалу, жол қауіпсіздігі мен ондағы үздіксіз жол қозғалысын қамтамасыз етумен айналысамыз.

Біздің жұмысымыз жоспарлы әрі жедел сипатта жүзеге асырылады. Жоспарлы жұмыс – Өндірістік жоспар және Кешенді мақсатты бағдарлама жүргізіледі. Оған жол элементтерін орналастыру, жол белгілері және қоршауларды қою, шұңқырларды жөндеу, жолтабандарды орнату, жол жарықтарын бәтеу және тағы басқа да қызмет түрі жатады. Жедел сипаттағы жұмыстар дегеніміз – бұл табиғи немесе басқа да оқыс оқиғалардан туындаған ақауларды дереу жою болып табылады. Мысалы ЖКО орын алып, кривбрус деформацияға ұшырады немесе көлік жол көлік оқиғасын жасау барысында белгіге не сигналдық бағанаға соғылып, ол құлап түсті, немесе су тасқыны салдарынан жолды су басып қалған жағдайлар және т.б. бар. Аталған жағдайлардың барлығы мәселеге тез арада араласуды әрі оның салдарын жоюды талап етеді. Бұл да біздің жұмысымыздың бір бөлігіне болып табылады.

Арман Жусупов
Фото: Қазақавтожол

- Көпшілік жолдың сыртқы қабаты сын көтермейді деп жатады. Бұған не себеп деп ойлайсыз? Неліктен кейбір жолдар аз уақыт өткен соң, қайтадан бұрынғы ескі, тозған қалпына келеді?

- Бүгінгі таңда Қазақстанда 24 мың шақырымнан астам республикалық маңызы бар жол бар, олардың ішінде 4 мың шақырым жолға қайта құру және жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сол қолданысқа берілген 20 мың шақырым жол біздің қарауымызда екенін атап өткім келеді. Бұл жол тораптарының барлығы еліміздегі ірі облыс орталықтарын өзара байланыстырады және мемлекеттің негізгі экономикалық дәлізі қызметін атқарады. Тәуелсіздік жылдары жалпы ел бойынша шамамен 13 мың шақырым жол толық қайта жөндеуден өтті. Ал тәуелсіздік алғанға дейін салынған қалған 8 мың шақырым, біздің компанияның күшімен сапасы қанағаттанарлық жағдайда тұр. Мұндай жолдарды тақтайдай етіп ұстауға, өкінішке қарай қаражат жеткіліксіз. Алайда біз жол сапасына жауапты мердігер ұйым ретінде, өз құзыретіміздің шеңберінде қолдан келгеннің бәрін жасауға тырысамыз.

Республикалық маңызы бар 20 мың шақырым жолға қарау жұмысы аясында абаттандыру, жол белгілерін ауыстыру жұмыстары жүргізіледі. Біз, сондай-ақ шұңқырларды жөндеу, жолтабандар мен ондағы иірімдерді жоюмен, тегістеу қабатын орнатумен, жол жырықтарын құйю, жол элементтерін орналастыру және т.б. айналысамыз. Яғни жолдың пайдаланушылар үшін қызмет ету мерзімінің ұзақ болуына атсалысамыз.

жол жөндеу
Фото: Қазақавтожол

- Жолды пайдалануға беру мәселесінде компания қандай кедергілермен бетпе-бет келеді?

- Жоғарыда айтып өткенімдей, біздегі маңызды аспектілердің бірі –жолдарды күтіп ұстауға және оны сақтауға бөлінетін қаржыландырудың жеткіліксіздігі болып отыр. Алайда ең үлкен қиындықтардың бірі – жол қауіпсіздігі ережесінде бекітілген, ауыр жүк көліктерінің жолға қойылған шектеудің шамасынан тыс жүк тиеп тасуы болып отыр.

Тасымалдаушыларға әрине 2-3 рейстің орнына бір рейс жасап, үлкен көлемдегі жүктерді тасымалдау қай жағынан болса да тиімді. Алайда олар осы ауыр жүк көліктерімен жол төсемдеріне қандай зиян келтіріп жатқандарын көп жағдайда түсіне бермейді. Осы арқылы олар өздерінен бөлек, өзге де жолаушылардың өміріне қауіп төндіреді.

Асфальт негізінен серпімді деформацияда жұмыс істейді. Ал заңға қайшы әрекет жасайтын тасымалдаушылар өздерінің осындай заңсыз іс-әрекеттерімен оны жойып, жолда көптеген шөгінді, шұңқырдың пайда болуына себепкер болатындарын біле бермейді.

Бұл мәселені шешу үшін біз уәкілетті органдармен бірлесіп рейдтік шараларды ұйымдастырып, түрлі заңбұзушылықтарды тіркейміз, сондай-ақ оның барлығын ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне жеткіземіз. Десе де мұның өзі жеткіліксіз болып отыр, сондықтан біз жол сапасын төмендететін көлік жүргізушілерімен бірлесе күресу үшін қоғамды да бұл жұмысқа тартқымыз келеді.

жолды қардан тазалау
Фото: Қазақавтожол

- Жол сапасына қатысты көптеген арыз-шағым әсіресе қыста солтүстік аймақтардан түсіп жатады. Осы бағытта сіздің мекемеңізде қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Бұл мәселе не себепті жылдар бойы шешілмей келеді?

- Еліміздің солтүстік аймағында 8 өңір бар. Әрине жұмыстың көп бөлігін арсеналда бар арнайы техника атқарып келеді. Өткен қыстағы сияқты қатты боран жиі болғанда, бізде арнайы техниканың жетіспеушілігі байқалады. Сол себепті біз бұл мәселені шешу үшін Үкіметке арнайы өтінім жібердік. Бұған қоса биыл біз бірқатар техниканы жалға аламыз деп жоспарлап отырмыз.

Бірақ бұл бағытта да маңызды нәрсеге тоқталып өткім келеді. Еліміздің солтүстік аймақтары құбылмалы метео белдеуде орналасқан. Бұл өңірлерде қыс басталысымен жауын-шашынның көп мөлшері түседі. Оның үстіне бұған жел қосылып, ол жолдың кей аймақтарының қар астында қалуына әкеп соқтырады. Солтүстікте қар қыс бойы жауады. Ауа райының осындай қолайсыздығы автокөлік иелеріне кедергі келтірмес үшін біз пассивті қар күресін жүргіземіз: жол бойындағы аумақты қардан тазартамыз, қардан қорғайтын қоршаулар, тасымалданатын қалқандар, жасанды кедергілерді орнатамыз.

Тағы бір айта кететін маңызды жайт жолдың әр бөлігін тазарту үшін белгілі бір уақыт беріледі. Кей кезде біз осы уақыт аралығында жолды тазартып үлгермей жатамыз. Сондықтан техника, ауа райының қолайсыздығы және қарапайым жол ережелерін сақтамау сынды өзекті мәселелермен күрес – өте күрделі әрі үлкен жауапкершілікті талап етеді. Солардың ішінде тағы біріне тоқталып өтсем.

Көптеген азамат ауа райының қолайсыздығы жайлы ескертулерге, хабарламаларға қарамастан, кейде тіпті республикалық маңызы бар жолдар жабылған кезде де жолға шығып жатады. Өкінішке қарай, мұндай жағдай орын алған кезде осы сынды оқиғалар жиі болып тұрады, біз ең алдымен адамдарды қар құрсауынан құтқару үшін жолға шығамыз. Себебі қатты боранда тек арнайы техника ғана қар үйінділерін кешіп өте алады. Осы орайда адамдар мен қар құрсауында қалған көлікті эвакуациялау үшін көп күш пен ресурс жұмсалады әрі біз осыған кеткен алтын уақытты жол тазартуға жұмсай алмай қаламыз.

жол жөндеу
Фото: Қазақавтожол

- Елдімекендер мен ауылдардың жанында орналасқан тас жолдарда мал жүріп өтіп, көлік жүргізушілерін қауіпті жағдайға қалдырып жатады. Ал кейде мұндай оқиғалардың соңы қайғылы жағдайға ұласады. Осы мәселе қалай шешілуде?

- Негізінде малдың көлік жүретін трассаға шығуы – бұл үлкен проблема. Тек өткен жылы төрт түліктің қатысуымен болған ЖКО-да 30-ға жуық адам қаза тапты. Бұл үлкен дерек. Бірақ өкініштісі оған көпшілік әлі де баса мән бермей келеді.

Мұндай жазатайым оқиғалардың пайыздық үлесі басқа санаттағы ЖКО-мен салыстырғанда аз болса да, мұндай жағдайлар орын алған күнде, ол қоғамда үлкен резонанс тудырады. Себебі осындай жағдайдың алдын алып, оған жол бермеу жолдарын қарастырулары мал иелерінің қолында.

Бұл жерде келесі бір маңызды жайтты атап өткім келеді. Әлем бойынша мұндай елдімекен аймақтарындағы жолдар арнайы қоршау, торлармен қоршалады. Біздің жолдарда да ондай қоршаулар бар. Бірақ өкінішке қарай оларды көп жағдайда жергілікті халық ұрлап кетеді.

Мәселенің екінші ұшы – ол жауапкершілік. Малдың қатысуымен болған оқиғаларда жауапкершілік толығымен оның иесіне жүктеледі. Жол қозғалысына жауапты мамандар мал иелерімен қоғамдық тыңдау өткізіп, онда ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Биылғы жылы біз тіпті республикалық акция ұйымдастырып, оның аясында мал иелеріне түсіндіру жұмыстарынан басқа, жануарлар түнгі уақытта жолға шыққан жағдайда, көлік иелері оларды көріп, уақытында тежеуішті баса алатындай, жарық шағылыстыратын таспалар мен бояуларды тараттық.

Бұған қоса кейде тас жолда осындай оқиға орын алса, үй жануарында сәйкестендіру белгісі болмай қалады, салдарынан мал иесін табу мүмкін болмайды. Бұл да айтарлықтай мөлшерде қиындық тудырады.

Тығырықтан шығудың тек бір ғана жолы бар – ол бірлесе әрекет ету. Мекеме жұмысынан бөлек, халықтың бізге берер кері байланысы да өте маңызды. Сонда көптеген мәселе өздігімен-ақ шешілетін еді.

Осы орайда, біз әрқашан ұсыныстарға және пайдаланушылармен кері байланыс орнатуға ашық екенімізді айтқым келеді. Бұл жұмыстарды біз әлеуметтік желілер арқылы жүзеге асырамыз. Ол үшін бізді Instagram, Telegram, Twitter және Facebook желілерінен @qazaqavtojol ресми атымен табуға болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1971870-qazaqavtozol-bassysy-otandyq-zoldardyn-maseleleri-men-olardy-paidalanudyn-qyr-syryna-toqtaldy/

pixel