Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Сұрақтарға дайындалмай келеді": Депутаттар екі ай каникулға шығар алдында өткізілген жиында қандай сын айтылды

Опубликовано:

Депутат
Көрнекі фото: pexels.com

Парламент депутаттары 1 шілдеден бастап екі ай каникулға шықты. Кетер алдында мәжіліс пен сенат бірлескен жиын өткізіп, жылдық жұмысты қорытындылады. Олар үшін екінші сессия Конституцияға айтарлықтай өзгеріс енгізіп, тарихта қалғанымен ерекше, деп хабарлайды KTK телеарнасы.

Телеарна тілшісі мәлім еткендей, палаталардың бірлескен отырысына үкімет мүшелері де келген. Қос палатаны демалыстарына шығарып салуға жиналған атқарушы билік депутаттардың сынына қалған.

Осы ретте мәжіліс спикері Ерлан Қошанов үкімет жұмысына өз пікірін білдірген.

"Жүйелі кемшіліктердің бірі – дұрыс жоспарламау, заң жобаларының жеткілікті пысықталмауы және дайын болмауы. Үкіметтің көбінесе мерзім жақындаған кезде белсенділігі арта бастайды. Мұны, әдетте, жылдың немесе сессияның соңында байқауға болады", - дейді спикер.

Телеарнаның хабарлауынша, депутаттар үкіметтің жайбасарлығынан кейбір заң жобалары уақытылы қабылданбағанын айтқан. Мәселен, бала құқығы туралы заң жобасының жауабын 5 айға кешіктірген. Ұзақ уақыт қараған бұл құжат 2 жылдан кейін күшіне енген. Атқамінерлердің отырысқа келіп тұрып, жазбаша жауап береміз дейтіні де депутаттарды шаршатқан.

Бұған қатысты телеарна тілшісіне мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан пікір білдіріп, үкімет жұмысында депутаттардың көңілі толмайтын тұстарын тізіп айтқан.

"Мәжіліс жиынына сұрақтарға дайындалмай келеді. Сосын мемлекеттік тілде жауап беруде де шорқақ. Нақты қойылған мәселе төңірегінде көп жағдайда жазбаша түрде жауап беруге рұқсат сұрайды. Ондай болса, Үкімет міне тұр, парламент міне тұр, бір-бірімізге хат жазып отыра берейік. Ендеше жұмыс бітпейді ғой. Соған қатысты депутаттар тарапынан көңіл толмаушылық болған", - дейді депутат.

Депутаттар парламент палаталарының бірлескен отырысынан соң журналистердің жазғы каникулды қалай өткізетіні туралы сұрағына жауап берді.

Парламент мүшелері шетелде емес, елде демалуды жоспарлап отырғанын жеткізген.

Мәселен, сенат депутаты Ақмарал Әлназарова отандық шипажайлардың біріне баратынын айтады.

Ал мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев жазғы демалысын Алматыда тұратын ата-анасымен бірге өткізетінін, Түркістан облысындағы туған-туыстарына қыдырып баратынын айтқан.

"Үлкен жоспар жоқ. Алакөлге барып шомыламыз деп ойлап жатырмыз. Балқашқа баратын шығармыз осындағы. Кішкентайларымыз бар, олармен шетелге шығуға қорқамыз", - дейді ол.

Депутаттар демалысқа кетпес бұрын аймақтарды аралап, сайлаушылармен кездеседі. Шілдені соған арнап, тамызда демалмақ.

Дереккөз: КТК

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1976505-eki-aiga-kanikulga-syqqan-deputattar-qaida-demalatynyn-aitty/

pixel