Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстан Латын әліпбиіне қашан ауысады: Тоқаев көпті мазалаған сұраққа жауап берді

Опубликовано:

компьютер
Көрнекі фото: pixabay.com

Ұлытау облысында өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан Латын әліпбиіне қашан ауысады" деген сауалға жауап берді, деп хабарлайды Ақорда Telegram арнасында.

"Тілге байланысты тағы бір маңызды мәселе. Бұл – латын әліпбиіне көшу туралы.

Кейбір қоғам өкілдері біз әлі күнге дейін кириллицадан арыла алмай жатырмыз деп, алаңдаушылық білдіруде. Бірақ, ең алдымен, бұл лингвистикалық тұрғыдан өте күрделі мәселе. Осыны жақсы түсінген жөн.

Бұған дейін біз 2 рет латын графикасына көшуге тырыстық. Алайда, соңы сәтті болған жоқ. Сондықтан, бұл мәселеге жан-жақты, терең талдау жасап барып, түбегейлі шешім қабылдаған абзал. Кириллицадан латын әліпбиіне жасанды түрде, тек сәйкес әріптерді өзгерту арқылы көшуге болмайды. Әйтпесе, бұл үлкен қателікке апарып соғады.

Ең бастысы, азаматтар, әсіресе, жастарымыз қазақ тіліндегі барлық сөздердің латын графикасындағы жазылу тәртібін анық білуі керек. Яғни, тілімізге арналған орфографиялық қағидаларды қайта қараған жөн", - деді президент.

Мемлекет басшысы Тіл білімі институтына қазақ тілінің жаңа орфографиясы туралы арнайы еңбек әзірлеуді тапсырғанын жеткізді. Содан кейін ғана латын әліпбиіне ауысу жөнінде айтуға болады, дейді ол.

"Асығыстыққа жол бермеуіміз керек. Тіпті, көшедегі билбордтар мен министрліктердің атауына қарасақ та жеткілікті. Тіліміз бұрмаланып кетті. Ашығын айту керек, бұл қазақ тілінің табиғатына жат, тіпті, тілімізді мазақ қылу сияқты көрінеді. Мұндай үстірт жасалған тіл реформасының қажеті жоқ. Бізге нақты реформа керек", - деді президент.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1974430-qazaqstan-latyn-alipbiine-qasan-auysady-toqaev-kopti-mazalagan-suraqqa-zauap-berdi/

pixel