Елімізде өткен референдумның қорытындысы жарияланды
Опубликовано:

Бүгін, 7 маусымда Орталық референдум комиссиясы Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша осы жексенбіде Қазақстанда өткен республикалық референдумның қорытындысын жариялады, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
ОРК дерегінше, референдумға дауыс беруге 7 985 769 қазақстандық қатысқан. Азаматтар келесідей дауыс берген:
- 77,18 пайызы немесе 6,1 млн адам енгізілетін түзетулерді қолдаған;
- 18,66 пайызы немесе 1,4 млн сайлаушы қарсы дауыс берген;
- 1,58 пайызы немесе 125 859 азамат екі нұсқаны да таңдаған;
- бюллетеньдердің 2,58 пайызы немесе 205 924-і жарамсыз деп танылған.
Референдумға сайлау құқығына ие халықтың 68,05 пайызы қатысқан.
"Осылайша, "Республикалық референдум туралы" Конституциялық заңның 31 және 34-баптары негізінде еліміздің негізгі заңына ұсынылып отырған өзгерістер қабылданды деп есептеледі", - деді ОРК басшысы Нұрлан Әбдіров.
Оның сөзінше, Конституцияға референдумда қабылданған өзгертулер мен толықтырулар референдум қорытындысы туралы ресми мәлімет жарияланған күннен бастап күшiне енедi.
Еске сала кетейік, кеше мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде 5 маусымда өткен референдумның қорытындысы бойынша Қазақстан халқына үндеу жасаған болатын.
Өз үндеуінде президент дауыс беру барысы демократия талаптарына сай өткенін, ешқандай мәжбүрлік болмағанын айтқан еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1972973-elimizde-otken-referendumnyn-qorytyndysy-zariyalandy/