Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тоқаев: Жаңа Қазақстан бір күнде немесе бір жылда құрылмайтыны анық

Опубликовано:

Қасым-Жомарт Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында Жаңа Қазақстан құру - бүкіл қоғамды өзгертетін күрделі үдеріс екенін айтты. Бұл туралы Ақорда Тelegram арнасында хабарлады.

"Жаңа Қазақстан бір күнде немесе бір жылда құрылмайтыны анық. Бұл – бүкіл қоғамды өзгертетін күрделі әрі ұзақ үдеріс. Мұны жүзеге асыру үшін бір ғана билік әрекет етсе, бұл, әрине, жеткіліксіз. Бүкіл ел болып жұмылсақ, көздеген мақсатымызға жетеміз. Сол себепті, мен Жолдауымда Ұлттық құрылтай шақыру туралы бастама көтердім.

Құрылтай шақыру ертеден келе жатқан ата дәстүріміз екенін жақсы білесіздер. Бабаларымыз маңызды мәселелерді осындай алқалы жиында талқылаған. Халық өзара ақылдаса отырып, бір тоқтамға келген. Мұндай шешімдер бүкіл елді біріктірген.

Төл тарихымызда ұлт тағдырын шешкен құрылтайлар болған. Оның көбі халқымыз үшін маңызды кезеңде өткізілген. Талас құрылтайынан кейін Алтын Орда дербес мемлекет болды. Қарақұм және Ордабасы құрылтайлары жұртымызды ел қорғауға ұйыстырды. Орынбордағы бірінші қазақ құрылтайында Алаш партиясы құрылды. Екінші құрылтайда Алаш автономиясы жарияланды", - деді президент.

Сонымен қатар мемлекет басшысы Ұлытау облысының құрылуына қатысты тоқтаталып өтті.

"Менің Жарлығыммен бұл өңірде жаңа облыс құрылғанын білесіздер. Қасиетті өлкенің атауын жаңғыртып, оны Ұлытау деп атадық. Дербес облыс мәртебесі осы аймақты тың серпінмен дамытуға мүмкіндік береді. Жұмыс орындары ашылып, халықтың әл-ауқаты жақсара түседі деп ойлаймын. Жаңа нысандар, солардың ішінде әлеуметтік кешендер бой көтереді, туристік әлеуеті артады.

Облыстың алғашқы қадамы алқалы жиыннан басталуда. Ұлт ұясы – Ұлытаудың ғасырлар бойғы ұлы миссиясы қайта жалғасын тапты", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1974400-toqaev-zana-qazaqstan-bir-kunde-nemese-bir-zylda-qurylmaityny-anyq/

pixel