Тоқаев: Халықтан ұрланған активтерді елге қайтарып, әділдік орнатуымыз керек

Опубликовано:

Қасым-Жомарт Тоқаев
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізді, деп хабарлайды Ақорда.

Мемлекет басшысы экономика саласын тәртіпке келтіріп, түсінікті әрі әділ ойын ережесін бекіту қажет деп санайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа Қазақстанда экономикалық дамудың басты қағидаты табыстың әділ бөлінуі және азаматтардың тұрмыс сапасын арттыру болуға тиіс екенін атап өтті.

"Жуырда менің Жарлығыммен экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы комиссия құрылды. Бұл комиссия заңсыз жылыстатылған қаражатты елге қайтарумен айналысады. Оның жұмысы ұдайы қоғам назарында болады. Халық бізден бос уәде емес, нақты нәтиже күтеді", – деді президент.

Халықтан ұрланған активтерді елге қайтарып, әділдік орнатуымыз керек
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы ведомствоаралық комиссияны белсенді әрі нәтижелі жұмыс істеуге шақырды.

"Комиссия жұмысының нәтижесі нақты әрі сапалы болуы керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, басты мақсат сотқа берілген қылмыстық істердің саны емес, экономиканы нақты сауықтыру.

Президент комиссияның қызметі жөнінде жұртшылыққа жүйелі түрде хабар таратып отыруды тапсырды.

"Біздің мақсатымыз – айқын. Халықтан ұрланған активтерді елге қайтарып, әділдік орнатуымыз керек. Қазір, ең бастысы, жұмысты тиімді ұйымдастыру қажет. Комиссия мүшелері осы міндетті абыроймен атқарады деп сенемін. Президент Әкімшілігі барлық жұмысты бақылауда ұстайды", – деді мемлекет басшысы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1973570-toqaev-xalyq-bizden-bos-uade-emes-naqty-natize-kutedi/

jitsu gif