Экзитпол: Қазақстан азаматтарының 76,7% ел Конституциясына түзетулерді қолдады
Жарияланған күні:
5 маусымда, референдум күні NUR.KZ ақпараттық агенттігінің тапсырысы бойынша Кешенді әлеуметтік зерттеулер институты ел азаматтары арасында сайлау учаскелерінен шығу кезінде сауалнама жүргізді. Сауалнама нәтижесі бойынша Конституцияға түзетулерді "қолдағандардың" үлесі – 76,7 пайыз.
Сауалнама бүкіл ел ауқымында 315 учаскеде, облыс орталықтарында, республикалық, облыстық, аудандық маңызы бар қалаларда және ауылдық елдімекендерде үздіксіз ағын әдістемесі бойынша жеке сұхбаттасу әдісімен жүргізілді.
350 мыңға жуық сайлаушы қамтылды, 1460 интервьюер тартылды.
Экзитполл нәтижелері:
Конституцияға түзетулерді "қолдағандар" – 76,7 пайыз.
"Қарсы" дауыс бергендер - 23,3 пайыз.
Зерттеу деректері бойынша сайлаушылардың қатысуы 67,5 пайызды құрады. Нәтижелердің қателігі ± 1,5 пайыз.
Еске салсақ, астана уақытымен сағат 21.00-де еліміздің барлық өңіріндегі референдум учаскелерінде дауыс беру аяқталған болатын.
Бұған дейін еліміздің 12 өңіріндегі 8 089 және 10 шет мемлекеттегі Қазақстан елшіліктері жанынан ашылған 12 референдум учаскесінде жұмыс аяқталып, комиссия мүшелері дауыс санауға кіріскен еді.
Ал сағат 21.00-де Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Қызылорда облыстарындағы 1 858 учаскеде өңір тұрғындары дауыс беріп болды.
Сонымен қатар шет елдердегі 5 учаске де жұмысын тоқтатты. Оның барлығында комиссия мүшелері дауыс санауға кіріскен болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1972673-socis-a-ekzit-poly-qazaqstan-azamattarynyn-767-el-konstituciyasyna-tuzetulerdi-qoldady/