Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Марат Ахметжанов Тоқаевқа ішкі істер органдарының атқарған жұмыстары туралы баяндады

Опубликовано:

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Марат Ахметжанов
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Марат Ахметжанов. Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрі Марат Ахметжановты қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.

Марат Ахметжанов президентке еліміздегі криминогендік жағдай, ішкі істер органдарының биылғы бірінші жартыжылдықта атқарған жұмыстарының нәтижелері жөнінде мәлімет берді.

Сонымен қатар ол қылмыс деңгейінің айтарлықтай төмендегені туралы да баяндады.

ІІМ басшысының айтуынша, елімізде қарақшылық, бопсалау және мал ұрлығы фактілері азайған. Қоғамдық орындар мен көшелердегі қауіпсіздік деңгейі көтерілген.

Ахметжановтың сөзінше, қазір министрлік полиция тергеуінің видеоформатын енгізу мәселесін пысықтап жатыр. Сондай-ақ қылмыстық процесті цифрландыру ісі жалғасуда. Бүгінде барлық қылмыстық құқық бұзушылықтың 81,7 пайызы электрондық форматта тергелуде. 

Одан бөлек Марат Ахметжанов Қылмыстық процестің үш буынды моделін іске асыру аясында аса ауыр санаттағы 928 істі тергеп-тексеру жұмыстары аяқталып, сотқа жолданғанын атап өтті.

Мысалы, елордалық полицейлер компаниялардың бірінің директорына қатысты қылмыстық істі сотқа жолдаған. Ол Норвегия Корольдігіне жұмысқа орналастырамын деген желеумен Қазақстанның 123 азаматын алдап, 149 миллион теңгеден астам көлемде залал келтірген. Күдікті кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылған.

Сонымен бірге сегіз ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылған.

Министрдің айтуынша, қазіргі таңда ұйымдасқан қылмыстық топ құруға және оны басқаруға қатысты 16 қылмыстық іс тергеліп жатыр.

Ал есірткі қылмысына қарсы күрес аясында жыл басынан бері 1354 қылмыс анықталып, "Қара нарықтағы" құны шамамен 4,5 миллиард теңге болатын заңсыз айналымдағы 3,5 тонна есірткі тәркіленген.

Бұдан бөлек Марат Ахметжанов мемлекет басшысына Қоғамдық қауіпсіздікті халықпен бірлесіп қамтамасыз ету жөніндегі тұжырымдаманың негізгі ережелері туралы да мәлімдеді.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі істер органдарын цифрландыру, жол апаттарының алдын алу жұмыстарын жандандыру маңызды екенін атап өтті.

Сондай-ақ Ішкі істер министрлігіне еліміздегі қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті одан әрі қамтамасыз ету жөнінде бірқатар міндет жүктеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1978517-marat-axmetzanov-toqaevqa-iski-ister-organdarynyn-atqargan-zumystary-turaly-bayandady/

pixel