Тоқаев мемлекеттік кеңесшінің мәртебесі туралы жарлыққа қол қойды
Жарияланған күні:

Мемлекет басшысы мемлекеттік кеңесшінің мәртебесі мен өкілеттіктері, президенттің кейбір жарлықтарына өзгерістер енгізу және оның кейбір жарлықтарын күші жойылды деп тану туралы жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Ақорда.
Президент жарлығына сәйкес:
- Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі (бұдан әрі – Мемлекеттік кеңесші) Қазақстан Республикасының Президенті лауазымға тағайындайтын және лауазымнан босататын Қазақстан Республикасының лауазымды адамы болып табылады.
- Мемлекеттік кеңесші өзінің қызметін Қазақстан Республикасы Президентінің тікелей басшылығымен жүзеге асырады, оған есеп береді және бақылауында болады.
- Мемлекеттік кеңесші қызметінің құқықтық негізін Қазақстан Республикасының Конституциясы, заңдары, осы Жарлық және Қазақстан Республикасы Президентінің өзге де актілері құрайды.
- Мемлекеттік кеңесші мынадай өкілеттіктерді жүзеге асырады:
- Қазақстан Республикасының Президентіне ішкі саясат саласы бойынша стратегиялық ұсыныстарды тұжырымдайды;
- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкесҚазақстан Республикасының Парламентімен және оның Палаталарымен, басқа да мемлекеттік органдармен, саяси партиялармен және қоғамдық бірлестіктермен қарым-қатынастарда, халықаралық қарым-қатынастарда өкілдік етеді;
- мыналарды:
- әлеуметтік-гуманитарлық сала: білім, ғылым, мәдениет және спорт мәселелері бойынша қызметті үйлестіреді;
- Мемлекет басшысының жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның; Мемлекеттік наградалар жөніндегі комиссияның; Азаматтық мәселелері жөніндегі комиссияның; Мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы жөніндегі республикалық комиссияның; Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның; Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссияның; Қазақстан Республикасының Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссияның; Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның; Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның; Ұлттық құрылтайдың және Жастар саясаты жөніндегі кеңестің қызметін үйлестіреді;
- Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының қызметіне жетекшілік етеді, қоғамдық даму саласындағы мемлекеттік талдамалық құрылымдардың жұмысын үйлестіреді;
- "Тәуелсіздік ұрпақтары" грантын тағайындау жөніндегі жұмысты үйлестіреді;
- Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмаларына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Осы Жарлықта белгіленген өкілеттіктерді іске асыру мақсатында мемлекеттік кеңесші:
- өкімдер шығаруға;
- өзінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдарға тапсырмалар беруге;
- Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Мемлекет басшысының жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың отырыстарына қатысуға;
- өзінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардан қажетті ақпаратты, құжаттар мен басқа да материалдарды сұратуға және алуға;
- өзінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының Президенті актілерінің жобаларын әзірлеу, сондай-ақ Мемлекет басшысы алға қойған өзге де міндеттерді шешу үшін ведомствоаралық жұмыс топтарын құруға құқылы.
Мемлекеттік кеңесшінің қызметін ұйымдық-құқықтық, ақпараттық-талдамалық және өзгедей қамтамасыз етуді Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі жүзеге асырады.
Сонымен қатар мемлекет басшысының жарлығымен:
- Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына енгізілетін өзгерістер бекітілсін.
- Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі, Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы осы Жарлықтан туындайтын шараларды белгіленген тәртіппен қабылдасын.
- Осы Жарлыққа қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарының күші жойылды деп танылсын.
Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1974084-toqaev-memlekettik-xatsynyn-martebesi-turaly-zarlyqqa-qol-qoidy/