Қазақстандағы референдумдар: қашан және қалай өткен

Опубликовано:

Референдум өткізу
Көрнекі фото: KAZ.NUR.KZ/Владимир Третьяков

5 маусым еліміздің Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша референдум өтетін күн болып белгіленді. Референдум - мемлекет үшін аса маңызды мәселенің шешімі бойынша ел тұрғындарының дауыс беруі. KAZ.NUR.KZ тілшісі осы орайда Қазақстанда бұған дейін болған референдумдарды еске түсіріп көрді.

Референдум дегеніміз не?

Референдум — бұл жалпыхалықтық дауыс беру. Онда мемлекеттің болашағына байланысты маңызды мәселелердің шешімі шығарылады. Әдетте референдумның күн тәртібіне "иә", "жоқ" немесе "келісемін", "келіспеймін" деп жауап беруге болатын сұрақтар енгізіледі.

Референдумды маңызды заң жобасын қабылдауда, сондай-ақ Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет болған кезде өткізеді.

Қазақстанда референдум қалай өткізіледі

Елімізде "Республикалық референдум туралы" Конституциялық заң бар. Бұл құжатқа сәйкес, республикалық референдумға мемлекет үшін маңызды Конституциялық жобалар, заңдар мен шешімдер бойынша халықтың дауыс беруі деген анықтама берілген. Референдумды өткізу құқығы мемлекет басшысына беріледі.

Референдум ел аумағын түгел қамтиды. Азаматтар оған ерікті түрде қатысады. Қатысушылардың жасы 18-ден жоғары болуы тиіс. Референдумға сот шешімі бойынша іс-әрекетке қабілетсіз деп танылғандар, сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырғандар қатысуға құқылы емес. Қазақстанның басқа азаматтарының референдумға қатысу құқығын кез келген тікелей немесе жанама түрде шектеуге жол берілмейді және ол заңмен жазаланады. Референдум ашық және жария түрде өткізіледі. Референдум өткізу туралы шешім және оған қойылған мәселелер бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қазақстандықтардың назарына жеткізіледі. Референдумның қалай өтіп жатқанын Орталық референдум комиссиясы белгілеп берген тәртіппен қазақстандық қоғамдық бірлестіктер, шетелдік бақылаушылар, халықаралық ұйым өкілдері бақылай алады. БАҚ референдумға дайындық пен оны өткізу барысынан хабар тарата алады, БАҚ өкілдеріне референдум өткізілетін орындарға кіруге кепілдік берілген.

Белгіленген күні азаматтар өз учаскесіне барып, бюллетень толтырады. Егер референдумда бірнеше сұрақ көтерілсе, оның әрқайсысы әр түспен ажыратылуы тиіс. Дауыс беру бюллетеньдері қазақ және орыс тілдерінде, сондай-ақ тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында тығыз тұратын халықтың көпшілігінің тілінде басылып шығарылады. Референдум қорытындысы Орталық референдум комиссиясының отырысында шығарылады.

Референдумда қабылданған Конституция, конституциялық заң немесе басқа заңдар референдум қорытындылары туралы ресми хабарлама жарияланған күні күшіне енеді.

Қазақстанда бұған дейін қандай референдумдар өтті

Тәуелсіз Қазақстанда алғашқы референдум 1995 жылы 29 сәуірде өткізілді. Қазақстан президентінің өкілеттілігін ұзарту бойынша республикалық референдум жарияланған күннен бастап күшіне енетін президент жарлығы негізінде өткізілген. Референдумның күн тәртібіне "Сіз 1991 жылы 1 желтоқсанда жалпыхалықтық сайлауда сайланған Қазақстан республикасының президенті Н.Ә.Назарбаевтың өкілеттігін 2000 жылдың 1 желтоқсанына дейін ұзартуға келісесіз бе?" деген жалғыз сұрақ қойылды.

Оның нәтижесінде Н.Ә.Назарбаевтың президенттік өкілеттілігі 2000 жылға дейін ұзарды. Дауыс берушілердің 95,46 пайызы қолдаған. Бұл референдумға қазақстандықтардың 91,21 пайызы қатысқан.

Келесі референдум да сол жылы, 1995 жылдың 30 тамызында болып өтті. Онда: "1995 жылы 1 тамызда баспасөзде жобасы жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?" деген сұрақ қойылды. Жаңа Конституцияны дауыс берушілердің 90 пайызы қолдаған. Сол жылдан бастап елімізде 30 тамыз Конституция күні болып белгіленді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1972357-qazaqstandagy-referendumdar-qasan-zane-qalai-otken/

jitsu gif