Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тоқаев Алматы облысының жаңа әкіміне бірқатар міндет жүктеді

Опубликовано:

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Марат Сұлтанғазиев
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Марат Сұлтанғазиев. Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевті қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.

Өңір басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа облыстың қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен даму перспективалары жөнінде баяндады.

Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, қазіргі кезеңде облыстың экономикасында оң өзгерістер байқалады. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы саласының даму көрсеткіші – 102,8, өңдеу өнеркәсібінің өсімі – 105,2, сауда – 103, құрылыс –114,3 пайызға артқан. Облыс әкімдігі жыл соңына дейін осы қарқынды сақтап қалуға ниетті.

Сондай-ақ Марат Сұлтанғазиев мемлекет басшысына әкімшілік-аумақтық реформалардан кейінгі жаңа мүмкіндіктерді ескере отырып, Алматы облысы мен Қонаев қаласының әлеуметтік-экономикалық даму жоспарына өзгерістер енгізілетіні жөнінде ақпарат берді.

Әкімнің айтуынша, құрылыс, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, сауда және туризм сияқты экономиканың инвестициялық тартымды секторларына ерекше көңіл бөлінеді.

Марат Сұлтанғазиев Қасым-Жомарт Тоқаевқа облыс орталығын Қонаев қаласына көшіру жұмыстары жөнінде де баяндады.

Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар мен мемлекеттік мекеме қызметкерлері үшін қажетті жағдай жасауға бағытталған кешенді шаралар жөнінде айтты.

Кездесу барысында президент азаматтардың сенімін ақтау, сондай-ақ облыс тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту үшін нақты шаралар қабылдау маңызды екенін атап өтті.

Сонымен қатар мемлекет басшысы жаңа әкімге облыс тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына, үш ауысымдық мектептерге, ирригациялық жүйелерді жаңартуға, медицина және қоғамдық көлік мәселелерін шешуге қатысты бірқатар міндет жүктеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1975257-almaty-oblysynyn-zana-akimi-toqaevqa-onir-ortalygyn-qonaev-qalasyna-kosiru-zumystary-turaly-bayandady/

pixel