Досаев президентке Алматының әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы есеп берді
Жарияланған күні:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевты қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.
Досаев президентке Алматы қаласының биылғы қаңтар-мамыр аралығындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы есеп берді.
Сондай-ақ қала әкімі экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз етуге қатысты президенттің тапсырмаларының орындалу барысы жөнінде баяндады.
Оның айтуынша, қысқа мерзімді экономикалық индикатор 107,6 пайызға дейін өскен, негізгі капиталдағы инвестициялардың өсімі 20,9 пайыздан асқан, сауда-саттық қалпына келтірілген, жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 19,5 пайызға артқан.
Ерболат Досаев мемлекет басшысына "Алматы қаласының 2025 жылға дейінгі даму жоспарының негізгі басымдықтары және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективалар" жобасын да ұсынды.
Одан бөлек қала басшысы президентке Абай даңғылының оңтүстігінде, таулы және тау бөктеріндегі аймақтарда 9 қабаттан биік ғимараттардың құрылысын жүргізуге тыйым салатын жаңа ережелердің қабылдануы, сондай-ақ инженерлік инфрақұрылымды жаңарту жоспары туралы да мәлімет берді.
Сонымен қатар Ерболат Досаев маңызды әлеуметтік мәселелерді шешуге, оның ішінде "Алматы жастары" бағдарламасы аясында жұмыс істейтін жастарға тұрғын үй сатып алуға, медициналық-әлеуметтік мекемелерде тамақтандыру сапасын арттыруға, сирек кездесетін ауруларды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге, балаларға арналған спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерін қаржыландыруға қаражат бөлінгенін жеткізді.
Кездесу соңында президент Алматы қаласын одан әрі дамыту және тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру жөнінде Ерболат Досаевқа бірқатар тапсырма берді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1976688-dosaev-prezidentke-almaty-qalasnyn-aleumettik-ekonomikalyq-zagdaiy-turaly-esep-berdi/