Тоқаев Иран президентімен шағын құрамда келіссөз жүргізді

Опубликовано:

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ибрахим Раиси
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тегеранға ресми сапары барысында Иран Ислам Республикасының президенті Ибрахим Раисимен шағын құрамда келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Ақорда.

Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен келуге шақырғаны үшін Ибрахим Раисиге ризашылығын білдірді.

"Ең алдымен, бізді ыстық ықыласпен қарсы алғандарыңыз үшін алғыс айтамын. Сіздің шақыруыңызды зор ризашылықпен қабылдадым. Президент ретінде Иран еліне алғаш рет келіп отырмын. Мен үшін бұл сапардың маңызы ерекше. Бүгінгі келіссөздеріміз екі елдің ынтымақтастығын дамытуға тың серпін береді деп сенемін. Қазақта "Көрші ақысы – тәңір хақысы" деген сөз бар. Біз – көршімен әрқашан тату болған елміз. Иран – Каспий жағасындағы жақын көршіміз, сенімді серіктесіміз", – дейді Қазақстан президенті.

Мемлекет басшысы елдеріміз арасында дипломатиялық қатынас орнағанына биыл 30 жыл толғанын атап өтті. Президенттің айтуынша, осы кезең ішінде ынтымағымыз артып, достығымыз нығая түсті.

"Жан-жақты байланысымыз қарқынды дамып келе жатыр. Бұған өзара сенімге негізделген саяси диалогтың арқасында қол жеткізіп отырмыз. Біздің үкіметаралық, парламентаралық және іскерлік кеңестеріміз бар. Сауда-экономикалық ынтымақтастығымыз кедергілерге қарамастан, жылдан-жылға артып келеді. Биылғы бірінші тоқсанда сауда-саттық 50 пайызға артты. Ендігі мақсат – осы қарқынды тоқтатпай, барынша көбейту. Оған біздің әлеуетіміз жетеді. Мен сіздің өзара серіктестікті дамытуға қосқан үлесіңізді жоғары бағалаймын. Қарым-қатынасымызды дамытуға бар күш-жігерімді жұмсауға әзірмін", – дейді мемлекет басшысы.

Қазақстан мен Иран президенттері шағын құрамда келіссөз жүргізді
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев осы сапарының аясында маңызды шешімін жариялауға ұйғарым жасағанын айтты.

"Біз Иран азаматтарының Қазақстанда 14 күн визасыз жүріп-тұруына рұқсат береміз. Бұл түрлі саладағы ынтымақтастықты нығайтуға септігін тигізеді. Сондай-ақ іскер топ өкілдерінің байланысын жандандырады. Барыс-келіске тың серпін беріп, туристердің көптеп келуіне ықпал етеді. Иран кәсіпкерлері осы жеңілдікті кеңінен қолданатынына сенімдімін", – дейді Қазақстан президенті.

Иран Ислам Республикасының президенті Ибрахим Раиси Қасым-Жомарт Тоқаевқа ілтипат көрсетіп, шақыруын қабыл алғаны үшін алғыс айтты.

"Біз алғаш рет Душанбе саммитінде кездескен едік. Сізбен екінші рет Тегеранда жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Сіздің президент ретінде келген бұл сапарыңыз екіжақты қарым-қатынастарымыздың дамуына тың серпін беретін ұлы бетбұрыс боларына сенімдімін", – дейді Ибрахим Раиси.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1974735-toqaev-iran-azamattarynyn-qazaqstanda-14-kun-vizasyz-zurip-turuyna-ruqsat-beremiz/

jitsu gif